Тілім менің — таусылмайтын байлығым. Ең құдіретті де қастерлі өз ана тілім. Шыр етіп дүниеге келгеннен бері ана тіліммен өсіп келемін. Ана тілі арқылы алғашқы әліппені таныдым. Содан бері міне, өз ана тіліммен сусындап келемін. Өз тарихымды танып білдім. Туған тіліміздің абыройын асқақтату ‑ әрбір азаматтың борышы. Себебі, біздің болмысымыз, салт — дәстүріміз, дініміз, мәдениетіміз осы тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты, білімді, іскер, қабілетті, ұлтжанды етіп қалыптастыруда мемлекеттік тіліміздің атқаратын қызметі өте жоғары.
Тіл — өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу ‑ әр қазақ баласының бірден — бір міндеті болып табылады. Біз, болашақ жастар тіліміздің абыройын асқақтатамыз, биікке көтереміз деп нық сеніммен айтқым келеді.
Сондықтан да туған еліміздің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Өйткені, тіл — ата — бабамыздан бізге қалған аманаты. Ата — баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру мына баршамыздың міндетіміз, парызымыз. Тіл арқылы ақындарымыз бен жазушыларымыздың. даналардың сөздерін, өлең — жырларын оқып білеміз, олардан ғибрат аламыз. “Өнер алды ‑ қызыл тіл” деген осыдан шыққан болар. Елінің болашағын ойлаған, құрметпен қараған әрбір азамат ана тілін сақтап қалуы үшін қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Асыл қазынамызға айналған қазақ тілінің құндылығының арта беруіне әрдайым өз үлесімді қосуымыз қажет. Тәуелсіз Қазақстанның көгінде көк байрағымыз желбіреді, әр қазақтың жүрегінде Әнұранымыз айтылды, өзіміздің қазақ тілімізбен қайтадан қауыштық.
Ана тілі — ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау ‑ арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам ‑ ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу ‑ саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол ‑ туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз.
Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Түптеп келгенде, ол өңірдің, елдің ұлттық қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылығы мен интеллектуалды даму мәселесі де. Сонымен бірге, мемлекеттік тіл — мемлекеттің бет-бейнесі, туы, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты рәмізі болып табылады.
Тіл — сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден- бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды.
«Ана тілін білмейтін адам мәдениетті адам санатына қосылмайды», — деп М.Әуезов айтқан екен. Тіл — аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Оны білмеу — өзімізге сын.
Қазақстанда 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын іске асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Яғни, бағдарламаның басты мақсаты ‑ қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға жне тілдік капиталды дамытуға бағыттлаған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Бағдармаланың басты міндеттері:
- Латын графикалы әлпби негізінде қазақ тілін жаңғырту;
- Білім беру саласындағы қазақ тілінің функцияларын кеңейту және оны қолдану мәдениетін арттыру;
- Мәдениет, халыққа қызмет көрсету, БАҚ және бизнес саласында мемлкеттік тілдің қолдануын реттеу, әлеуметтік беделін арттыру;
- Мемлекеттік және мемлекеттік емес сектор үйымдарына қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру және т.б.
Мемлекеттік тілді меңгерген адамдарға заімен белгіленен артықшылықтарды ұсыну тілді үйренушілердің санын да, оның сапасын да арттыруға мүмкіндік береді. Демек, тіл саясатында іске асырылатын тілді мәртебелік жоспарлау үшін қолданысағы заңнаманы жетілдіру қажет.
Қарағанды қаласы
Әлихан Бөкейхан ауданының сотының
бас маман — сот отырысының хатшысы
М.А.Аскарова


