12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері: «МҰҒАЛІМ ЖҰМЫСЫН ПОРТФОЛИЯ АРҚЫЛЫ БАҒАЛАУ – САПА ЖОЛЫНДАҒЫ САПАСЫЗ ШЕШІМ»

– Білім саласының түйткілі көп. Әсіресе, мұғалімдердің арман-арыздарын соңғы кезде жиі еститін болдық. Мәселен, ұстаздар біліктілікті анықтайтын тест талаптарын қайта қарау керек деген пікірде. Сонымен бірге, еңбек өтілі отыз жылдан асқан педагогтар тестен босатылса деген тілектерін айтады. Осы мәселеге байланысты ойыңыз қандай?

– Әлеуметтік желі ой-талқы алаңына айналғалы қашан. Кейде біраз жылдық тәжірибесі бар әріптестеріміздің «тестің керегі не?» «біздің мұнша жылдық тәжірибеміз білімімізге дәлел бола алмай ма?» деген сынды жазбаларын көріп қаламын. Әрине, тәжірибе тәжірибесімен. Дегенмен оқулықтар да, білім беру әдістемесі де заманға қарай өзгеріп келеді. Егер шынында білгені көп, білімі жетік, жаңаның игілігін игеріп жүрген маман болса, неге ол тесттен қорқады? Міне, мәселенің бір ұшы қайда жатыр? Бірақ негізгі мәселе тәжірибелі мамандарымыздың жастар секілді жаңа технологияға бірден үйренісе алмауында жатыр деп ойлаймын. Еш нәрсе қазық қаққандай бір орында тұрмасы анық. Тау екеш таудың өзі уақыт өте аз да болса орнынан бірлі-жарым жылжып жататыны белгілі. Жұрт тәуелсіздік алғалы ешкімнен кем болмайық, тереземіз тең болсын деп, ұрпаққа игілік жолында өзгенің тәлім-тәжірибесін ескере амал-әрекет жасауда. Мысалы «Болашақ» арқылы шетелдің оңтайлы технологиясын үйренсін, елімізге алып келсін деп қанша жас маманға жол ашып, жағдай жасалды. Иә, қия кетіп, қапа болған тұсымыз да жетерлік. Дейтұрғанмен, сіздің сауалға айтарым, аттестациялық тест – білім саласының болашағы үшін әсте керек дүние.

– Білім мен білікті анықтау үшін тест керек те шығар. Бірақ, ұстаздардың көбі өз мамандығы бойынша пәндік сауалдарға жауап бергеннен, педагогика бойынша таңдалған, аударма сауалдарға жауап табу қиын екенін алға тартады. Жалпы педагогиканы тестке қосудың не мәні бар деп ойлайсыз?

– Әріптестеріміздің бұлай шырылдауының себебі тесттің түсініксіз жасалуымен байланысты екені рас. Тест дайындалған оқу құралын, тест сұрақтарын алдын ала берсе, мұндай кері реакция болмас еді. Педагогтар оқысын, дайындалсын, бір жағынан сауатын ашсын. Керек ақпарды елдің құпия дерегіндей тығып ұстайтыны мен үшін де түсінкісіз. «Айналайындар-ау, бұл құпия қылатын дүние ме?» деймін кейде. Ұстаздың білімді болуы – маңызды, ал сол білімді бала бойына сіңіре білу – міндеті. Жалпы, педагогиканың тесте болу мақсаты да сол. Ал сауалға тіке жауап қатсам, педагогтың педагогтық қасиетін тест арқылы таразылау жоғарыдағы ұсыныс ескерілсе ғана белгілі бір мәнге ие болады.

– Портфолия жинауды міндеттеп, білім сапасын соған сүйене отырып бағалау дұрыс па? Бұл қаншалықты тиімді?

– Портфолия жинау соңғы уақытта өтірік мақтан мен көзбояушылыққа апара жатқанын көзіміз көріп жүр. Бірақ дейтін тұстарын жіпке тізіп берейін. Мысалы, педагогтарға жоғары санат үшін авторлық бағдарламасы бар немесе облыстық оқу-әдістемелік кеңесте немесе республикалық оқу-әдістемелік кеңесте макұлдау алған, шығарылған оқулықтардың, оқуәдістемелік құралдардың авторы (тең авторы) болу міндеттеледі. Мейлі, үлкен мегаполистерде тұрып, ғалымдар арасында жүріп, дидарласып, кеңесіп толыққанды дүниені құрастырып жазып шығуға болар. Ал жалпы Республикадағы аудан, ауылдық жердегі педагогтар кімді жағалайды? Сондықтан да осы талап артық деп ойлаймын. Қазір көп ата-ана баласына 1-сыныптан бастап репетитор іздейтін болған. Мейлі мектеп бағдарламасын игеріп, бала артық оқимын десе мұғалімге сын жоқ. Бірақ жағдай айтылғанға кері келіп тұр. Ата-ана балаға базалық білімнің өзін репетитор жағалап оқытып жүр. Бұндай жағдайда мұғалім дұрыс білім бермегені үшін ұялу керек. Біздің кезімізде репетитор жалдамақ түгіл, оның атын естімейтінбіз. Сол мектеп мұғалімінің тақта және бор арқылы берген білімімен біраз жерге жеттік. Өйткені, ұстаз бойында жауапкершілік сезімі болды, және сол үшін ұстаздарымыз аянып қалған емес-ті. Бүгінде берілетін «алтын белгінің» де құны көк тиын. Мектеп емтиханы ойыншыққа айналғалы қашан. Күн туғанда сол мақтаулы оқушылар өздеріне таққан төс белгіні ақтап жатқаны шамалы. Кейде жоғары оқу орындарындағы оқытушылармен тілдессем «соңғы уақытта келген балалар сауатсыз, көбінің білімі төмен» деп шағымданып жатады. Сондықтан мұғалім жұмысын портфолия арқылы бағамдауды сапа жолындағы сапасыз шешім дер едім. Одан гөрі мектеп пен мұғалім білімі ҰБТ нәтижесіне қарап бағаланса, балалар бүгінгідей репетитор жағалап, ата-анасының қаржысын шашып жүрмес еді.

– Әңгіменің төркіні сапаға келіп тіреледі. Расында, сауатсыз мамандардың көбеюіне ең алдымен мектептегі сапасыз білім себепші емес пе?

– ҰБТ тақырыбының тамырын тарта сөйлессең, біраз дүниенің ақиқаты жарыққа шығады. Ұлттық бірыңғай тестілеу мектеп пен мұғалім білімінің көрсеткіші болмаса, оны міндеттеуден пайда жоқ. ҰБТ көрсеткішіне мектеп жауапты болмаған соң, мұғалімдер бұрынғыдай білім сапасына көңіл бөлмейтін болды. Осы түзетуді енгізгеннен бастап саладағы мамандар еркінсіп кетті. Айтсаң жамансың, айтпасқа тағы болмайды. Әрине, «бір терінің пұшпағын илеп жүргендіктен», басы артық, еш пайдасы жоқ дүниенің көптігін мен де білемін. Әр балаға карта ашып, мінез-құлқын бағамдау, оқушымен, ата-анамен кері байланыс орнату, т.с.с. миды ашытар ұсақ-түйек жетерлік. Бірақ өз басымызды күйттейміз деп бала болашағына бейғам қарап кетпедік пе деген сауал туындайды. Естеріңізде болса, 6 күндік оқуды 5 күнге қысқартқанда педагогтар дұрысын айтып, бағдарламаны ай соңына қосқан санаулы күнге сыйғызу қиын екенін, оқушының күндік жүктемесінің артып кететінін жарыса айтқан еді. Енді өтініш-тілекке құлақ асқан тұста 5 күн жақсы деп көпшілік қауым өзгеріп шыға келді. Сапа қайда қалды, бала жағдайы қайда қалды? Ашына айтуымның себебі де бар. Айлық-шайлыққа жетіп, игілігін көруге мүмкіндік ашылған тұста, көзді шел басқаны өкінерлік жағдай. Жедел реттелуі керек мәселенің бір тарамы осы. Онан кейін үлкен жүйеде тек бір жақты кінәлі етіп көрсету қате. Кінә жоғары жақтан да бар. Ауызбіршілік жоқ, жауаптылар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық» демей келеді. Кесірі ақсақ жүйе, игерілмеген қаржы, сапасыз ұрпақ болмақ.

– Мектеп оқулықтарына қатысты да сын көп. Жылда өзгертілетін оқулықтардың қатесі де аз емес сияқты. Бұған не дейсіз?

– Кітап сапасы жылда айтылатын, таусылмайтын жыр-дастан. Өткен оқу жылындағы оқулықтар жайлы біраз сын бар. Зияткерлік мектептегі білім сапасын орта мектепте де қалыптастырамыз деп, жоғары математика есептерін арасына қосып қойған. Мысалы математикада орта мектеп бағдарламасының өзін бала санасына құюға біршама уақыт керек. Ал пәнді таңдамаған оқушыға енгізілген өзгертулердің керегі шамалы. Оның үстіне, зияткерлік мектептегі әр балаға жасалған жағдайды орта мектепте қалыптастыру әзірге мүмкін емес. Бір сыныпта кемі 20 бала, мұғалім бір 40 минутта қайсыбірін бақыламақ. Уақыты жаңа сабақ беріп, мысалдық есеп шығарудан асса жақсы. Қазақ тілі мен әдебиетін біріктіру тіптен қате. Диктант, шығарма, мазмұндама орнын БЖБ (бөлімдік жиынтық бағалау), ТЖБ-ның (тоқсандық жиынтық бағалау) басуы, бала сауатының өсуіне кереғар фактор. Әсіресе, осы бағалаулардың бірнеше пәннен бір күнге сәйкес келуі балалардың дайындығына ғана емес, психологиясына да айтарлықтай ауыр тиетінін жасыруға болмайды. Тілге келгенде сақ болмаса болмас. Тілімізде біздің діліміз, тарихымыз, әдет-ғұрпымыз, салтдәстүріміз, тәрбиеміз тұр. Әупірімдеп жатып орыс, ағылшын тілін жеткіншек жастан бастап оқытатын еттік, әйтпесе балауса балалардың тіл бұрмалауын көріп жүрек қан жылайтын. Мұндай мәселелерді айта берсек күн жетер ме? Бірақ жанымды қынжылтатыны мәселенің дұрыс шешімін ұсынып жүрген білімді, білікті академиктеріміздің сөзін ешкім ескермейді. Өз елі өзін бағаламаған соң олардың шетелге көшуден басқа амалы жоқ. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғысқа бергісіз мәтелді қазақ кезінде осындай парықсыздардан мүлде түңіліп кеткен кезде айтқан-ау.

– Парықсыздар бағалы боп тұр ғой қазір.

– Менің ойларым мүмкін дұрыс, мүмкін бұрыс. Кейде сұхбат беруге құлықсыздық, ынсап танытамын. Себебі, түйгенімді бөліскенмен, оны тыңдап жатқан тыңдаушы қане? Тыңдалмаған сөз жетім демей ме! Жұмыстың нәтижесі дегенде бетіндегі қаймақтар, олимпиада жүлдегерлерінің жетістігін тілге тиек етеді. Ондай өрендеріміздің бары жақсы, дейтұрсақ та олардың жетістігі жалпы деңгейдің көрсеткіші емес. Біздің мұғалімдерді аймақ-аймақтан топтастырып шет мемлекеттерге тәжірибе алмасуға қыруар қаржы бөліп жібереді. Оның нәтижесі бар ма? Ол игілікті игеруге ел қабілеті жете ме? «Көріп келіңдер, бірдеңе түйіп келіңдер, іске асырыңдар» деген желеумен жіберіледі. Әрине дұрыс тенденция. Бірақ, бірақтан көз ашпаймыз ғой. Сол игіліктің нәтижесі қайсы? Құқықтық жағынан өреміз өспей келеді. Заң шыққанымен, оның игілігін толыққанды көру үшін де білім керек. Біздің кезде ондайды ешкім үйретпеді, дегенмен әлі де кеш емес…

– Шынымен өзіңіз айтпақшы, білім саласында қордаланған мәселе бір күннің әңгімесі емес. Саланы жақсарту үшін енді не істеу керек?

– Мұғалімнің жұмысы оңай емес, десек те әр педагог өз жұмысына жауапкершілікпен қараса құба-құп. Абырой-беделден гөрі қазір жайлылық пен айлықты өсіру мәселесін көп сөз етеміз. Мұғалімнің беделі – білімінде, біліктілігінде. Айлықты көбейту – ұстаз беделін көтерудегі жанама фактор. «Жүрегі жылы адам бәрін бірдей жақсы көреді, ал тілі жылы адамды барлығы дерлік жақсы көреді» деген сөз мұғалімдерді сипаттап айтылғандай. Әл-Фараби бабамыз айтпақшы «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сапа мен тәрбиеге мән берсек, оның соңы игілікке жетелері сөзсіз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»

Дені саудың — жаны сау!

    БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылы қабылдаған Тұрақты даму...

ҚазҰУ Заң факультеті: Қазақстандағы құқықтық білімнің флагманы

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультеті Қазақстанның ең...

Мемлекеттік тіл мерейім!

Мемлекеттік тілге деген құрмет ауыз екі тілде қазақша таза...

Қызылорда да сотталғандар ұлттық ойыннан сынға түсті

Қылмыстық-атқару саласына қарасты №68 мекемесінде шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандар...

СИЛА ЖЕНЩИНЫ: ПОБЕЖДАТЬ, ВДОХНОВЛЯТЬ, ЖИТЬ

19 ноября в Алматы в рамках проекта «Розовый октябрь»...