Қазақ халқының құқықтық жүйесінде билер сотының мәртебесі мен мәнін айқындайтын бірқатар айшықты қағидаттар мен нормалар қалыптасқан. Олардың негізі халықтың құқықтық түйсігіне терең бойлап,мазмұны мен мәнісіне жете баға берген.
“Би төрттің құлы: адал еңбек,таза ниет,терең ой,әділдік”. Айтылған ойдың астарлы мағынасынан биікті бағындырып, әділдік пен адалдыққа жаршы болған судья болмысы қандай болуы керектігін ұғына аласыз.
Жалпы,бүгінгі таңда өркениетті елдерде қалыптастқан өлшемдер негізінде таразыласақ, сот төрелігінің әділдігі және судья әдебі кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі болып табылады. Сондықтан,әділдіктің айнымас жолында тер төккен қазылар судья әдебінің нормаларын қатаң ұстануы қажет.
Осы мақсатта 2016 жылы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасы Судьяларының VІІ Съезінде Судьялық Әдеп кодексі қабылданды. Судьялық Әдеп кодексі кәсіби-әдеп өлшемдерінің жиынтығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыруда және соттан тыс қызметтегі мінез-құлықтың судья үшін міндетті қағидаларын белгілей отырып,сот және судья әдебі нормаларын бұзу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың кәсіби әдептік стандартын айқындайды.
Кодекс адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті ережелерінің, БҰҰ Бас Ассамблеясының Қарарымен мақұлданған сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидалары, судьялардың тәуелсіздігі, объективтілігі, теңдігі, адалдығы мен сатылмайтындығы, құзыреттілігі мен ұқыптылығы және әдеп нормаларын сақтау, үстемдікті құқық пен демократияның, сонымен қатар жұмыс істеп жүрген судьялар мен отставкадағы судьялар үшін жүріс-тұрыстың әдеп қағидаларын мойындай отырып қабылданған.
Кодекстің 1-бабында судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез-келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс–тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс. Судья заң үстемдігін және сот органдарының тәуелсіздігі қағидаттарын қорғауға және жүзеге асыруға тиіс. Судья сот билігінің беделін түсіруге әкеп соғуы және судьяның абыройына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс делінген. Демек, судья сот ісін жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және сот отырысына қатысушылардың сот төрелігінің әділдігіне күмән туғызбауы үшін шаралар қолдануы тиіс.
Сонымен қатар судьяның кәсіби қызметі саяси мақсатты көздейтін саяси
партияда немесе қоғамдық бірлестікте мүше болумен үйлеспейді. Ол осындай ұйымдарды қолдап жария сөз сөйлеуге, олардың саяси өміріне қатыспауға тиіс.
Судья нақты іс бойынша шешім шығаруға байланысты емес мемлекеттік,
саяси қызметтік регламенттелмеген жария бағалаудан аулақ болуға тиіс. Осы баптың ережелері судьяның саяси және қоғамдық өмірдің кез келген мәселелері бойынша пікір білдіру бостандық құқығын шектеу ретінде қаралуға тиіс емес. Осы тұрғыдан судья өзінің кәсіби қызметімен қатар қоғамда да бейтараптық танытуы керек.
Судья- мемлекеттің ең үлкен билік жүргізетін тұлғасы. Ата заңымыз Конституциямызда сот билігі мемлекеттік биліктің үш негізгі тармағының бірі ретінде белгіленіп,оның дербестігі қамтамасыз етіліп,судьялардың конституциялық-құқықтық мәртебесі бекітілген.
Сондықтан судьялық әдеп кодексімен белгіленген талаптарды қатаң сақтау сот жүйесінің беделін арттырып, халықтың сот төрелігіне сенімін нығайтары анық.
Н.Өміртайұлы
Қызылорда облыстық сотының судьясы