Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексіне сәйкес, соттың әрбiр шешiмi бойынша бiр атқару құжаты берiледi. Атқару құжаты өндіріп алушыға, яғни талап қоюшыға беріледі немесе оның арызы бойынша сот аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындау үшін жіберіледі.
Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының талаптарына сай, мәжбүрлеп орындатуға сот актiлерi негiзiнде берiлетiн сот бұйрықтары мен атқарушылық парақтар — үш жыл iшiнде беріледі. Демек, сот шешімі ерікті түрде жауапкер тарапынан орындалмаса, талап қоюшы 3 жыл ішінде мәжбүрлеп орындатуға арыздануы керек. Тәжірибемізде сот шешімі тиісті мерзім ішінде мәжбүрлеп орындауға жолданбай, мерзімді өткізіп алғаннан кейін сотқа атқару құжаты уақытында соттың тарапынан берілмеді, орындалмады деген желеумен арызданып, орындауға беру мерзiмін қалпына келтіруді сұраған жағдайлар орын алып жатады.
Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына сай, атқарушылық құжатты орындауға беруге арналған мерзiмдi өткiзiп алған өндiрiп алушы сот актiсiн шығарған сотқа немесе оның орындалатын орны бойынша сотқа өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiш жасауға құқылы.
Атқарушылық парағының, сот бұйрығының орындауға берiлген мерзiмін өткiзiп алу себептерiн сот дәлелдi деп таныған жағдайда мерзiм қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
Кейде атқару парағын жоғалтып алатын жағдайлар кездеседі. Бұл мәселе де заң шеңберінде реттелген. Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес, атқару парағының немесе сот бұйрығының төлнұсқасы жоғалған жағдайда шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот өндіріп алушының арызы немесе сот орындаушысының ұсынымы, әділет органының өтінішхаты бойынша атқару құжаттарының телнұсқаларын (дубликат) бере алады.
Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз атқару құжатын орындауға ұсыну үшін белгіленген мерзім өткенге дейін сотқа берілуі мүмкін.
Егер атқару құжаты орындау барысында жоғалған болса және бұл туралы өндіріп алушыға оны орындауға беру үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін белгілі болса, атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз атқару құжатының жоғалғаны туралы өндіріп алушыға белгілі болған күннен бастап бір ай ішінде сотқа берілуі мүмкін.
Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арызды қарау кезінде сот атқару құжатының жоғалғаны туралы дәлелдемелерді тексереді және зерттейді. Яғни, атқару құжатын жоғалтып алуды сот дәлелді деп танығанда ғана атқарушылық құжаттың телнұсқасы беріледі.
Қорыта айтқанда, заңды күшіне енген сот актілері, сот төрелігін жүргізу кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті. Сондай-ақ, соттың заңды күшіне енген шешімін орындамау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғатыны жоғарыда көрсетілген заңдармен реттелген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының әкімшісі
Бауыржан Боранбаев