– Оразгүл апай, мемлекеттік тілді дамытуда атқарған ісіңіз көп. Астана қалалық тіл басқармасын басқарып тұрған кезіңізде елордадағы 300 көше атын өзгерткен тарихи еңбегіңіз айрықша аталады.
– Қазіргі таңда сол кездегі тәжірибемді көпшілікпен бөлісіп жатқан жайым бар. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке ризамын. Оған «кезінде мен осы Астана қаласының тіл басқармасын басқарып едім, елордада тіл дамып еді. Тілді насихаттап, алға жылжытуда, мәртебесін көтеруде мені пайдалансаңдаршы, құдайға шүкір, күшім бар, тәжірибем бар, мен бұл іске қозғау салайын, дәріс оқиын» деп барғанымда бірден қолдады. Бүгінде басқарма басшыларын жинап беріп, оларға өз білгенімді бөлісуге жағдай туғызып жатыр. Мұны мен бұған дейінгі әкімдерге, министрлерге, мемлекеттік хатшыларға талай айтқан едім. Олар қажет етпеді. Негізі бұл жұмыс ерте басталуы керек болатын. Енді ештен кеш жақсы дейміз. Мен 26 баптан тұратын пәрменсіз саналып жүрген «Тіл туралы» заңмен Астанада біраз жұмыс істегенмін. Өткен аптадан бастап мектептер мен мекеме басшыларына сол жөнінде дәріс оқи бастадым.
– Дәрістеріңізде не айтып жатырсыз?
– Мемлекет басшысы тілді үйренуге ең алдымен ниет тудыру керек деді ғой. Расында Шалкиіз ақын айтқандай «жүк тиесең кетерсің, ниет етсең жетерсің». Өкінішке қарай, билік те, халық та қазақ тілін дамытуға құлықсыз. Егер Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы сияқты мемлекеттік тілге жанашыр болып, оның алға жылжуына ниетті болсақ, біраз жерге барар едік. Сол ниетті тудыру үшін орыс тілі мен қазақ тілінің маңызын ұғындырып жатырмын. Қазақ тілінің орыс тілінен қабілеті, сөздік қоры кем емес, уақытында Кеңес одағы өз үстемдігін сақтау үшін он бес одақтас республиканың тілін екінші кезекке сырғытып, орыс тілін негізгі тілге айналдырды. Сөйтіп кеңес үкіметі кезінде 200 тіл өлді. Қазақ тілі де құрып бітуге жақын еді. Бақытымызға орай тәуелсіздіктің таңы атып, тіліміз сақталып қалды. Алайда, оның жайы мүшкіл болатын. Қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінен әлі күнге ұзай алмай келеді. Біз енді бұған жол бермей, тіліміздің еңсесін тіктеуіміз керек. Әйтпесе, мына қос тілділік жағдайында тілі жоғалған ұлтқа айналамыз. Бұл жөнінде британдық лингвист Дэвид Кристал өте терең айтқан. Ол өзінің «Тіл ажалы» кітабында: «тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал жаңағы жеңіліс тапқан шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ та «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ – ата-ана қанша әуреленсе де өз балаларына ана тілін үйретуге шамалары жетпейді. Ең өкініштісі де – осында» деген болатын. Дәрістерімнің әсері жаман емес. Тіпті, қуанарлықтай десе де болады.
– Жалпы, мемлекеттік тілді дамыту үшін мемлекеттік деңгейде не істеліну керек?
– Билік «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау керек. 2006 жылы Назарбаев «бүкіл мемлекеттік қызметкер 2020 жылы қазақша сөйлейді» дегенде бәрі балаларын қазақ мектебіне бере бастаған болатын. Ол жүзеге аспағаннан кейін жұртшылық балаларын қазақ мектебінен алып, орыс мектебіне беріп жатыр. Содан кейін неге қазақ тілін үйренуге ынта жоқ, неге қайтадан бәрі орыс тіліне көшіп жатыр, мемлекеттік тілді үйренуге не кедергі, қалай бұл процесті тездете аламыз деген мәселені ғылыми түрде зерттеп, жолын айқындайтын институттар ашылу керек. «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі, мықты болса егесі, майыспайды шегесі» деп Сырым Датұлы айтқандай, биліктегі ер-азаматтардың намысы ояну керек. «Мен қазақпын ғой, тәуелсіздігіме 30 жыл болды ғой, мен депутат болдым, мен министр болдым, енді ұят, өз тілімді үйренейін» десе әрі кеткенде тоғыз айда ана тілін үйренеді. Ол үйренсе отбасы да, қол астындағы қызметкерлер де қазақша сөйлеуге ықыласы артады. Олардың әке-шешесі білмесе де бұл ана тіл жеті атасының тегінде бар ғой. Тек оны оятып, уақытын қиып үйренуге ден қою керек. Мысалы, Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып келгенде қазақ тілін білмеуші еді ғой. Аз уақыттың ішінде үйреніп алды. Бұл жерде ниетін оятып, ықыласын тудыратындай насихат пәрменді жүру керек. Бұл үшін зиялы қауым өкілдерін аймақтарға жіберу керек. Онлайн режимінде де бұл жұмыс қолға алынуы тиіс. Мен сияқты дәріс бере алатындар көп. Бұрын әрбір бейсенбі күні «Қоғамдық білім күні» болатын. Сол секілді еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін мемлекеттік тілді насихаттау керек.
– Ескі заңмен де ауқымды жұмыс жүргіздім дедіңіз. Сол тәжірибеңізді бөлісіңізші.
– Мені бұл орайда әкімдер қатты қолдады. Соның бірі маған тіл басқармасының тізгінін ұстатқан Өмірзақ Шөкеев әрбір бастамама демеу беріп отырды. Мысалы, мемлекеттік тілде жұмыс істеуге көшкен мекемелерге сыйақы беруге рұқсат етті. Сол секілді Асқар Мамин де өте жақсы көмектесті. Ол бүкіл басшыларды шақырып алып, Оразгүл Асанғазы әрбір айдың 25-інде заң баптарының орындалуы бойынша есеп береді. Егер ол берген тапсырмаларды орындамайтын болсаңдар алдымен сөгіс, одан соң қатаң сөгіс алып, одан кейін мына үстелдің басында отырмайтын боласыңдар деп қатаң ескертті. Астанадағы 26 басқарма өз орындарын сақтап қалу үшін тапсырманы жанын салып орындады. Өзі қазақ тілін білмесе де Асқар Мамин оның үлкен жанашыры болды. Соның арқасында қазақ тілінде небір шаралар өтті. Мәслихаттар қазақша сөйледі. Роман Скляр қазақшаны сол кезде үйренді. Одан соң менің бағыма Астанаға әкім болып Иманғали Тасмағамбетов келді. Ол да маған зор қолдау көрсетті. Оның кезінде қазақ тілінің қолданылуына қатысты халықаралық конференция өткіздік. Алаштың тоқсан жылдығын дүркіретіп атап өттік. Яғни, мемлекеттік тілдің дамуына алдымен бірінші басшылар мүдделі болу керек. Сондықтан осы мәселе заңнамалық негізін табуы тиіс деп есептеймін.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»