Елімізде балаларға қарсы жыныстық зорлық жасағандар қалған өмірін темір торда өткізуі мүмкін. Кәмелетке толмаған баланы өлтірген қылмыскерлер де олардың кебін киеді. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген қылмыскерлер 3 жылдан 8 жылға дейін, ал орташа зиян келтіргендер 2 жылға түрмеге қамалуы ғажап емес.
Жуырда Парламент Мәжілісінде тұсауы кесілген «Әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы» заң жобасында осындай талаптар көрініс тапқан. Құжат Парламент депутаты Жұлдыз Сүлейменова бастаған бір топ депутаттың ынтасымен дайындалды. Заң жобасы барлық азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған. Құжатты таныстырған Жұлдыз Сүлейменова оны жасауға негіз болған мәселелерге жан-жақты тоқталды. Депутаттың айтуынша, соңғы кездері тұрмыстық вандализм әлемдегі жаһандық мәселенің біріне айналды. БҰҰ мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Соған орай бұл дертпен күресу үшін әлемнің 155 елі заңдағы жазаны қатаңдатыпты. Балаларға және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықпен күрес қоғам үшін ортақ мәселе және ол кеше пайда болған жоқ. Әсіресе, 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа жаза декриминализацияланғаннан кейін бұл мәселе ушыға түсті. Осыған байланысты жаңа құжатта зорлық-зомбылыққа, адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар норма қарастырылған. Мәселен 2017 жылдан бері құқық бұзған азаматтар неке қарым-қатынасында болса, оларға ескерту жасалып, 15 АЕКке дейін айыппұл салынатын немесе 15 тәулікке дейін қамалатын. Енді бұл талап Қылмыстық кодекске ауысып, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру болып айқындалды.
Жұлдыз Досбергенқызының айтуынша, бұл әйел мен бала құқығын қорғаумен қатар, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірілген және соққыға тап болған барлық азаматтың құқығын қорғауға бағытталады. Негізгі мақсат – құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті күшейту. Сонымен қатар, азаптаушыларға қолданылатын жаза жаңа құрамда қарастырылды. Олар 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұған дейін отбасында ойран салатын азаматтың басқа тұрғын үйі болса, оның жәбірленушімен бір тұрғын үйде тұруына сот тыйым салып келді. Алайда бұл шара өзін ақтамады. Жаңа құжат бойынша зорлық-зомбылық құрбанын қорғау үшін сот ерекше жағдайда белгілі бір мерзімге отбасында қылмыс жасаған адамға бірге тұруға тыйым салу түріндегі шараны қолдана алады. Қылмыстық кодекске енген тағы бір жаңа бап қылмыс жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілейді. Оның негізінде, құқық бұзған азаматтарға жазаны күшейтумен қатар, сот керек деп таныған кезде медициналық ұйымдарда психологиялық көмек алу мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен қатар азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, уәкілетті органдар зорлық-зомбылық фактілері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар негізінде шара қолдануы мүмкін. Суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық кодексте жаңа 2 құрам бойынша норма енгізілді. Оның бірі суицидке итермелеу және екіншісі суицидті насихаттау фактісі. Бұл талаптар бірнеше жыл бұрын «Синий кит» секілді немесе әлеуметтік желіде үгіттелген челендждердің орын алуына жол бермеу үшін қарастырылыпты. Суицидке итермелегендер 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылып, оны насихаттағандар 200 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін. Заң жобасындағы тағы бір маңызды өлшем – дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау, құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекітуге бағытталды. Бұл орайда отбасы институтын нығайту жөніндегі нысаналы индикаторларды бекіту, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды және басқаларды анықтап, оларға қолдау көрсету қарастырылды. Интернаттық ұйымдарда тұратын балалардың құқығын қорғау да ұмыт қалмапты. Бұл орайда бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпей, барлық интернатта, кез келген уақытта мемлекеттік бақылау жүргізу ұсынылды. Сүлейменова ханымның айтуынша, мониторинг және алдын ала араласу, ескертусіз тексеру жүйесін енгізу балалар құқығын бұзу дерегін дер кезінде анықтауға және уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құжат бойынша білім беру-сауықтыру қызметін көрсететін ұйымдарды, яғни лагерлерді міндетті лицензиялау ұсынылды. Заң жобасында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорғау мақсатындағы шаралар кешені де көзделді. «Балалар құқығын қорғауда жазалау шарасын қатаңдатумен қатар, қоғамның жаңа моральдық және этикалық қағидаттарын терең сіңіру қажет деп білеміз. Құқық бұзушылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және дамытуды мектептегі тәрбие және білім беру бағдарламасына енгізу шарт» деді Жұлдыз Досбергенқызы. Оның айтуынша, бұл заң жобасын қабылдау әділ және құқықтық қоғам құру жолындағы маңызды қадам.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»