«Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – ертең жоқ» қағидатына сүйенсек, заманауи сот жүйесін билер сотынан бөліп қарай алмаймыз. Билер соты біздің алтын арқауымыз. Өз заманында Төле би, Қазыбек би, Əйтеке билер бірігіп, ұлттың береке-бірлігін сақтау жолында қызмет етті. Олар ұстанған басты мақсат халқымыздың теңдігі мен азаттығы, татулығы болды. Сол мақсаттарын дау-жанжал шешуде шебер пайдалана білді.
Билер тек қана соттың ғана емес, сонымен қатар, адвокаттың да, прокурордың да, тергеушінің де, судьяның да рөлін атқарды. Осы норма тәуелсіз еліміздің Азаматтық процестік кодексінде қайта жаңғыртылып процестегі судьяның белсенділігі артты. Осыған орай, істің ақ-қарасын ашуда судья қажетті құжаттарды сұратуға, дауға қатысты жайттарды тараптармен бірге талқылап, түсіндіруге, сондай-ақ, қосымша сауалдар қоюға мүмкіндік алды.
Ең бастысы, билер институтының бітімгершілік нормалары заманға сай жаңартылып, арнайы Медиация туралы заң болып қабылданды. Азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, т.б. заңнамаларға татуласу рәсімдері арнайы тарау болып енгізілді. Осылайша дауды сотқа жеткізбей, татуласу арқылы шешу жолдары қайта жаңғыртылды.
Бүгінде соттарда дау шешудің баламалы тәсілдері кеңінен қолданылады. Мысалы, Азаматтық процестік кодекстің 17-тарауында азаматтар ортақ мәмілеге татуласу келісімі, дау-жанжалды медиация тәртібімен реттеу және партисипативтік рәсім, сондай-ақ, осы Кодекстің 73-бабына сәйкес, сотқа дейінгі хаттама жасау арқылы келе алатыны нақтыланған. Тараптар ортақ мәмілеге келуде осы қағидалардың бірін таңдауға құқылы.
Тағы бір айтып өтерлігі, Медиация туралы заңға сай, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатпайды. Медиацияны жүргізуде тараптардың бірінің жасы кәмелетке толмаған болса, онда педагог немесе психолог, сондай-ақ, заңды өкілдері қатысады. Қылмыстық сот ісін жүргізуде медиация заң тәртібімен сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу уақытында жүзеге асырылады.
Өзара келісімге келгеннен соң істің қысқартылуы татуласу рәсімінің басты артықшылығы саналады. Татуласу келісіміне қарсы талап арыз келтірілмейді. Шарт ерікті түрде жасалады, сондықтан, атқарушылық өндіріс қозғалмайды. Тараптар үшін ең тиімдісі, ешкім жеңілмейді. Дауды азаматтардың өздері шешуге тырысуы, ортақ келісімнің орындалуы деңгейін жоғарылатады. Өйткені, мұнда екі жақ та мүдделі болады. Мемлекеттік баж қайтарылады. Келісімде талап арызда көрсетілмеген талаптарды да қамту мүмкіндігі бар. Ескерерлігі, келісім шарт жасасқанда заң талаптары қатаң сақталуы керек.
Медиацияны дамытуда ҚР Жоғарғы Соты тәжірибеге енгізген «Соттағы татуластыру рәсімдері», «Татуласу: сотқа дейін, сотта», т.б. жобалар өзін-өзі ақтап жатыр. Бұлар дана билеріміздің «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» қағидатымен толықтай үйлеседі.Халқымыздың «Өсер елдің арманы бітпес, өспес елдің жанжалы бітпес» деген аталы сөзін ел азаматтары өмірлік ұстанымына айналдырса, мелекетімізде дауласу көрсеткіші азаяды.
Ғани Амантайұлы,
Түрксіб аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы


