Тәуелсіздік жылдарында елімізде сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысқан Мұсабек Әлімбековтің ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге. Жалпы, Мұсабек Тұрғынбекұлының ақ жарқын мінезі мен қарапайымдылығы, мейірімділігі мен ұстамдылығы оның қоғамдағы беделін арттыра түскені айдан анық. Елге белгілі азаматтың албырт жастарды демеп жіберіп, қолдауға деген ынтызарлығы — атақ-абыройға иілмейтін, жағымпаздық пен жалтақтыққа бүгілмейтін болмыс-бітімінің айқын көрінісі.
1954 жылдың 4-қаңтарында мерейлі Меркі ауданына қарасты Ворошилов ауылында дүниеге келген ол бала күнінен бастап еңбекпен есейді. Аядай ғана ауылдағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, сол кездегі өз замандастары секілді колхозда қарапайым жұмысшы боп еңбек етті. Кейіннен советтік Қызыл әскер қатарында азаматтық борышын өтеп, аман-есен елге оралады. Осылайша, 1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады.
М.Әлімбеков кәсіби еңбек жолын Жамбыл облыстық сотында тағылымдаман өтуші ретінде бастаған. 1982 жылдан 1996 жылға дейін Жамбыл қаласының орталық ауданының судьясы, Жамбыл облыстық сотының мүшесі болып қызмет істеген. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық соты төрағасының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып, Жамбыл облысының әділет басқармасына басшы болды.
Кеңес дәуірінде-ақ кеңінен көсіліп, отандық сот жүйесінің дамуына сүбелі үлес қосқан Мұсабек Тұрғынбекұлы бұдан кейінгі жылдары да білгенінен жаңылған жоқ. 1996 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы ретінде қызметіне кіріскен кейіпкеріміз араға үш жыл салып туған өлкесіне қайта оралады. Мұнда да облыстық соттың төрағасы болып тағайындалып, үш жылдан кейін дәл осындай қызметпен Алматы қаласына ауысады.
Шын мәнінде, тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы он жылдық мемлекетіміз үшін оңайға соққан жоқ. Ол шақ қалың қазақтың етек-жеңін енді жинап, жан-жағына сілкіне қарай бастаған кезеңі еді. Бұл жылдары қоғамдағы қауіпсіздік мәселесі күн өткен сайын күрделеніп барып, күре жолға түсті. Ол кезде бүгінгідей қаптаған заңгерлер жоқ. Десе де, сондай қиын шақта Мұсабек Әлімбековтей қазақтың рухты ұл-қыздары еліміздің сот жүйесін дамытуға, бұл саладағы реформалардың лайықты жүзеге асуына қанатымен су сепкен қарлығаштай өз үлестерін қосты. Бел жазбай қызмет етіп, ел үшін тер төккен Мұсабектей азаматтың уақыт өте мерейі көтерілді. Дәлірек айтқанда, ол 2006-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы болып тағайыдалып, Жоғарғы Сот Төрағасы, судья лауазымдарын атқарды. Ал, 2011 жылдың желтоқсан айынан бастап Евразиялық экономикалық қауымдастық Сотының Қазақстан Республикасы атынан судьясы болса, кейін Сот Төрағасының орынбасары болып сайланған. Сондай-ақ, 2013 жылдың желтоқсан айында Евразиялық экономикалық қауымдастық Сотының Төрағасы болады. Бұдан бөлек, 2014 жылы ел Президентінің Жарлығына сәйкес, Қарағанды облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды.
Мемлекетіміздің гүлденуіне зор үлесін қосып, бүгінде ел мақтанышына айналған М.Әлімбеков марапаттан да кенде болған емес. Қандай да бір шешім қабылдарда шындықты тайсалмай айтатын әділдігі, «тура биде туған жоқ» дейтін турашылдығының нәтижесінде оны мақтау мен марапаттың өзі іздеп тапты. Солардың ішінде шоқтығы биігі — Қазақстан Республикасының «Парасат» Ордені. Еліміздегі сот жүйесі мен құқықтық білімнің тәжірибелі маманы, қайраткер тұлға бұл орденді кеудесіне таққанда да базбіреулер секілді кекірейген жоқ. Керісінше, осынау марапат оның жігерін жанып, еліміздегі құқықтық реформаларды іске асыруға, жаңа заңдардың қабылдануына өз үлесін қосу үшін қанаттандырды. Сөйтіп, сот саласында іргелі зерттеулер мен тың әдістемелерді енгізуге күш салды. Ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, заң-құқық саласында мазмұнды еңбектер жазуға белсене кірісті. Бүгінде М.Әлімбековтің тәрбиесін алып, тәлімін көрген шәкірттері тек елімізде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде заң-құқық саласында жемісті еңбек етуде.
Қорыта айтқанда, Мұсабек Тұрғынбекұлы ақиқаттың жолында батыл да батыр өмір сүрсе, қарапайымдылықтың қасында мейірімді, мінезі жібектей күн кешті. Заң-құқық саласының жан беріп, жан алысқан жұмысында адамгершіліктен аттамады. Әділдік іздеп келген талай жанның жабырқау көңіл күйін көтеріп, белсене өмір сүруге деген ынтасын оята білді. Бұл – оның тұлғалық бітімі болар, сірә. Енді бүгін жетіліп, пісіп, мерейлі 70 жасқа толған Мұсабек Әлімбековті бергенінен әлі де берері көп азамат деп білеміз. Бастысы, күрескер қария қара орман халқының ортасында әрдайым аман-сау отырып, төрт құбыласы тең болсын деп тілейміз.
Ізгі ниетпен: Жамбыл облыстық сотының ұжымы