Наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Дәл осы күні шығыс халықтары жаңа жылды тойлайды. Көктемнің келіп, көктің бүр жарып, Жер ананың түрленуін қазақ та жаңа жылдың басы, жаңа өмірдің белгісі деп бағалаған. Ал осы жаңа жылды тек Ұлыстың ұлы күні ретінде атап өтпей, бірегей ұлт ретіндегі бет-бейнемізді айқындап, барымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеуге, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің құралына айналдыра алсақ ұтқанымыз. Мұның маңызына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша тоқталды. Ел басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жарыққа шыққан «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деп аталатын сұхбатта Президент ұлттың болмысын танып, салт-дәстүрін насихаттауда Наурыз мейрамының ролі зор екенін атап өтті.
«Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» — деген Мемлекет басшысының сөзі баршамызға ой салды. Расында, Ұлық мейрамымызды ұмытылып бара жатқан дәстүрімізді халыққа таныстырып, ұлттық салтымыз бен таным-түсінігімізді дәріптеудің құралына неге айналдырмасқа?
Бір қуанарлығы, Президент тапсырмасын басшылыққа ала отырып Наурызнама деген он күндік бағдарлама жасалып, оны жақында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері жұртшылыққа таныстырды. Наурызды атап өтудің он күндік кестесін жасаған министрлік ұлттық құндылықтарды насихаттаудың барлық мүмкіндіктерін назардан тыс қалдырмаған.
Айталық бағдарламаға сай Наурызнама 14 наурызда Көрісу күнінен, Амал мерекесінен бастау алады. Осы күні жаңа жылға аман-есен қадам жасадық, жаңа жасқа толдық деген ырыммен халық көрісіп, бір-біріне ізгі тілегін арнайды. Бұл күні жақсы тілек айтылып, азаматтар бір-бірінен кешірім сұрайды, айналасымен татуласып, ізгі лебізін жолдайды, бата беруден жарысады.
Ал 15 наурызда «Қайырымдылық күні» белгіленген. Сол арқылы халықты қайырымды болуға, айналасына көмек қолын созуға тәрбиелеу мақсат етіліп отыр. 16 наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» ретінде атап өтіліп, осы күн аясында қазақтың салт-дәстүрін, жоралғылары мен мәдени мұраларын жаңғыртуға жол ашылмақ. 17 наурыз – «Шаңырақ күнінде» отбасылық құндылықтар насихатталса, 18 наурыз – Ұлттық киім күнінде қазақтың жаппай өз киім үлгілерін киюіне басымдық беріліп, ұлттық киімдердің заманауи түрленген, соңғы сән үлгісіне сай өзгерген бейнесін көруге мүмкіндік туады.
19 наурыз – Жаңару күнінде қазақтың ұмытыла бастаған салт-дәстүрін таныстыруға көңіл бөлінсе, 20 наурыз – Ұлттық спорт күнінде тоғызқұмалақ, асық, теңге ілу, көкпар, аударыспақ, қыз қуу секілді ұлттық спорт ойындары ойналып, мерекенің сын-салтанаты артады.
21 наурыз – Ынтымақ күнінде халықтың ынтымағы мен бірлігін нығайтатын шаралар қолға алынса, 22 наурыз – Жыл басында бүкіл аймақ Ұлыстың ұлы күнін зор салтанатпен қарсы алады. Ал 23 наурыз – Тазару күнінде халық өз ауласынан бастап, айналасындағы көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартуға белсене кіріседі.
Міне, биылғы наурыз осындай ұлт үшін, ел болашағы үшін маңызды шаралармен кең көлемде атап өтілмек. Президент бастап, ел қоштаған Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде мерекелеуден сот ұжымдары да шет қалмайды.
Э.Акбаев,
Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы


