Тіршілікте тер төгіп жүрген азаматтар сайтанның сапалағынан қашып, көршісінің шапалағынан таяқ жеп жатады. Кезінде біздің ата-бабаларымыз ауыл ақсақалдарынан алқа құрып, шешімі шиеленіскен дау-дамайларды сол кісілердің құзырына беріп бір келісімге келудің жолдарын тауып отырған деседі, көне көз қарияларымыз. Бүгінде қариядан қадір қашып, жемқордың жемсауын толтыруға құмар бәтшағарларымыз тіпті көбейіп кетті. Әйтсе де еліміз жаңарып, ата заңымыз өз тұғырына мықтап отырған заманымыз, қазақи салт-дәстүрімізді, болмысымызды қайта жаңғыртуға мүдделі екен. Екі жақ талас-тартысқа түссе сотқа жүгінеді. Судьяның міндеті екі тараптың бір жағына бүйрек бұруы емес, даудың әділ шешілуі. Міне осы орайда мемлекетіміз бұл мәселені де шешудің оңтайлы жолын тапқан.
Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде дауды шешудің бір түрі бар — партисипативтік рәсімдеу. Партисипативтік рәсім – «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тараптар арасындағы дауды екі тараптың адвокаттарының немесе заң консультанттары палатасына кіретін тұлғалардың көмегімен шешудің (судьяның қатысуынсыз) келіссөздер процесі. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не АПК белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер АПК немесе заңда өзгеше көзделмесе, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша берілуі мүмкін.Тараптар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда дауды (жанжалды) медиацияны қолданумен немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Енді қарапайым халықтың жағдайына бір тоқталып кетсек. Бүгінде әртүрлі салаларда терминдер көп. Сол секілді біз көбіне юридициялық терминдерге көп мән бере бермейміз.
Мысалы: Медиатор терминін алайық. Медиатор – берілген жанжалға мүдделі емес, тәуелсіз, нейтралды үшінші жақтың тарапы бола отырып, жанжалдасушы жақтарға бар дауды шешуге көмектесетін адам немесе адамдар тобы.
Фасилитатор (ағылш. facilitator, латын тілінен facilis – жеңіл, ыңғайлы) келіссөздерді ұйымдастыруға жауапты, процестің ережелері мен құрылымының сақталуын бақылайды, процедураны басқарады.
Бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін. Іс жүргізуінде іс жатқан судья дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
«Су мен отта татулық жоқ» — дейді дана халқымыз. «Келісімге келем десе тіл кеспе» деген емес пе құрметті оқырман. Біздің міндетіміз жауластыру емес, татуластыру екенін білгейсіз ағайын.
Түркістан облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының төрағасы
Сауран Бақытбек Смағұлұлы