Мемлекетті мемлекетет етін заң десек, сол заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалап, әділдік принциптерін жүзеге асырушылардың алдында қоғамның және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қолсұғушылықтан қорғайтын орган – сот жүйесі тұрады. Баршамызға белгілі – сот мемлекетпен бірге пайда болады. Дегенмен сот билігі – мемлекет заңдарымен әрекет етін ұйым.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, бүгінгі күнге дейін Республикамыздың сот жүйесі де бірнеше даму кезеңдерінен өтті. Ұлт Жоспары аясында соттарды одан әрі жаңғыртудың маңызды құралы болып табылатын «Сот жүйесінің жеті түйіні» басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, нәтижесінде сот жұмысы жетілдіріліп, ол азаматтар үшін мейлінше ашық әрі қолжетімді бола түсті.Соңғы жылдарда электрондық сот төрелігіне ерекше назар аударылып, ол халық тарапынан оң бағасын алып та үлгерді.
Көп жағдайда әділдікке қол жеткізе алмай, соттан немесе құқық қорғау орындарынан көңілі қалғандар айтып жатады. Сондықтан халықтың соттарға деген сенімін арттыру, көпшіліктің көкейінде күмән қалдырмай сот орындарына құрметпен қарауға жеткізу бүгінгі күні сот жүйесінің басты мақсаты болып отыр.
Сәйкесінше соттардың қызметін жетілдіру, судьялардың тәуелсіздігін күшейту, саланы жаңғырту, судьялардың жұмысына халықтың сенімін арттыру бағытында заң жобалары да қабылдануда. Әрбір істің артында адам тағдыры тұрғанын анық сезіне білгендіктен судьялардың жүктемесін азайта отырып, әрбір іске олардың мұқият дайындалуын қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылды. Осының арқасында соңғы жылдары сот жүктемесін азайту, азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз ету бағытында көптеген кешенді жұмыстар жүзеге асты.
Шыны керек қарапайым халық көп жағдайда сот үкімімен келіспей, дау тудырып жатады. Өйткені сотқа қатысушы тараптардың барлығы заң тілін мұқият түсіне бермейді. Сондықтан көп жағдайда сот актісін түсінбегендіктен келіспей, шағымданып, сот жүктемесінің одан әрі артуына ықпал етіп жатады. Бірінші сатыдағы сот шешіміне қанағаттанбағандар келесі инстанцияға шағымданып, істі күрделендіріп жіберетін. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту аясында соңғы жылдары судьяларға сот актілерін түсіндіру талабы қойылды. Нәтижесінде бүгінгі күні халықтың сот шешімдеріне қатысты шағымы айтарлықтай азайып, бұл өзгерістің оң нәтиже бергенін байқап отырмыз. Жалпы халықтың сотқа деген сенімін арттыруға соңғы кездері цифрлы технологияның салаға көбірек енгізілуі де зор ықпал етті. Қазіргі таңда адам факторы азайып, көптеген жұмыстардың технология көмегімен автоматты түрде атқарылуы халықтың көңіліндегі көп күдігін сейілтті. Сондықтан саланы халыққа жақындататын, халық сенімін күшейтетін мұндай өзгерістердің көбірек енгізілуі сала жұмысына серпін бермек.
Маңғыстау облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының бас маман-
сот отырысының хатшысы
А.Е.Ахибаев


