Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметі бойынша қазақстандықтардың саны 19 миллион 854 мың. Ал, 1991 жылы ел халқы 16 964 мың болған. Яғни, тәуелсіздік жылдары қатарымыз 2890 мың адамға толыққан. Кез келген мемлекет үшін халық санын көбейту әрқашан да маңызды десек, ұлан-ғайыр жері бар Қазақстан үшін бұл ең басты мәселе. Сондықтан, әрбір адам, оның өмірі мен денсаулығы еліміздің басты байлығы саналатыны Конституциямен бекітілген. Біздің мұны айтуымызға, елімізде орын алатын төтенше жағдайлардың басым көпшілігінің өртпен байланысты болатыны себеп болып отыр. Мәселен, мемлекетімізде әрбір жыл сайын 12 мыңнан астам өрт оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 400-ден аса адамның көз жұматынын ресми мәліметтер растап отыр. Мұның 800дейі орман, дала өртіне байланысты болса, 50 пайыздан астамы қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан орын алатынын төтенше жағдай қызметкерлері жоққа шығармайды. Астанада орын алған өрттен бес баланың көз жұмуы бүкіл елді күңірентіп кетті, Абай облысында арыстай 14 азаматымыз тілсіз жаудың құрбанына айналды.
Тізе берсек, жан ауыртар мәліметтер жетерлік. Осы себепті, халық санының өсуіне кері әсер ететін төтенше жағдайлардың алдын алуда ормандар мен дала алқаптарында, тұрғын үйлерде, қоршаған ортада қауіпсіздік талаптарын сақтау және оларды бұлжытпай орындау жайлы ақпараттарды ұдайы насихаттаудың маңызы зор екенін айтқымыз келеді. Осыған орай, ҚР ТЖМ Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметіне қарасты №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Ерлан ТОЙШЫБЕКОВТІ сөзге тартқан едік.
«Өрт сөндірушінің еңбегі қас-қағым сәтпен өлшенеді»
– Ерлан Нұрланұлы, өрттің шығуына көп жағдайда не себеп болады, маман ретінде айтарыңыз?
– Жұмыс бабында түрлі жағдайға куә боламыз. Солардың көбінде байқағаным, азаматтар қауіпсіздік шараларына мән бермей, немқұрайдылыққа бой алдырады. Бабаларымыздың «отпен ойнауға болмайды» деген сөзінің астарында терең мән бар. Өйткені, әлсіз шоқтың өзі айналасына алапат өрт шығаруы мүмкін. Қарапайым мысал, темекінің тұқылын өшірмеу немесе газды жағып, оны қараусыз қалдыру, оттықты балалардың қолы жететін жерге қою, телефонды токқа қосып жату сынды салғырттықтың соңы өкінішке ұрындырады. Сондай-ақ, токты оған қосылатын барлық затты, газды пайдалануда қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Өрттің «тілсіз жауға» теңелуі бекер емес. Оған адамның кез келген әрекеті себеп болады. Сондықтан, біз тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау туралы ережелерді ұдайы түсіндіреміз.
– Өрт сөндіруші – жауапты мамандық. Бұл салаға келетін мамандарға қандай талаптар қойылады?
– Өрт ырғалып-жырғалып жүруді көтермейді. Арнайы маманнан шапшаң шешім қабылдап, тәуекел жасап, нақты әрекетті талап етеді. Бұл салаға «сен тұр, мен атайын» дейтіндей жылдам әрі жүректі азаматтар таңдалады. Жылдам дейтінім, дабыл түсісімен оқиға орнына 1 минутта шығып кету керек. Арнайы киімді киіп үлгеру, тағы басқа дайындық шаралары да осы уақыт ішіне кіреді. Өрт болған жерге жеткеннен кейінгі әрекет бұдан да жылдам болуы тиіс. Өйткені, алаулаған жалын ішінде адамдар қалуы мүмкін. Оларды құтқару өрт сөндірушінің ең басты міндеті. Қазақта «қас-қағым сәт» деген сөз бар ғой. Осы қас-қағым сәтте олар зардап шегушіні құтқарумен қатар, алғашқы медициналық жәрдемді көрсету, өртті өшірудің барлық шараларын жасап та үлгеруі керек. Өрт сөндірушінің еңбегі қас-қағым сәтпен өлшенеді, мұны біреу білсе, біреу білмейді.
– Өрттің алдын алуда азаматтар нені білуі тиіс?
– Өрттің алдын алуда мамандар ұйымдастыру және техникалық шараларын жүзеге асырады. Тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Мысалы, құрылыстарды өртке төзімді материалдардан салу, пештер, т.б. талапқа сай болуы тиіс. Өрт шыққан жағдайда бірден өрт сөндіру қызметіне хабарлаудың маңызы зор. Ешқашан немқұрайдылыққа салынбаған абзал. Бұл ретте, халыққа қауіпсіздік ережелерін әрдайым сақтап, барынша абай болыңыздар дегім келеді.
– Рақмет.
Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ,
«Заң газеті»


