(ТАЛАС ОМАРБЕКОВ)
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбекұлы Омарбековтің керемет ұстаздық шеберлігімен, табиғатынан туа біткен кемелділігімен талай жас ғалымдардың «ғалым» болып қалыптасуына сіңірген еңбегі мол екенін мойындаймыз. Ел аузынан аты түспейтін Талас ағайдан көптеген студенттер мен жас ғалымдар тәлім-тәрбие алып, білім нәрімен сусындаған еді. Ол жаңаша сабақ беру әдіс-тәсілдерін, оны қызықты және пайдалы етіп өткізудің жолдарын, тың деректер мен ғылыми зерттеулердің негізінде тарихты жазып, маңызды тақырыптарға дәрістер мен семинар сабақтарын дайындауды үйретті. Ұстаздық ұлағатымен, әкелік мейірімі мен ағалық қамқорлығымен талай жастарға, ғылым кандидаттары мен докторлардың өмірден өз жолдарын тауып, өз орындарын анықтауға көмектесті.
Бұл естелік мақаламда Талас ағайдың менің өмір жолымда кездесіп, ұстаздығымен қоса ғылыми зерттеулеріме бағыт-бағдар беріп, әкелік қамқорлығын жасап жүретіндігін ұмытуға болмайды деп жазуды жөн көрдім. Бұған дейін мен мақалаларымда Талас ағайдың ғылымға қосқан сүбелі еңбектеріне тоқталған болатынмын. Ал Талас ағайдың адамгершілік болмысы бір бөлек. Кейде өмірде түрлі келеңсіз жағдайларда ашуланатын кездері болғанымен, өмірінде 1 рет те маған ауыр сөз айтып, ұрысқан емес. Өзі өмірде көп қиыншылық көріп, тағдырдың қиындығына қарамастан осы абыройлы дәрежеге өз күшімен жеткенін үлгі ететінбіз. Сондықтан өз күшіне сенген шәкірттеріне де үнемі қолдау көрсететін. Мен 2005 жылы магистратураны бітіріп жатқан кезім еді, кабинетке бір құжаттармен барған едім, менің ғылыми жетекшім Қамбар Атабаев екеуі жұмыс бабымен сөйлесіп отыр екен. Ол кезе екеуі де факультетіміздің мықты кафедраларының меңгерушілері болатын. Талас ағай Қамбар ағайға менің бітіргенімді және болашақта жақсы кадрлар керектігін айтып, кафедраға деректану саласына алуды ұсынды. Қамбар ағай көп ойланбастан мені өз кафедрасына оқытушы қызметіне шақырды. Талас ағай сол кезде менің болашағымды ғылыммен байланыстырып, ары қарай деректану саласында зерттеулер жасауыма ықпал етті. Көп ұзамай Деректану және тарихнама кафедрасында 1 жыл оқытушылық қызметке қабылданып, 25 түрлі пәнді жүргіздім. 2006 жылы аспирантураға тапсырып, емтиханнан өттім. Факультетке келіп, Талас ағаймен қуанышымды бөлістім, сонда ол кісі маған қарап: «Сен тарихымыздағы соңғы аспирант екенсің, бұдан соң аспирантураны алып тастайды екен. Сондықтан сені «Последни Магикан» деп атаймын», — деп күліп, құттықтады. Әдеттегідей Талас ағай мен Қамбар ағай менің ғылыми зерттеу тақырыбына сай түрлі тақырыптар ұсынып, менің зерттеушілік қарым-қабілетіме сай таңдауды өзіме берді. Мен 3 жылда аспирантураны аяқтап, уақытында қорғағаным үшін қосымша мемлекеттен шәкіртақы алған болатынмын. Ол кезде қорғау дегенде қазіргіден мүлдем басқаша болатын. 30-дан аса ғалым еңбегіңді оқып, өз пікірлерін білдіруі қажет болатын. Сол қорғау кезінде маған қанат бітіріп, қорғауыма дем берген Талас ағайдың бір ауыз сөзі еді: Нәзия! Жұмысыңды толық оқып шықтым. Бұл жұмыс толықтыруды немесе өзгертуді талап етпейді! Талапқа сай, толық аяқталған, дайын жұмыс. Қорғауға болады!». Бұл сөзден қанаттанған мен, зерттеуге қатысты айтылған сын-ескертпелерге жауап бере алатыныма сенімімді күшейтті. Ал қорғау кезінде:»Сенің тақырыбыңды сенен басқа ешкім зерттеген жоқ. Оны сен қалай көрсетесің, солай ол қабылданады», — деген сөзі қорғауыма дем беріп, сәтті қорғап, 3 айда кандидат атандым. Бұдан басқа Мемлекеттік жобаларда, ұйымдастырған конференцияларда, шығарған кітаптарым мен мақалаларымда Талас ағайдан тек мақтау есітіп отыратынмын. Талай зерттеуші ғалымдардың өздері Талас ағай сені мақтап жүреді деген сөзін естігенде шабытым оянып, қосымша күш бітіп, шаршап тұрсам да қанаттанып кететінмін. Бір айда ВАК 2-3 мақаласын жазып тастайтын кездер де аз болған жоқ.
Талас ағай менің әкеме: «Бұл қыз докторлығын да қорғайтын еді, әттең уақыты жоқ. Докторлық қорғауды жауып тастады», — деген екен. Бұны неге айтып отырмын, ғылымға енді келген 23 жастағы қызға жақсы сөзімен, қолдауымен, көрегендігі мен сеніп тапсыруымен ғылым жолына түсуіме септігін тигізді, жол сілтеді. Ғылым жолын оңай қабылдауды көрсетті, қиындатпады. Мен сияқты талай шәкірттерге жол көрсетіп, ғылымға баулыды дегім келеді. Бүгінгі сөзбен айтқанда Мативация болды!
Талас ағайдың талмай ізденіп, ғылымға тыңнан соқпақ салып, деректерді дәйектеуде де соны әдіс-тәсіл пайдалануға шебер ғалымның ұстаздық тұрғыдан ізбасарларына үлгі болар тағылымы мол еді. Заман ағымына, уақыт сұранысына сай еңбектенуге дағдыланған оның небір қиындықтарды жеңе жүріп төл тарихымызды дамытуға қосқан үлесі аса сүбелі екенін анық.
Бүгінде тарих ғылымының ұлағатты ұстаздарының бірі болған Талас ағамыздың 75 жасқа толған күні өзінің жоқтығы білінді. Тек тарихшылар арасында ғана емес, көзі қарақты кез келген Қазақстан азаматы Талас Омарбековтың сүбелі еңбектерін, өзекті де проблемалық мақалаларын оқып, ғалымның жоғары адамгершілігі мен қарапайым болмысы жайлы біледі. Тарихқа сіңірген еңбегі хатқа түсіп, шәкірттері арқылы болашақ ұрпаққа жетеді. Ғалымның хаты өлмейді…
Тасилова Назия Айтбайқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты


