12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Бауыржан АХМЕТҚАЛИЕВ, Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ НАҚТЫЛАНУЫ КЕРЕК»

– Бауыржан Нұрсапанұлы, соңғы кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп кеткен секілді. Мұндай құқықбұзушылықтар сотқа жете ме? Мәселен, Астана қаласы бойынша статистика қандай?

– Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түскен істер аз емес. Олардың қатары жылдан-жылға артып бара жатқан жайы бар. Мәселен, 2022 жылы сотта отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы 2027 әрекет қаралды. Оларды саралайтын болсақ, 1162 іс тиісті заңнаманың отбасылық қатынастарында тұратын адам денсаулығына қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру бабы бойынша қаралды. 610 іс отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамды тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерi бойынша болды. 416 және 149 іс қорғау нұсқамасын және құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзу бойынша талқыланды. Биылғы жылдың 6 айында сот қарауына жеткен тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері саны аз емес. Осы кезеңде 1255 іс бойынша бір отбасының адамдары сот орбитасына тартылды. Оның 587-сі жақын адамының денсаулығына қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру бабы бойынша, 545-і отбасылық-тұрмыстық қатынаста тұратын адамды тән ауруына ұшыратқан күш қолдану әрекеттерi бойынша, 96-сы құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзу бойынша қозғалды. Жалпы талданып отырған кезеңде барлығы 7124 іс қаралды, оның ішінде 2807 іс (39,4%) тоқтатылды, 4317 іс бойынша кінәлілер (60,5%) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Жалпы тұрмыстық зорлыққа не себеп болады? Оларды зерделеу барысында қандай ой түйдіңіз?

– Аталған санаттағы құқық бұзушылықтардың жасалуына жұмыссыздық, оның әсерінен материалдық жағдайдың төмендеуі, айыпкердің спирттік ішімдікке әуестігі түрткі боп жатады. Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) жеке бастың құқығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы тарауына енгізілген өзгерістер мен қосымшалар да әсерін тигізіп жатқанын айтуға тиістіміз. Бұл өзгеріске дейін отбасында болған құқық бұзушылық бойынша тек жәбірленушінің арызы негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама түзілетін болса, қазіргі кезде полиция қызметкерлері құқық бұзушылық туралы түскен хабарламаның негізінде (куәгерлерден келіп түскен хабарлама) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама түзіп, істі сотқа жолдайды. Ашып айтсақ, бұрынғы кезде құқық бұзушылық орын алған соң полиция қызметкерлері оқиға орнына келген кезде жәбірленуші құқық бұзушыны кешіргендіктен арызданбайтын. Сол кезде әкімшілік хаттама түзілмейді және іс қозғалмағандықтан, сол факті бойынша іс сотқа жолданбайтын еді. Ал қазір жәбірленуші арыз жазудан бас тартса да, іс куәгерлердің хабарламасы бойынша қозғалып, сотқа жолданады.

– Хиллари Клинтон «экстремалды, даулы мәселенің бәрі отбасында шешілуі керек» деген екен. Жалпы бұл мәселе бойынша сотқа жүгіну қаншалықты дұрыс?

– Отбасылық-тұрмыстық қатынаста істелген құқық бұзушылықтар әрине, отбасында шешілгені дұрыс. Алайда, құқық бұзушылық орын алған соң және құқық бұзушының үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама түзілген соң, бұл істің соңғы нүктесін тек қана сот қоюы қажет. Сотқа дейін дауды шешу заңмен қарастырылмаған. ӘҚБтК-нің 64-бабында тараптардың татуласуына байланысты әкiмшiлiк жауаптылықтан босату реті көрсетілген. Яғни, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекетті алғаш рет жасаған адамдар жәбірленушілермен, арыз иелерімен медиация тәртібімен татуласса және келтірген зиянын жуып-шайса, сот оларды әкімшілік жауаптылықтан босатуы мүмкін. Бұл жерде көңіл аударатын жайт, мұндай кешірім құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған тұлғаға ғана қолданылады. Ал, екінші рет осы құқық бұзушылықты жасаған адамды татуласуына байланысты жауаптылықтан босатуға жол берілмейді. Ол үшін заңмен көрсетілген жазаны сот тағайындайды.

– Тұрмыстық дауларды шешуде заңнамаларымыз қаншалықты пәрменді? Сот тәжірибесі қандай?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық балалардың психикасына әсерін тигізеді. Осындай санаттағы істерді қараған кезде сот құқық бұзушыны жауаптылыққа тартқан соң, өз тарапынан құқық бұзушының мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлей алады, яғни жәбiрленушiнiң отбасының кәмелетке толмаған және әрекетке қабiлетсiз мүшелерiмен қатар жәбірленушінің еркiне қарамастан, оны iздестiруге, оның iзiне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсiлдермен байланыс жасауға; атыс қаруын және қарудың басқа да түрiн сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға; кәмелетке толмағандар құқығын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз жасөспірімдермен белгілі бір жерге баруына, басқа да жерлерге шығуына; алкогольдік ішімдік ішуге, есірткі, психотроптық заттарды қолдануға толық көлемде немесе жеке-жеке тыйым салуды көздейтiн ерекше талаптар белгiлеуi мүмкiн. Ерекше талап 1 жылға дейінгі мерзімге қойылады. Осы мерзім ішінде құқық бұзушы полиция қызметкерлеріне 1 айда 4 рет профилактика үшін келуі міндет. Яғни, полиция қызметкері құқық бұзушымен заңсыздықтың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Аталған ерекше талапты құқық бұзушы бұзған жағдайда, оның үстінен ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша хаттама түзіліп, іс сотқа жолданады. Сот істі қарап, заң шеңберінде шешім қабылдайды.

– Мұндай құқық бұзушылықтың көп тіркелуіне заңдағы өзгерістің себеп болып жатқанын айттыңыз. Бұл өзгерістің пайдасы қандай?

– Иә, ӘҚБтК-ге өзгеріс енгізіліп, жәбірленушінің арызынсыз-ақ іс қозғауға болатыны бекітілді. Бірақ, мұның теріс жағы да бар. Мәселен, полиция қызметкері көршісінің арызымен хаттама толтырып, іс сотқа жетті. Алайда, істі қарау барысында ерлі-зайыптылардың бір-біріне дауыс көтергенімен, ар-намысқа тию, дөрекі сөйлеу, күш қолдану әрекеті орын алмағаны анықталды. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері өз процессуалдық өкілеттігін пайдаланбайды. Арызданушы жүгінген кез келген жағдай бойынша хаттаманы рәсімдеп, сотқа жолдайды. Әрине, арызды жіберу оңай, бірақ материалдарды жинау және заңды шешім қолдануға байланысты проблема туындайтынын мойындауымыз керек.

– Сотқа келген істің 39,4 пайызы қысқартылыпты. Мұның бәрі құқық бұзушылық құрамның болмауынан емес болар? Бұл статистиканың астарында не жатыр?

– ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігіне сай адамдарды сыйламаушылықты білдіретін, олардың тыныштығын бұзатын, әдепсіз сөз айту, қорлау, тұрмыстық заттарын бүлдіру және өзге де әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Алайда отбасындағы бұзақылардың мұндай әрекетті тұрғын үйден тыс жерде (баспалдақ, кіреберіс, үйдің ауласы, көлік ішінде) жасауын жоғарыдағы баппен саралауда бірқатар сұрақ туындайды. Мәселен, сот А.-ға қатысты істі қылмыс құрамының жоқтығына байланысты қысқартты. Себебі, күйеуі үйден тыс жерде әйелін балағаттады. Міне, осындай нақтылықтың болмауынан істер қысқартылатын жағдайлар бар. Сонымен бірге, ӘҚБтК-нің 54-бабы 3-бөлігі құқық бұзушыға құқықтық ықпал ету «тетігінің» болмауына орай істер қысқартылады. Мәселен, сот құқық бұзушыға жақындауға тыйым салса, ӘҚБтК-нің 54-бабы 3-бөлігінің негізінде оған профилактикалық сұхбаттасу үшін полицияға келу міндеттеледі. Іс жүзінде құқықбұзушы жақындауға тыйым салу талабын орындап, профилактикалық әңгімеге келмейді. Мұндай жағдайда инспектор ӘҚБтК-нің 669-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама жасайды. Соттар мұндай істерді тоқтатады, өйткені кәсіби әңгімеге келмеу ерекше талапқа жатпайды. Бұл мәселені аталмыш заңнаманың 54-бабына кәсіби әңгімеге қатысуды арнайы талап тізіміне енгізу туралы өзгерту арқылы шешу қажет деп есептейміз.

– Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін қарауда бірыңғай тәжірибе қалыптастыру үшін не қажет?

– Бүгінде талдау нәтижесі бойынша сот тарапынан отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізілді. Соның бірі ӘҚБтК-нің 73-бабына қатысты. Онда отбасы-тұрмыстық қатынастарда болатын адамдардың шеңбері анықталған. Олар: ерлі-зайыптылар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, жақын туыстар, ортақ баласы бар адамдар, бірге тұратындар арасындағы қатынастар. Соңғы категория норманың осы тұжырымына байланысты келіспеушіліктерді және әртүрлі сот шешімдерін тудырады. Өйткені, бір сот тәжірибесі ерлер мен әйелдердің нақты бірге тұруын назарға алса, ал екіншісі ер мен әйел ретінде нақты бірге тұрған ғана емес, бірге тұратын немесе бірге өмір сүрген кез келген тұлғаларды таниды. Жалпы, объектіге сүйене отырып, заң шығарушы тек неке белгілері бар нақты бірге тұруды есепке алатын сияқты. Сондықтан «Неке және отбасы туралы» кодексте ерлер мен әйелдердің, сондай-ақ бір жыныстағы адамдардың нақты бірге тұруы түсінігі атап өтілгендіктен, ӘҚБтК-нің 73-бабының ескертпесіне осы талапты дәйектейтін нақты өзгеріс енгізу қажет. Тағы бір мәселе аталмыш заңнамадағы айыппұлға қатысты. Айыппұл отбасы бюджетіне соққы болмауы үшін ескерту немесе қамауға алу түріндегі жаза қолдану керек дейтіндер бар. Тәжірибе көрсеткендей, барлық отбасылық жағдайда ескерту немесе қамауға алуды қолдану ӘҚБтК-нің 40-бабы 2-бөлігінің мақсаты (қайта тәрбиелеу, пропорционалдық) контекстінде өз тиімділігін көрсетпейді. Өйткені, көбіне жасалатын ескерту шарасы тым жұмсақ та, ал соңғы қадам ретінде қамауға алу тым қатал жаза. Негізінде айыппұл, әсіресе, ажырасқан ерлі-зайыптыларға, бұрын бірге тұрғандарға, жақын туыстарға, ортақ баласы бар адамдарға қатысты істерде тиімді шара. Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 43-бабы іс бойынша жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде ескерту қолдануға міндеттейді. Ал, бұл жалпы ӘҚБтК-нің 73-1 және 73-2-баптарының 1-1 бөлігінің күшін жояды. Осының салдарынан сот қатаң түрде өндіріп алу қолдану қажеттілігі туындаған кезде ескертуді қолдануға мәжбүр болады. Сот тәжірибесін ескере отырып біз ӘҚБтК-нің 43-бабының 2-бөлігіне соттың ескерту жасау міндетін алып тастайтын өзгерістер ұсынып отырмыз. Біздіңше, бұл соттарға тұрмыстық зорлаушыға қатысты жазаны тиімді және барабар қолдануға мүмкіндік береді. Сол секілді, ӘҚБтК-нің 73-бабының диспозициясы бойынша отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер (ұятсыз сөздер, қорлау, үй заттарын бүлдіру және сыйламаушылықты білдіретін өзге де әрекеттер) үшін жауаптылық олар жеке тұрғын үйде немесе пәтерде немесе басқа үйде жасалған кезде туады. Ал олар үйден тыс жерде жасалғанда (мысалы, көлік ішінде, үйге кіре берісте және т.б.) бұл құқық бұзушылық болып есептелмейді де, көбінесе қылмыскерлер жауапкершіліктен жалтарады. Салдарынан зорлық-зомбылық құрбаны қорғалмай қалады. Осыған орай, ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігінің мынадай редакциясы «Қылмыскермен отбасы-тұрмыстық қарым- қатынаста болған адамдарды сыйламаушылықты білдіретін, олардың тыныштығын бұзатын дөрекі сөз, қорлау, тұрмыстық затын бүлдіру және өзге де әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, – ескерту жасауға немесе 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады» деп жазылуы керек. Назар аударатын тағы бір жай – ӘҚБтК-нің 50-бабы 2-бөлігінде қамауға алу қолданылмайтын адамдардың санаты, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдар көрсетілген. Заңнамада жалғыз әке деген ұғымның болмауына байланысты, оның құқықтық мәртебесі мен белгілерін анықтауға қатысты бірқатар сұрақ туындайды. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай әке ретінде анасы қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз, ата-ана құқығынан айырылған, медициналық мекемеде тұрған немесе түрмеде деп тану туралы сот шешімі бар бір немесе бірнеше баласы бар адам танылуы мүмкін. Ата-анасы ажырасқан және баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы сот шешімі бойынша әкесімен бірге тұрған немесе мұндай шешім мүлде болмаған, ал бала әкесімен бірге тұрған жағдайда жалғыз басты әке деп санауға бола ма? «Неке және отбасы туралы» кодекстің 73-бабында баладан бөлек тұратын ата-ананың баламен араласуға, оның тәрбиесіне қатысуға және баланы оқытуға қатысты және бала үшін маңызды басқа да мәселелерді шешуге құқығы бар деп көрсетілген. Мұндай жағдайда баланың анасын тәрбие мәселелерін анықтау, материалдық көмек көрсету, баламен қарым-қатынас, оның перзентіне жақындығын түсіну үшін сот процесіне тарту керек. Сот тәжірибесі біркелкі болу үшін бұл шараларды Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы деңгейінде нақтылау қажет.

– Мағыналы сұхбатыңыз үшін рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – әділетті қоғамға бастар жол

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері...

Полиция басшылығы 500-ге тарта жеке қабылдау өткізіп, 1500-ге жуық тұрғынның мәселесіне ден қойған

Полиция департаментінде азаматтарды қабылдау шаралары жүйелі түрде, белгіленген кестеге...

Заң факультетінде мықты маман дайындау-басты міндет

   Әділетті қоғам құрудың негізі-сапалы құқықтық жүйе, ал оның тірегі...

ҚазҰУ-білімнің биік шыңы

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі жоғары білім мен ғылымның флагманы,...