Ауылшаруашылығы мемлекеттік қолдаудан кенде емес. Тек соңғы 5 жылда бұл салаға 2 трлн субсидия берілді. Соған қарамастан былтыр азық-түлік импорты 20 пайызға өсіп кетті. Алдағы уақытта бұл үрдіс тіпті күшеюі мүмкін. Мұндай жағдайда бөлініп жатқан қаржының қайтарымы қаншалықты тиімді болмақ? Осы сауалды Парламент Сенатының төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ еліміздің бас аграрына қойған еді.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сауалға жауап беру оңайға түспеді. Өйткені салада қордаланған мәселе көп. Мәулен Сағатбекұлы оларды жан-жақты талқылау үшін арнайы парламенттік тыңдау өткізу жайлы ұсыныс жасаған болатын. Осыған орай жақында Сенатта «Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру және импортты алмастыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу мәселелері» тақырыбына арналған үкімет сағаты болды. Онда да құзырлы орынның берген есебі көңілден шықпады. Әдеттегідей жауырды жаба тоқу, құрғақ уәде беру. Жалпы, ауыл шаруалығы өнімдерін қайта өңдеу – тұтас саланың дамуына қарқын беретін драйвер. Бұған елімізде ресурстар жеткілікті. Оларды дұрыс және ұтымды пайдалансақ, бiз бұл саланың жаңа қырын ашып, ішкі нарықпен қоса сыртқа да өнім шығарып, кірісімізді арттырамыз. Өкінішке қарай мемлекеттік қолдауға қарамастан, жалпы өнімдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесі әлі де төмен. Бұл жөнінде сенатор Закиржан Кузиев кемшіліктерді сала-салаға бөліп, олардың себептерін де жіліктеп берді. Кузиевтің айтуынша, ауылшаруашылығындағы кемшілікке өндірістің шағын көлемі, ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу және жылжыту жүйесінің дамымауы, нарықта жалған арзан өнімдердің болуы және соның салдарынан отандық өндірушілердің бәсекеге қабілетінің төмендеуі түрткі болып отыр. Сонымен қатар, сауда желісінде делдалдар рөлінің күшеюі өндірушілер мен өңдеушілер арасындағы қарым-қатынасты жойды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, агроөнеркәсіп кешенін дамыту халықты арзан және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, жұмыс орнын ашу, заманауи инфрақұрылым мен коммуникациялар құруға да жол ашады. Бұл үшін әрине, еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі заманауи технологиялар мен инновацияларды дамытып, өнімдерді қайта өңдеу саласында қордаланған бірқатар жүйелі мәселелерді шешу қажет. Соның бірі астық өңдеу саласындағы басымдық беріліп отырған ұн тарту ісі. Өкінішке қарай, бұл саланың жұмысы кері кетіп бара жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан 270 кәсіпорында өндірілген ұн көлемі бойынша әлемде көш бастап тұрса, қазір олардың үштен бірінен азы жұмыс істеп тұр. Себебі – нарықтағы жоғары бәсекелестік. Бұл тығырықтан халықаралық нарықтағы позицияны қалпына келтіру, астықты терең өңдеу арқылы шығу керек. Мақтаны өңдеуде де еліміз кенже қалуда. Мәселен, 2022 жылы жиналған 360 мың тонна шитті мақтаның тек 15 пайызы ғана қайта өңделіпті. Яғни, біз мақтаны өңделмеген күйінде шетелге сатамыз. Өткен жылы экспорт 30,2 мың тонна мақта талшығын құрады. Өнімнің бір тоннасы 285 мың теңге болса, сол тоннадан өңделген шикі матаның немесе төсек-орынның құны 2,9 миллион теңге, яғни қосылған құн 300 пайыздан асады. Осының салдарынан республиканың жалпы ішкі өніміндегі тоқыма және тігін өнеркәсібінің үлесі 0,01 пайыздан аспай отыр. Мал шаруашылығы өнімін өңдеу жайы тіпті өзекті өртейді. 2022 жылы ірі және ұсақ малдың жүн және терісін өндіру сәйкесінше 40,6 мың тонна және 11,4 млн дана болды. Оның 33 мың тоннадан астамы немесе 82 пайызы өңделмеген. Терілердің жайы да шамамен осындай. Өңделмеген шикізаттың басым бөлігі қоқысқа тасталады немесе өртеледі. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға да кері әсерін тигізіп, түрлі ауру тудырады. Мамандардың айтуынша, жүн, тері өндірумен айналысу тиімді. Өнім жоғары сапалы және технологиялық өңдеудің барлық стандартына сай болса, мал өсірушіге мал етін сатудан да көп табыс әкеледі. Демек, қой жүні мен терісін өндіру және өңдеудегі жұмыс пен мемлекеттік реттеудің әдістемесін қайта қарау керек.
А. ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


