Бүгінгідей ақпараттар заманында сөз жауаптылығының сақтала бермейтінін сот тәжірибесі анық көрсетіп отыр. Бұрын халық ақпаратты газет-журналдардан, телеарналардан көріп, білетін. Бүкіл жұртшылық көз тігіп отырғандықтан бұқаралық ақпарат өкілдері ол кезде әр ақпаратты тексеріп, сүзгіден өткізіп барып жариялайтын. Әр журналист өзі ұсынған мәліметтің шындыққа сәйкес келетініне, өзгелердің құқығын бұзбайтынына көзі жеткенде ғана жарияланымға беретін. Содан болар, ол кезде БАҚ-та шыққан ақпараттың дәлдігіне ешкім күмән келтірмейтін еді.
Ал қазір заман басқа. Қазір газет-журналдар мен телеарналардан бөлек, сайттар, ақпараттық порталдар жаңалықтар таратады. Ғаламторға телмірген азаматтар өзіне керекті жаңалықты әлеуметтік желілерден, блогерлердің парақшасынан оқуға үйренген. Өкінішке орай, олардың көпшілігінде жауаптылық жоқ. Рейтинг жинап, таралымын көбейту үшін, танымалдығын арттыру үшін сайттар мен блогерлердің ақпаратты тексермей ұсынатын кезі көп. Олар осы әрекеті арқылы заңды белден басып, азаматтардың құқығын таптайтынын түсінбейді.
Кейбір негізсіз жазылған ақпараттардың жекелеген тұлғалардың ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтіретіні ақиқат. Азаматтық кодекстің 143-бабында азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды таратқан адамға жауаптылық көзделген. Заңнамаға сәйкес, еліміздің әрбір тұрғыны өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы. Ар-намысқа тиетін мәліметтер БАҚ арқылы тараса, деректі тексермей ұсынған бұқаралық ақпарат құралдары кешірім сұрап, терiстеу мақаласын тегін шығарылуы тиiс. Егер БАҚ қате мәлімет бергенін мойындамай, терістеу материалын жариялаудан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, іс сот тәртібінде қаралады.
Тағы бір ескерерлігі ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келген азамат жауапкерден өзіне қатысты негізсіз мағлұматтарды теріске шығарумен бірге, келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге де құқылы. Оның көлемін сот анықтайды.
Д.Акетаев,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы