Талдықорғанда тұрғын үйді жекешелендіруге қатысты мәселелерді осыдан бес-алты жыл бұрын қозғау мүмкін емес еді. Әкімдік құзырлы мекемеге жіберетін.Онда сеңдей соғылған ел, ұрыс-керіс бітпейтін. Бір ғимаратқа топтасқан, атаулары да ұқсас мекемелер басшыларымен тілдеспек түгілі түрлерін көре алмайтынсыз. Мамандары да жиі ауыстырылатын. Сөйтіп қоғамдық мәселенің шет-шегін таба алмай шаршап, үмітіңіз үзілетін. Қарапайым тұрғындардың сол үміті қала әкімі ауысып, құзырлы мекеме басшысы жаңадан тағайындалғанда жаңа қырынан шешіле бастады. Құзырлы мекеме басшысы қала әкіміне ел проблемасын шешу үшін халық үзілмейтін ғимарат кеңістігін дұрыстау керектігін айтадады. Орынды ұсыныс қанағаттандырылып, «Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі жаңа ғимаратқа көшіріледі. Мемлекеттік мекеме мұрағатын реттеуден басталған жұмыс, біртіндеп заңнама шеңберінде жалғасады. Кәсіби шеберлік сауаттылықпен сабақтасқан осы игілікті істі оқырманмен бөлісу мақсатында «Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айдос Жақыпбек мырзамен сұхбаттасқан едік.
— Айдос Молдашұлы, әуелгі кезекке сіз басқарып отырған мекеменің тұрғын үйді жекешелендіруге дейінгі мәселелері -мемлекеттік реестр және мұрағат саласы туралы айтып бересіз бе?
-«Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары» ММ-сі құрылғанға дейін «Талдықорған қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі» ММ-нің құрамындағы тұрғын үй секторы болған. 2022 жылдың алтыншы айында секторды бөліп біз жұмыс істейтін тұрғын үй инспекциясының құрамына қосты. Сол кезден бастап біздің алдымызда жекешелендіру проблемасы тұрды. Ең алдымен анықталған жайт – көптеген жалдау келісім шарттары мемлекеттік тұрғын үй қоры объектілерінің жалдау (қосымша жалдау) шарттарын есепке алу жөніндегі базасына енгізілмеген екен. Соның салдарынан бізде екі проблема туындады.
Біріншісі көптеген азаматтарға мемлекеттен жалға алып тұрған пәтерлеріне төлеген төлемдері үшін қарызы жоқ деген анықтаманы шығарып, шарттарды есепке алу жөніндегі базасы арқылы көру болды. Екінші проблема қала бюджетіне түсім өте аз түсті. Өйткені, көптеген келісім-шарттар болған күннің өзінде олар шарттарды есепке алу жөніндегі базасына тіркелмеген. Ол дегеніміз, келісім-шартта ай сайынғы төлем ақы көрсетілмегендіктен қаражат жергілікті бюджетке түспейтін. Сондықтан біз зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мұрағаттық материалдарды көтеріп, 2000-нан астам келісім-шартты есепке алу жөніндегі базасына енгіздік. Нәтижесінде бүгінгі күні қала бюджетіне кемінде 30 пайыздан астамы осы жалға алған пәтерлерге төленетін түсімнен түсіп, қала бюджетінің көлемі көбейе бастады. Бұл біздің бір жұмысымыздың нәтижесі болды. Келісім-шартты есепке алу жөніндегі базасына енгізілген адамдар келісім-шарт негізінде қарызы жоқ деген анықтаманы үйінде отырып-ақ компьютерінен өздері шығарып алатын болды.
-Енді пәтерді жекешелендіру қағидаты туралы айтып берсеңіз?
-Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына сәйкес тұрғындардың пәтерлерін толыққанды жекешелендірулеріне арналған арнаулы қағидат бар. Қағидатта көрсетілген барлық құжаттарды жинақтап, біздің мекемемізге тапсырған соң біз тұрғын үй комиссиясының қарауына кіргіземіз. Сосын, әр азамат жекешелендіру жұмысын жалғастыра береді. Осы тұста айта кетер жайт — жеті-сегіз жылдан бері тұрғын үйлерін жекешелендіре алмай жүрген азаматтардың Конституциялық құқықтары қорғалып, жекешелендіруді бастады. Жекешелендірудің бізге деген өзіндік плюстары бар. Біріншіден, адамдар тұрғын үйлерін жекешедендіріп, өзінің жеке меншігіне өткізеді. Әрі қарай өзіне қалай ыңғайлы сата ма, сыйға бере ме, одан әрі тұра бере ме өздері біледі. Екіншіден, бюджетке түсім түседі. Өйткені, тұрғындар үйін қалдық құнымен сатып алады. Жекешелендіру қағидатының 7-тармағында көрсетілген азаматтар үйін тегін жекешендіруге мүмкіндігі бар. Ал осы жетінші бапта көрсетілмеген азаматтардың барлығы қалдық құнымен үйлерін сатып алады. Сол жағдайда бюджетке түсім түседі. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей қағидатқа сәйкес болуы керек.
-Осыған дейін пайдаланылған жалдау келісім шарттарында түсінбеушіліктер болған еді ғой?
-Рас, 2012 жылы Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1420 қағидатына сәйкесжасалған типтік формадағы келісім-шарттарымен біздің бұрынғы мамандарымыз бұрыннан қалыптасып қалған келісім шарттарын, жасай берген. Ол жерде жалға алынған үйге ақы төлеу тарауы қосылмаған. Бұл өз кезегінде көптеген проблемалар тудырды. Сондықтан осы проблеманы шешу үшін біз тұрғын үйді беру қағидатының бірінші тарауына қанша ақы төлеу керектігін қостық. Сол қаражат қандай әдіспен есептелуі керектігі анықталған арнаулы әдістемеге сілтеме жасап, есептеп көп азаматтардың келісім-шарттарын талапқа сәйкестендіріп, келісім-шартты есепке алу жөніндегі базасына енгізіп жасап берудеміз. Бұл үлкен ауқымды қамтыған жұмыс болды.
-Ал, мұрағат мәселесін қалай шештіңіздер?
— Біздің мекемеміз осыған дейін Талдықорған қаласы Абай көшесі № 241 ғимаратында отырғанда бізбен бірге тұрғын үй инспекциясы, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық мекемесі де отырды. Үш мекемеге сан түрлі мәселемен келетін тұрғындардың өкпе назы көп болды. Өйткені, келген шаруаларын шеше алмай тұрғын үй кезегін біле алмай, пәтерлерін жекешелендіре алмай жүрді. Ел іздеген құжаттарын таба алмайды. Кім қашан кезекке тұрғанын анықтай алмайды. Талдықорған қаласы әкімі бізбен ақылдаса келе мекемемізді Талдықорған қаласындағы, «Болашақ» шағын ауданығы 16 қабатты үйдің, 1-ші қабатынан кеңсе берді. Осы кеңсеге көшкен кезде біздің бірінші жұмысымыз тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық мекемесіндегі құжаттардың барлығын жинап, осы кеңсемізге көшіріп әкеліп, талапқа сай сөрелерімізді жасап мұрағаттық заңнамалар нормаларына сәйкестендіріп номенклатураларымызды толтырып құжаттарды ретке келтірдік. Қазір бізде Талдықорған қаласы тұрғын үй қатынастары мемлекеттік мекемесінің жеке ведомстволық мұрағаты бар. Мұрағат жұмысы Жетісу облыстық мәдениет архивтер және құжаттар басқармасымен бекітіліп, тиісті заңнамаларға сәйкес жасалды. Қазір әрбір азамат бізге келіп өзінің мұрағаттық құжаттарын көруіне болады.Тұрғын үйді беру, жекешелендіруде кейбір құжаттары дұрыс болмаса кез-келген уақытта келіп, сұраныстарын заңға сәйкес беріп мұрағат құжаттарын көтеріп, көшірмелерін растатып алуларына болады. Мен өзім мұрағат саласында бірқатар жылдар жұмыс істегендіктен сосын мәдениет архивтер және құжаттар басқармасында осы мұрағат саласына басшылық қызмет істеп осы саланы жетік білгендіктен қала әкімі мұрағатты реттеп, көмектес деп арнайы тапсырма берген еді. Казіргі таңда біздің мұрағатымызға қатысты проблема жоқ.
—Осыдан бірер жыл бұрын тұрғын үйлерге қатысты жүргізген ауқымды тексерулеріңіз қалай басталып, жалғасты. Нәтиже қалай?
-2022 жылға дейін тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласындағы жұмыс бір ағыммен жүре беретін. Кейіннен көп азаматтарымыз құжатсыз пәтерлерде тұрады. Кезінде кезекте тұрған азаматтарға мерекелер болсын, басқа бір шараларда, тіпті жеке өтініштері секілді белгісіз себептермен тұрғын үйлер құжатсыз тек кілттері беріле берген ғой. Құжатын артынан береміз деген әкімдер де мамандар да ауысып кете берген. Сол үшін әкімдікте үлкен дау болып, адамдар наразылығын тудырған болатын. Талдықорған қаласындағы коммуналдық тұрғын үйлердің барлығын аралап, кімнің құжаты бар, кімнің құжаты жоқ, қай үйде қандай азаматтар тұратындығы туралы ақпарат жинадық. Бұл жұмыс үш ай көлемінде жүрді. Қала әкімінің тапсырмасымен құрамына полиция қызметкерлері, әкімдік бөлімдерінің мамандары, журналистер, қоғамдық белсенділер кіргізілген үлкен топ бірге жүріп, әр үйдегі пәтерлерді қалтырмай аралап тексердік. Нәтижесінде 1218 пәтердің құжатсыз екендігі анықталды. Қалған азаматтардың құжаты бар болғанымен толық емес екендігі белгілі болды. Сөйтіп, құжатсыз берілген пәтерлер кілттерін сол азаматтардың бірқатары өздері әкеліп тапсырды. Бұл тәртіп.
Қазір құжаттарды заңдастыруға қатысты мәселе әкімдіктерде көтерілмейді. Өйткені, көптеген азаматтар құжаттарын заңдастырып жатыр. Тұрғын үй комиссиясының шешімімен біз 700 астам азаматтың құжаттарын заңдастырып бердік. Жалпы 1218 азамат құжатының басым бөлігін біз қарап,
Талдықорған қаласы бойынша прокуратура органдары, сот жүйесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, облыстық әкімдік мамандары ақылдаса келе осы мәселені заңдастыру жолдарын кеңесіп дөңгелек стол басында шештік. Енді мына заңдастыру мәселесін көтергелі бері тұрғын үй комиссиясының құрамына әкімшілік тараптан тыс белсенді азаматтарымызды, медицина саласы мамандарын, ауған соғысынан, чернобль апатынан, семей полигонынан зардап шеккен азаматтардың құқығын және жетім балалардың құқығын қорғайтын қоғамдық белсенділер, әр топтарға жататын мүгедектер құқығын қорғайтындар, әкімдік тарапынан бөлім басшыларын, журналистерді қосып комиссия құрамын жаңартып, жұмысын жандандырдық. Кәзір тұрғын үй комиссиясы аптасына екі рет бас қосып жұмыс істейді. Және ашықтық болуы үшін жұмысымызды тікелей эфирде көрсетіп жүргіземіз. Бұл Республикамызда жаңылмасам бірінші бастама болып саналады. Міндетті түрде әрбір азамат өзіне қатысты материалдарды қараған кезде эфирден көруіне болады. Біз taldyqorgan_akimdigi және oji.tdk деген инстаграм парақшасынан тікелей эфирде көрсетеміз. Оны инстаграм парақшасына сақтап қоямыз. Соны кейін де көріп баға беруге болады. Тікелей эфирде мына азаматтар құжаттарыңызды заңдастырыңыздар деп тізімді оқып та берем. Әлбетте, үй алып құжаттарын заңдастырмаған азаматтарға біздің мекемемізге келіп, құжаттарыңызды толықтырып тапсырсаңыздар біз тұрғын үй комиссиясында қарап заңдастырып беретінімізді ашық айтамын. Әрдайым әр азаматқа заң аясында кеңес беріп көмектесудеміз. Біз тұрғын үйін заңдастырудан бас тартқанымызбен азамат құқығы шектелмейді. Сол азаматтар тұрғын үй комиссиясының шешімін сот жүйесіне беріп қаратқанда сот әділ шешім шығарып береді. Әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің негізінде сот жүйесі ауқымды жұмыс жүргізуде. Бізбен бірге прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органы қызметкерлері де дөңгелек стол мәжілісіне қатысып, осы проблемаларды апта сайын талқылаймыз. Сот жүйесінде Әкімшілік рәсімдік процестік кодекс негізінде әділ шешімдер шығарылуда. Өкінішке орай әлі де құжаттарын әкелмей жүрген азаматтарға хабарлама таратып үйлеріне жеткізудеміз. Тұрғын үй қатынастары заңының 77 бабына сәйкес азаматтардың құжаттарын тұрғын үй комиссиясына кіргізбес бұрын әр азаматтың тапсырған құжаттарын тізімге сәйкес қабылдап, арнаулы кестеге толтырып заңдылықты сақтаймыз. Өйткені, құзырлы мекеме болғандықтан жауапкершілік бізге берілген. Құжат комиссияға кіргізілген кезде толық әрі талапқа сай дұрыс болуы керек. Талдықорған қаласы әкімшілігінің инстаграм парақшасында тікелей эфирде адамның аты-жөнін айтамыз. Бөлімде үлкен экранында, онлайн режімінде заңды және kezekte.kz сайтын ашып қойып сөзімізді дәлелдеп, тұрғын үй комиссиясына көрсетеміз. Көп жағдайда тұрғын үй комиссиясы оң шешім беріп жатады. Сол жерде біз бірден шешім шығарып, тиісті тұлғаларға қол қойдырып аламыз. Сосын, хаттама толтырып тұрғын үй комиссиясы мүшелеріне қол қойдырып аламыз Сол құжат негізінде Талдықорған қаласы әкімдігі тұрғын үйді беру туралы қаулы шығарады. Осы функциялар орындалған соң азаматтармен келісім-шарт жасап оны міндетті түрде келісім-шартты есепке алу жөніндегі базасына енгіземіз. Келісім-шартты есепке алу жөніндегі базасына енгізілгеннен кейін адамдардың жолы ашылып, жекешелендіруіне ешқандай кедергі болмайды. Бюжетке түсім түсіріп баланстық бағамен сатып алады.
-Заң талабына сай функционалдық міндеттерін мінсіз атқарып жүрген қызметкерлеріңіз туралы не айтасыз?
-Біздің тарапымыздан көптен істелінбей жиналып қалған жұмыс болған соң мамандарымыз уақытпен санаспай еңбек етуде. Мемлекеттік мекемемізде білімді де білікті мамандар жиналған. Штатымызда қазіргі күні 5 мемлекеттік қызметкеріміз бар, 5 маман келісім-шартпен жұмыс істейді. Тұрғын үй секторына жақында Ақмарал Сарыбайқызы Исабекова тағайындалды. Бұл кісі осы салада көптен қызмет істейтін білікті маман. Осындай іскер табанды білімді мамандардың арқасында үлкен ауқымды жұмыс атқарылуда. Халықтың батасына ие болып отырмыз.
—Талдықорған қаласында жастарды тұрғын үймен қамту мәселесі қалай шешілуде?
—«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 10-2 бабының 1 тармақшасында жазылғандай тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асыратын құзіретті мекеме болған соң, бізге түрлі тапсырмалар түседі. Қазір «Жетісу жастары» деген мемлекеттік бағдарлама аясында ипотекалық несие беруді іс жүзіне асырудамыз. Бірінші транш болып 400 млн. теңге бөлінген болатын. Осы бағдарлама талабына сәйкес біздің мекемеге құжаттарын өткізген 35 жасқа толмаған 40 азаматқа тұрғын үй комиссиясы ұйғарымымен 10 000 000 теңгеден Отбасы Банкі арқылы берудеміз. Сөйтіп Жетісулық жастар Отбасы Банкі арқылы 5%-бен 20 жылға несие алып баспаналы болуда. Одан бөлек қаламызда жаңа 8-9-шы ықшам аудандары бой көтеріп келе жатқанын ел көріп отыр. 5, 7, 9, 16 қабатқа дейін тұрғын үйлер әдемі болып салынуда. Болашақ ықшам аудан мен Білім инновациялық лицей арасында үлкен аудан бой көтерді. Осы жерде де біздің 5 (бес) үйіміз толықтай аяқталған болатын. Қазір 509 пәтерді біз Отбасы Банкі арқылы «Нұрлы Жер» және Бақытты отбасы бағдарламасымен ипотекалық несиеге конкурс негізінде сатамыз. Осы 509 пәтерге Баспана маркет сайты арқылы 960-тан астам өтініш түсті. Төлем қабілеті тексеруден өткеннен кейін ипотекалық несиені рәсімдеуге біздің облысымызда тұрғын үй кезегінде тұрған әр азамат Отбасы Банкіне салымшы ретінде есеп шот ашып, осы байқауға қатысуына болады. Енді төлем қабілеті тексеруден өткен әрбір өтінім иесі 5 пайызбен 20 жылға пәтер құнының 10% алғашқы жарнасын төлеп осы 1, 2, 3 бөлмелі пәтерге ипотекалық несие алып, ие болады.
-Бұл бағдарламадан тыс қандай жеңілдіктер жасалуда?
-Мемлекет тарапынан бізге биыл 194 млн. теңге тұрғын үй сертификаттарына қайтарымсыз ақша бөлінді. Сондай-ақ, тұрғын үй сертификаттарынан бөлек 30 млн. теңге қайтарымды сертификат бөлінді. Енді тапсырыс берген әрбір азаматтың төлем қабілеті тексеруден өткеннен кейін бір милион теңгеге дейін алғашқы жарнасын төлеп беруге мүмкіндігіміз бар. Бұл мемлекеттік қызмет тұрғын үй сертификаттарын беру үш жұмыс күнінде орындалады. Ол әжептеуір жеңілдік болады.
—Алты санатты ашып айтып берсеңіз?
-Бірінші санатымыз «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабында көрсетілген.Ұлы Отан соғысының ардагерлері, одан кейін жалғыз үйі апаттық жағдайда қалған азаматтар деген санатта 6 адам кезекте тұр. Үшінші жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалып қалған балалар деген санатта 1300 астам азамат бар. Төртінші мемлекеттік қызмет пен және бюджеттік қызметкерлер санатында 6900 жуық азамат тұр қазір. Бесінші көп балалы аналар санатында Алтын алқа, күміс алқа Ана даңқы ордендерімен марапатталған 1600 астам аналар кезекте тұр. Алтыншы санатымызда әлеуметтік осал топқа жататын 7000 жуық азамат кезекте тұр. Осы әлеуметтік осал топтағы азаматтар кезегі туралы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 67-бабында көрсетілген 11 түрлі категория ішілік категория бар. Санаттардың ішінде тағы санаттар болады. Бізде әлеуметтік осал топтың ішінде кіретін тағы 11 түрлі категория ішілік категория бар. Ол зейнеткерлер, ауған соғысының ардагерлері, чернобль апатынан, семей полигонынан зардап шеккендер, қандас азаматтар, I-II топтағы мүгедектер, министрлікпен бекітілген кейбір қиын аурулармен ауыратын азаматтар, мүгедек балаларды асырайтын отбасылар, толық емес отбасылар, т.б әлеуметтік осал топқа жатады.
Сөз реті келгенде айта кетейін, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда ешкім ешкімнің алдына түспейді барлығының құқығы тең деп жазылған. Бізде кезекте тұрған азаматтардың құқығы тең деп саналады.Үй тек қана кезегімен беріледі. Соны азаматтарға республикалық «Заң газеті» арқылы жеткізгіміз келеді.
-Бүгінгі күннің бір проблемасы тұрғын үй кезегінің өзгеруі болып тұр?
-Біз тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық мекемесімен бір құрамда болған кезде мамандар белгісіз себептермен 19 түрлі категориямен жұмыс жүргізген. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтардың санатты бөлек-бөлек шығарып тастаған.Сол 19 түрлі категория заңға қайшы келіп тұр. Өйткені, пропортцияналды методикамен санаған кезде азаматтарға үй әділетсіз бөлінген.Сол үшін салалық тексерулер жүргізіліп прокуратура органдарымен сол 19 түрлі категорияны заңға сәйкестендіріп, 6 категорияға түсірген болатын. Қысқартқанда ешкімді кезектен түсіріп тастаған жоқ. Бірақ азаматтардың тұрғын үй кезектері өзгеріп кетті. Көптеген азаматтар кезегім кеше ғана 300 –ші еді бүгін 2500-ші болып қалыппын деп наразылық танытты. Бұл өзгерістер жоғарыда айтқанымдай 19 түрлі категорияны 6 категорияға азайту салдарынан және 2019 жылға дейінгі қағаз жүзіндегі құжаттар, әкімдік, сервистік бағдарламалық заңдылық деген толық қамтылмаған интеграцияланбаған базалар болған. 2022 жылдың басында «кезекте-кезек» деген республикалық база дайын болды. Біз осы бағдарламаға көштік. Құжаттардың барлығын енгізген кезде өкінішке орай 1700 ден аса адамымыз кезектен түсіп қалды. Оларды ешкім шығарып тастаған жоқ. Қасақана әдейі істелінген жоқ. Бірақ базадан компьютерге көшірген кезде кезектен түсіп қалды. Белгісіз себептермен компьютерлік қателіктер болды. Кейбір азаматтардың ЖСН дұрыс емес. Аты-жөндеріндегі әріптері қате кеткен, Соның салдарынан азаматтар интеграциялап басқа базалармен сәйкестендірген кезде кезектен түсіп қалды, Бірақ біз қазір сол азаматтарды тауып кезекке қайтадан қойып жатырмыз. 87% кезекке қойылды. Кейбір жағдайларда кезекте тұрған азаматтардың құжаттары толық болмай, өздері санаттарға жатпайтын кездерде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 8-бабына сәйкес, ол адамдарды сотқа жібереміз. Сот әрдайым әділ шешім шығарып кезекке қою жолдарын айтып бізге шешім шығарып береді.
-Тұрғын үй кезегіне онлайн режімінде кезекке тұруға бола ма?
-Болады. Kezekte.kz базасымен онлайн режімде әрбір азамат тіркелген кезде Kezekte.kz базасында кезек деген бағдарлама бар. Оны ұялы телефонымыз арқылы әрбір азамат смартфонға жүктеп алуына болады. Бұл жерде ашық бағдарлама адамның аты-жөнін, кезегін, санатын көре алады. Әкімдікке келіп бұрынғыдай құжаттарын тапсыру қажет емес. Бұл жерде Kezekte.kz бағдарламасы ашық. Толық интеграцияланған. Kezekte.kz бағдарламасымен түгендеу жұмыстарын жасаймыз. Жылына бір рет түгендеу жұмысын жүргізу заңнамамызда көрсетілген. Үйі бар, қайтыс болған азаматтардың барлығын тексеріп кезектен алып тастауымыз керек. Жаңа бағдарламаға сәйкес біз атқарған бірер жұмысты айтып өтсем, Талдықорған қаласында 15 мыңнан астам адам кезекте тұр. Жалпы 200 000 адамның 15 мыңы тұрғын үй алу кезегінде тұруы көп болып саналады. Биыл Әлімжанов көшесінде салынған 20 және 40 пәтерлі екі үй әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға берілді. Оған 8-ші ықшам ауданда 72 және 98 пәтерлі 60 пәтерлі тұрғын үйлер берілді.Одан бөлек 2023 жылдың наурыз айында инвесторлар тарапынан бізге қатыссыз әлеуметтік осал топтар категориясында кезекте тұрған азаматтарға инвесторлар «Харекет» қорымен бірлесіп 120 адамға пәтер сыйлады. Бюджеттен ешқандай қаражат алмаса да Талдықорған қаласы тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етті. Қуанышты тұрғындармен бірлесе осы инвесторларымызға және «Харекет» қорына алғысымызды білдіреміз.Талдықорғанға кіре берісіндегі қос қабатты 25 және 11 коттедж 10 сотық жерімен жөндеуден өтіп көп балалы аналарға берілді.
-Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!
Нұрбол Әлдібаев,
«Заң газеті»