Туындаған дауды шешудің ең жақсы тәсілі-даудан жалтару екені белгілі. Мемлекетіміз азаматтардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, дауды шешудің баламалы тәсілдерін заңнамалық деңгейде бекітті, соның бірі медиация болып табылады. Осылайша, 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы » Қазақстан Республикасының заңы қабылданды және 2011 жылы 5 тамызда қолданысқы енгізілді. Оның мақсаты-сот жүйесіне ауыртпалықты кеміту. Медиация-тараптардың дауды өзара келісіп шешетін шара. Қазақ халқы үшін бітімгершілік-билік айудың ең озық өнегесі. Медиация-тараптардың ерікті келісімі. Олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі, яғни медиация-үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі, оны тараптардың өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылыған сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Медиацияның соттан ең басты айырмашылығы-медиацияда ұтқан, ұтылған деген тарап жоқ, себебі олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келуі керек. Сот ісін ашу үшін бір тараптың арызы жеткілікті, ал медиацияға қос тарап келісіп барады. Сотта даудың жүру ұзақтығы сотқа байланысты болса, медиацияда тек қана тараптарға байланысты болады. Олар тіпті бір күннің ішінде мәмілеге келе алады. Қоғамдық медиатордың рөлін судья немесе қырық жасқа толған азамат атқара алады және қызметі ақысыз. Барлық медиатор арнайы медиаторлардың тізімінде тіркелуі қажет. Дауды шешу үшін делдалдарға жүгіну соңғы уақытта ойлап табылған құбылыс емес, мұның тарихи және мәдени түп-тамыры тереңде жатыр. Зерттеушілердің болжауынша, дауды мұндай тәсілмен реттеу мемлекеттік сот төрелігіне әкелді және қоғаммен бірге болды, онда әлеуметтік жанжалдарды қоғамның беделдірек мүшелері шешіп отырған.
Қазақ даласында болған билер институты да татуласу рәсімдерін өткізудің айқын мысалы болып табылады, себебі ең басты мақсат дауласқан тараптарды татуластыру және залалдың орныны толтыру болды.
Медиация дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде оң натижесін көрсетіп келеді. Алайда, халықтың еліміздегі медиаторлары туралы хабары аз. Медиацияның мақсаттары-дауды шешудің медияцияның екі тарапында қанағттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Сотқа жүгінуші азаматтардың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады.
Сот тәртібінде қаралатын даулардың санын қысқартып, оларды шешудің баламалы тәсілін қолдану, оның ішінде бітімгершілік рәсімдері ретінде медиация әдісін қолдану-адам құқықтарының әділ сақталуының кепілі деуге болады.
Дана халқымыз айтқандай «Дау мұраты-бітім». Қазақ халқы үшін бітімгершілік-билік айтудың төреліктің ең биік шыңы. Тоқсан елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып, отырған, дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт. Қорытындылай келе, біздің елімізде медиацияның дамуы-бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына кіру жолындағы негізгі қадамдардың бірі екендігін жеткізе отырып медиация рәсімін, татуластыру рәсімін кеңінен насихаттап қолдануға шақырамын.
Еліміздің әрбір азаматы саналы әрі өркениетті түрде заңмен берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, сол арқылы қоғамдағы даукестікті азайтуға атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу
сотының судьясы Т.И.Тілеп