Қашан да қылмыстың да әділ өтеуі жаза, қылмыскерді де тәубесіне түсіретін жаза. Жаза — сот үкімі бойынша қылмыс жасады деп танылған азаматтарға қатысты әр елдің Қылмыстық заңдарында көрсетілген баптарға сәйкес қолданылатын мәжбүрлеу шарасы. Кейбір жағдайларда жазаның тым жеңіл болғанына қатысты немесе жаза тым қатал болғанын айтып халық сот үкімін талқыға салып жатады. Алайда әрбір жазаның артында адам тағдыры тұрғандықтан, жаза тағайындағанда сот заң аясында үкім шығарады.
Осы орайда атап өтер жайт, әділ жаза сол қылмыстың азаюына ықпал етеді деп күтіледі. Елімізде жазалау тетігі Қазақстанның Қылмыстық кодексі мен өзге де құқықтық құжаттарда жан-жақты қарастырылған. Жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ, сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамның да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады. Жазалардың түрлерінің бірі — бас бостандығын шектеу жазасы.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі бойынша, жаза белгілеу кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамға қатер төндіру дәрежесі, айыпкердің жеке басы, оның мінез-құлқы, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі. Сондай-ақ, жазаның айыпты адамның түзелуіне және оның отбасы мен асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы да есепке алынады.
Қылмыс жасады деп танылған адамдарға мынадай негізгі жазалар қолданылады: айыппұл салу; белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру; қоғамдық жұмыстарға тарту; әскери қызмет бойынша шектеу; бас бостандығын шектеу; қамау; тәртіптік әскери бөлімде ұстау; бас бостандығынан айыру. Негізгі жазадан басқа мынадай қосымша жазалар бар: арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік марапаттарынан айыру; мүлкін тәркілеу т.б.
Бұрын қылмыс жасамаған азаматтарға жаза белгілеу кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлар ескеріледі. Ол мән-жайларға мыналар жатады: байқаусыз жеңіл қылмыс жасау; айыпкердің кәмелетке толмауы; айыпкердің жас балалары болуы; зардап шегушіге тікелей медициналық және өзге де көмек көрсетуі; қылмыспен келтірілген шығынды толтыруға көмектесуі; ауыр мән-жайлардың тоғысуынан; қылмыс жасауға жәбірленушінің заңға қайшы, адамгершілікке жатпайтын қылығының түрткі болуы; шын ниетпен өкіну, айыбын мойындап келу; қылмысты ашуға, қылмысқа басқа да қатысушыларды әшкерелеуге, қылмыс жасау арқылы қымқырылған мүлікті іздеуге көмектесу, т.б.
Сонымен бірге айыпкер үшін қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар да ескерілген. Оған мыналар жатады: бірнеше қылмыс жасау; қылмыс арқылы ауыр зардаптар келтіру; ұйымдасқан топтың құрамында қылмыс жасау; қылмыс жасағанда айрықша белсенді рөл атқару; жасы кәмелетке толмаған адамдарды қылмысқа тарту; аса қатыгездікпен жәбірленушіні қинап қылмыс жасау; қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар пайдаланып қылмыс жасау; адамның өзі қабылдаған антын немесе кәсіби антын бұза отырып қылмыс жасауы; өкімет өкілінің нысанды киімін немесе құжатын пайдаланып қылмыс жасау, т.б.
Жаза тағайындау кезінде қылмыстардың қайталануы, бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты және қоғамға қауіптілік дәрежесі, алдыңғы жазаның тәрбиелік ықпалының жеткіліксіздігіне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ, жаңадан жасалған қылмыстың сипаты ескеріледі. Егер айыпкер үкім шығарғаннан кейін, жазаны толық өтемей жатып жаңадан қылмыс жасаса, сот соңғы үкім бойынша тағайындаған жазаға алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толық немесе ішінара қосады. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде сот әрбір қылмыс үшін бөлек жаза тағайындап, түпкілікті жазаны тағайындалған жазалармен толық немесе ішінара біріктіру жолымен белгілейді.
Сембаев Данияр Казалиевич, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы