Еңбек қарым-қатынасынан туындайтын дау қоғамда ешқашан азайған емес. Бұл түсінікті де. Құқықтық мемлекетте жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келіспеушіліктің заң арқылы шешілуі қалыпты үрдіс.
Еңбек дауларының туындауына көбіне көп азаматтардың құқықтық тұрғыдан сауатты болмауы, жұмыс берушіге талап қоя білмеуі, өзінің қабілет-қарымын бағаламауы, сонымен бірге құжаттарға салғырт қарауы түрткі болып жатады. Ал жұмыс берушілер жұмысшының жауапсыздығына, қабілетінің төмендігіне, негізсіз талаптар қоятынына көңілі толмай, еңбек келісім шартын бұзады.
Еңбек дауларына жұмыс берушінің жұмысшыға неғұрлым көп жұмыс істетіп, барынша төмен айлық бергісі келуі де әсер етпей қоймайды. Сонымен бірге, жұмысшыларға үстемақы, өтемақы төлемей артық жұмыс істеткісі келетіндер, жұмысшының демалыс күні де еңбек еткенін қалайтындар жұмыс берушілер де даудың ушығуына себепкер.
Еңбек дауларының алдын алуда кәсіподақтардың ролі зор. Егер жұмыс орнындағы кәсіподақтар мейлінше белсенді, тәуелсіз, сауатты болса, сәйкесінше мұндай мекемелерде еңбек дауларына жол берілмейді. Өкінішке орай, көп мекемелерде кәсіподақ жоқ. Бұған қоса, еңбек дауын өршітпей, тез арада шешу басшының біліктілігіне байланысты. Қарауындағы азаматтарға шын жаны ашитын, жұмысшылар алдындағы жауапкершілігін түсінетін басшылар ашық диалогке келіп, мәселені оңтайлы шешуге барынша тырысады.
Ал еңбек дауы бұл кезде шешімін таппаған жағдайда іске келісім комиссиялары араласады. Қандай да бір еңбек дауы туындап, келісу комиссиясының шешімі орындалмаған жағдайда ғана дау сотта қаралады. Яғни, тараптардың келісу комиссиясына жүгінуі туындаған еңбек дауын сотқа дейін реттеу тәртібінің міндетті сатысы болып табылады.Сондықтан дау тараптары бірінші келісім комиссиясында өз талаптарын айтып, мәселені бейбіт шешіге тырысады. Егер тараптар келісім комиссиясында ортақ мәмілеге келмесе, немесе ортақ шешім орындалмаса іс сот тәртібімен шешуге жатады. Еңбек кодексі талаптарының сақталмауы, оның ішінде Келісу комиссияларында дауды негізді қарамау, ұжымдық шарт талаптарын орындамау тараптардың жауапкершілікке тартылуына әкеліп соғады.
Жалпы кемшіліктің салдарымен емес, түпкі себебімен күресі қашан да тиімді. Соған орай, азаматтарға еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат беріп, құқықтық сауатты көтеру кезек күттірмейді.
Л.Ахметова,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы