Неке дегеніміз – кәмелетке толған ер жеткен азамат пен бойжеткен қыздың, сондай-ақ ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынастың заң жүзінде бекітілуін айтады.
Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексіне (әрі қарай – Кодекс) сәйкес, неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ. Сондай-ақ, неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
Жалпы, отбасы әр адамның өмірінде, қоғам мен мемлекетте ерекше маңызды орын алатыны бәріміз білеміз. Өйткені отбасы әр адамзат үшін махаббат пен қолдауды білдіреді. Отбасының мықты, әрі берік болуы ер мен әйелге байланысты, ал отбасы өз кезегінде қоғамның дамуына, оның тұрақты болуына өз үлесін қосады.
Отбасының ең маңызды қызметінің бірі – балаға дұрыс тәрбие беру, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайтыны анық. Оның негізгісі — балаға әлеуметтік –мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың дұрыс тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – әкесі мен анасының ең маңызды міндеті болып табылады. Тіпті әке мен ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру қағидаттары, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бала үшін үлкен өнеге.
Өкінішке орай, қазіргі таңда тұрмыс құрған жастардың ажырасуға деген бейімділігін байқауға болады. Мысалы, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2023 жылы қыркүйек айынан бастап қазіргі таңға деінгі аралығында неке бұзуға 504 талап арыз түскен. Бұл көрсеткіш, әрине, өте жағымсыз.
Осыған байланысты, яғни ерлі-зайыптылар арасында неке бұзу фактілерінің орын алу саны азаймауына байланысты, қазіргі таңда тараптардың арасында татуластыру рәсімдерін тұрақты түрде жүргізу мақсатында және бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін елімізде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен бірнеше жыл бұрын «Отбасылық сот» пилоттық жобасы енгізілген болатын. Яғни бұл жоба отбасы институтын жандандыру, отбасы құндылықтарын сақтау, жанұялық жарасымдылықты сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, кәмелетке толмаған балалардың толыққанды отбасымен тұру және тәрбиелену мүмкіншілігін арттыру мақсатында енгізілген.
Қазіргі таңда «Отбасылық сот» пилоттық жобасының шеңберінде соттарға психолог мамандары, медиаторлар, педагогтар тартылып өз жұмыстарын атқарып, нәтижелер беруде.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Тахмина Сәбитқызы Султанова