Бүгін Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында 2023 жылғы сот жұмысының қорытындысы бойынша брифинг өткізді.
Оған Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасарлары Е.Бөрібаев, М.Асанова және Қызылорда қалалық соты әкімшісінің басшысы Н.Дүйсенова қатысты.
Брифинг барысында департамент басшысының орынбасары Е.Бөрібаев сот жұмысын ұйымдастыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, департаменттің негізгі қызметі – жұмысты жоспарлау, статистикалық деректердің, істердің жай-күйін талдау және болжау, бастысы нәтижелі қол жеткізу және басым міндеттерін шешу екенін, сот істері мен арыздардың тіркеуінен бастап, орындауға жолдап, мұрағатқа өткізуге дейінгі жұмыстардың барлығы департаменттің еншісінде екенін атап өтіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Келесі болып сөз алған басшы орынбасары М.Асанова сот қызметін қамтамасыз ету бағытында атқарылған шаралар және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларының сақталуы, әдеп жөніндегі уәкілдің жұмысы бойынша баяндама жасап, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру бағытында мемлекеттік қызметшілердің арасындағы қоғамдық, спорттық шаралар жиі өткізіліп тұратынына тоқталды.
Қызылорда қалалық соты әкімшісінің басшысы Н.Дүйсенова «Сот кабинеті» электронды сервисінің сотқа жүгінушілер мен тараптарға өте қолайлы екенін, аталған сервисті пайдалану үшін электронды цифрлық қолтаңба болу керектігін, сол арқылы кез келген жерде жүріп, сот жүйесіне қатысты құжаттар жолдау, істерді қарау кестелері, сот ісін іздеу, мобильді бейнеконференция және бірнеше қызмет түрлерін емін-еркін пайдалануға болатынын атап өтті.
Конференция соңында Департамент басшысының орынбасарлары Е.Бөрібаев, М.Асанова және Қызылорда қалалық соты әкімшісінің басшысы Н.Дүйсенова БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі


