12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Әрбір сот актісі орындалу нәтижесімен құнды

Егемендіктің таңы атқалы дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңаша қарқын алған саланың бірі – сот билігі. Елімізде сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылып, өзіне азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Сондықтан, «Тәртіпке бағынған құл болмайды», — демекші, мемлекеттік биліктің бір тармағы саналатын соттың үкімін, шешімін, қаулысын орындаудың жауапкершілігі қашанда жоғары. Ал, орындалмаған сот актілері әділдік іздеген тараптың әділдікке деген сеніміне селкеу түсіретіні анық. Оның үстіне, сот жүйесі жұмысындағы  күмән мен сынға да себеп болып табылады.

Өкінішке орай, сот актілерін уақытылы орындамайтын, тіпті, көзделген жауаптылыққа да шекеден қарайтындар мәселесі біздің қоғамда әлі де бар. Тіпті, кейде борышкер қаражаты мен дүние-мүлкін әдейі жасырып, жауапкершіліктен жалтарып, сот актісін орындауға асықпайды. Ал, кейбір тараптардың  даусыз талап қоюлар бойынша апелляциялық сатыға жүгініп, уақытты қасақана созбалаңға салатыны бар. Осылайша, заңды күшіне енген сот актілерінің өзі дер кезінде орындалмай, «сиырқұйымшақтануы» екінші тараптың төзімінің таусылып, сенімінің сарқылуына әкеледі емес пе?!  Осы орайда, өзге елдердің тәжірибесіне сүйенсек, сот актілері бірден орындалады. Ал, біздің елімізде «Баяғы жартас, сол жартас», — демекші  сот актілерінің айлап, жылдап орындалмауы үйреншікті жағдайға айналып барады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, елімізде орындалмаған сот актілерінің басым бөлігін алимент қарыздары құрайды. Себебі, тиісті сот шешімі шықса да алимент төлеуден жалтарып жүргендер баршылық. Сондықтан, өңір соттарында азаматтарға сот  актілерін орындату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу күн тәртібінен түскен емес. Мемлекетте аталған мәселеге ерекше назар аударып, жеке сот орындаушылар институтын енгізді. Сонымен қатар, заңнамалардағы өзгерістер мен толықтырулар, сот орындаушыларының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар да  сот актілерінің уақытылы орындалуына мүмкіндік беруде. Алайда, әлі де сот актілерін орындамағандарға қатысты жауапкершілікті күшейту қажет деп білемін.  
Азаматтық процестік кодексінің 21-бабына сәйкес, бірінші сатыдағы сот азаматтық істер бойынша сот актілерін сот бұйрықтары, шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары нысанында қабылдайды. Сонымен қатар, заңды күшіне енген мұндай сот актілері, сот төрелігін жүргізу кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және  бүкіл ел аумағында орындалуға жатады.
Ал, сот актілерін орындамағандарды әкімшілік жауаптылыққа тартудың заңды тетігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабында көрсетілген. Атап айтсақ, сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамаудың соңы жеке тұлғаларға – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. Ал, сот актілерін орындамаған лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 430-бабына сәйкес, сот үкімін,  заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасау — сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Соттың шешімін алу бір бөлек те, оның орындалуы өз алдына үлкен жұмыс күйінде қалып отыр. Қорыта айтсақ, әрбір сот актісі орындалу нәтижесімен құнды. Себебі, бір ғана сот актісінің орындалмай орта жолда қалуы сотқа, сот орындаушыларға, мемлекеттік билікке деген сенімді төмендететіні анық. Біздің басты міндет – сот жүйесіндегі реформаларды сапалы жүзеге асыру және қоғамның соттарға деген сенімін арттыру, азаматтардың құқығын қорғауды күшейту жұмыстарын жалғастыра отырып, сот шешімдерінің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету болмақ.
 РАХЫМЖАН БЕЙСЕНОВ, Ақтау қаласының №2 сотының төрағасы

Интернет алаяқтарынан сақ болыңыз

Алаяқтық дегеніміз- бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап...

Сот төрелігінің үнсіз қаһарманы: Сот отырысының хатшысы

Қоғамда әділдіктің темірқазығы саналатын сот жүйесінің әрбір мүшесі өз...

Талап болса, тіл тұғыры биіктейді

Қазақ тілі – қазақтың жаны, халықтың ең қадірлісі. Тілді...

Эксаумақтық соттылық және оның процестік ерекшелігі

Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен...

Қазақ тілінің бүгінгі тағдырына біз жауаптымыз

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан...