Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам мен оның өмірі, құқықтары және бостандығы екені Конституцияның 1-бабымен бекітілген. Ал, адам құқығы мен бостандығының сақталуына соттар кепілдік етеді. Үшінші билікті жүзеге асырушы басты тұлға судья. Сондықтан, судьяның кәсіби білім-білігі мен адамгершілік қасиеттеріне, яғни, конституциялық заң мен Судья әдебі кодексінде көрсетілген сот төрелігін іске асыру барысындағы мінез-құлқына қоғам тарапынан әрқашан да жоғары талаптар қойылады.
Бұл талап Судьялық әдеп кодексінің 1-бабында «Судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез-келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс–тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп
нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс» деп көрсетілген. Осыған орай, судьялар сот билігінің беделін түсіруге әкеп соғуы және судьяның абыройына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болулары тиіс.
Судьялық мәртебелі әрі жауапкершілігі аса ауыр қызмет, олар Мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалатындықтан, басты мақсаттары әділдік, ал, өмірлік ұстанымдары қызмет пен күнделікті өмірде адамгершілік нормалары мен мінез-құлықтың әдеп қағидаларын бұлжытпай сақтау, сол арқылы ел сотының беделін биік ұстау болмақ. Судья сот төрелігін жүзеге асыру барысында тексерілген дәлелдемелер мен деректерді ғана басшылыққа алып, сотқа жүгінушілердің ұлтына, діни сеніміне, т.б. жағдайларына қарамай, сот пен заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді. Олар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз, істің ақ-
қарасын ажыратуда ішкі түйсігіне сүйеніп, Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот үкімдері мен шешімдерінің республика атынан шығарылуы судьялардан тек әділдікті талап етеді. Судьяның өзін-өзі қатаң тәрбиелеп, кез келген ортада өзін ұстай білуі міндет. Өйткені, судьяның кәсіби білімі, мәдениеті мен адами қасиеті өз кезегінде Қазақстан сотының беделіне әсер етеді. Судья әдебін сақтаудың маңыздылығы да осында.
Дана билеріміз «Тура биде туған жоқ» дегенді бекер айтпаған. Жұмыстан тыс уақытта судьяның мінез-құлқы мен сыртқы келбеті оның қызметіне лайықты болуы керек. Қызмет бабын жеке басынының, отбасы мүшелерінің немесе өзге тұлғалардың мүдделері үшін пайдалануына заңмен тыйым салынған.
Судьялардың істі қараған кезде титтей нәрсенің өзіне сыни көзбен қарап, тараптарды мұқият тыңдауы, сондай-ақ, олардың сот билігінің әділдігін әрбір шешімімен дәлелдеуі абыройлы қызметке сай екендіктерін көрсетеді. Судьялық әдеп кодексі соттар корпусының құрамын кәсіби және адами-әдеп жағынан нығайтудың құралы. Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам десек, биліктің үшінші тармағы – сот жүйесі халық сеніміне селкеу түсірмеуі тиіс.
Бағдат Байғожаев,
Маңғыстау облыстық мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы


