Сыбайлас жемқорлық–заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып,бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді.Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу,қызметтік жалғандық жасау,көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытындысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау,осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе», деп атап өтті.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық ауқымдылығына ғана байланысты ерекшеленеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам, салауатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет. Еліміз елу елдің қатарына ену үшін аяқ басқанда айналамызды ашкөз алаяқтардан аластап, қоғамды тазарту – азаматтық міндетіміз.
Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндет атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді.
«Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барлық адамдардың заң мен сот алдында теңдігін сақтауды; мемлекеттік органдардың қызметін анық құқықтық регламенттеуді, мұндай қызметтің заңдылығы мен жариялылығын, оған мемлекеттік және қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуді; мемлекеттік аппараттың құрылымдарын, кадр жұмысын жеке және заңды тұлғалар құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мәселелерді шешу рәсімдерін жетілдіруді, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық ұйымдық‑басқару жүйелерін қорғаудың басымдығын қалыптастыруды мақсат етеді.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қатаң қадағалануда. Құқық қорғау органдары сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізуде. Өйткені «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» занның мәртебесін арттыру біздің мемлекеттік қызметшілердің, лауазымды адамдардың қолында.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ.
Қоғамда, мемлекетке ең қауіпті сыбайлас жемқорлық қылмыстың бірі-парақорлық. Өкінішке орай, осы қылмысты жасаудың қатарында үлкен қызметтегі лауазымды тұлғалар да жоқ емес.
Сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудырушылар заң бойынша жазаға тартылуы тиіс. Заңда көрсетілген лауазымды адамдардың басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметіне заңсыз араласуына және мүдделеріне, өздерінің қызметтік өкілеттігін пайдалануына, жоғарыда тұрған ресми адамдарға сыйлықтар тарту және қызметтен тыс қызмет көрсетуіне, қызметі мен жұмысы жөнінен жоғары немесе төмен тұрған не өздерімен өзге де түрде тәуелді лауазымды адамдармен немесе мүлік салынатын сипаттағы құмар ойындар ойнауға қатысуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебінен мемлекеттілік және шетелдік туристік, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдауға, өзге де мүліктер сатып алуда заңдарда көзделген артықшылықтарды пайдалануға тыйым салынып, кінәлі адамдар тиісінше тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ал, заңсыз алынған сыйақылар мемлекеттік бюджетке табыс етіледі. Мемлекеттік органдардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде шаралар қолданбағаны үшін оларға сот әкімшілік тәртіппен айыппұл салуға құқылы.
Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек.
Динара Серікболова,
Атырау облысының қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
соты әкімшісінің сот приставы


