Алимент өндіру – қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселенің бірі. Бүгінде республика көлемінде ажырасу көп, тиісінше алимент саны да жыл өткен сайын өсіп жатыр. Бір алименттің артында қанша тағдыр тұр. Жыл сайын Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы өндірілмеген алимент істеріне байланысты деректерді шығарады. Оның ішінде мүлде орындалмай, қозғалыссыз жатқандар ісі де, ара-тұра алимент төлеп, берешегін жартылай қайтарғандар ісі де бар. Соған орай берешек көлемі бірде жоғарыласа, бірде төмендеп отырады.
Жеке сот орындаушылар қызметіне көңілі толмайтындар көбінесе осы алиментке байланысты қарыздың өсуін алға тартады. Рас, алимент төлемейтіндер бұрын да болған, қазір де жоғалып кеткен жоқ. Жеке сот орындаушылардан қашып, нақты табысын жасырып жүрген азаматтар барда бұл мәселе ешқашан шешілмейді. Өкінішке орай, біздің елімізде баласының алдындағы жауаптылығын сезінбейтін жандар аз емес. Алимент төлемей жүргендердің арасында түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар да, денсаулығына байланысты ем алып жатқандар да баршылық. Олар берешегін қайтаруға қауқарсыз.
Қазіргі кезде өңірлерде тек алимент өндіруге маманданған сот орындаушылар шоғырын қалыптастыруға қадам жасалуда. Мұның да өзіндік әсері барын, нәтижесі болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Сонымен бірге, жұмысын жолға қойған, өндірісіне түскен сот актілерін дер кезінде сапалы орындаған, азаматтардан шағым түспеген жеке сот орындаушылардың рейтингі түзіліп, көпшілікке ұсынылуда. Бұл бір жағынан өз ісін тиянақты, тыңғылықты, талапқа сай атқаратын мамандарды ынталандыруды, халыққа танытуды көздесе, екіншіден, жеке сот орындаушыларға жауаптылық жүктей отырып берешекті дер кезінде өндіртудің бір жолы.
Жеке сот орындаушылар палатасы да, жеке сот орындаушылардың өзі де алимент өндіруге серпін беретін жаңа тәсілдер енгізіп, тәжірибені жетілдіруге барынша тырысуда. Қалай болғанда да борышкердің санасына әсер етіп, алимент бойынша жүктелген жауаптылықты өз еркімен орындауына жол ашатын тетіктерді табу аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Біздің негізгі мақсатымыз – сот шығарған актіні дер кезінде орындау. Ал сот актісінің орындалуына ризашылығын білдірген әрбір адамның жүрекжарды лебізі, алғаусыз алғысы сенімімізді арттырып, ынталандыруға үлкен септігін тигізеді.
Егер балаларымен бірге тұрмайтын ата-аналардың бірі оларды асырауға ақша қаражатын төлеуден бас тартқан жағдайда алименттік берешек пайда болады. Алимент төлемдерін өндіріп алу туралы сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ету үшін сот орындаушылары борышкерлерді әкімшілік, тіпті қылмыстық жауаптылыққа тартуға құқылы.
Ғалым Достанов,
Алматы облысы
Талғар аудандық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы


