12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымдарының докторы: «БІЗДІ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТАТЫН ШИКІЗАТ ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ»

– Ахмет Уәлиханұлы, жылқының 6 мың жыл бұрын алғаш рет біздің жерімізде қолға үйретілгені ХХІ ғасырда дүниежүзіне әйгілі болды. Алайда, қазақтың әлемдік мәдениетке қосқан үлесі әлі де толық айтылып, жазылып, зерттеліп жатқан жоқ.

– Жылқы мәдениетін насихаттау бізде кемшін. Қазақ жылқысының тұқымы 1917 жылғы қазан революциясына дейін біршама жазылған екен. Себебі, 1877–1878 жылдардағы орыстүрік соғысында қазақ жылқысы ерекше көзге түскен. Патшалық Ресейдің ішкі өлкелерінен келген полктардың жылқылары Дунай өзенінен өткенде қырылған да, Жайық казактарының 6 полкының бірде бір жылқысы өлмеген. Себебі, Ресей жылқылары қолда тұрып үйренген. Олардың жемшөбін әскердің арнайы бөлімі өзімен бірге алып жүреді екен. Ал қазақ жылқысының жайылып, өз қорегін өзі табуы еуропалықтарды қайран қалдырады. Қызыл империя тұсында қазақ жылқысы ет пен сүттің көзі ғана болды. Мәдениет деп қарастырған жоқ. Оның тарихтағы рөлін бірінші боп мен қарастырдым. Жылқы жайында бұрын да кітаптар болды. Бірақ олар жылқының анатомиясы, физиологиясы, экономикалық тиімділігі, шаруашылықтағы орны, еті-сүті дегендей нәрселерге арналды. Ондай кітаптарды қарапайым халық оқымайды. Тек мамандар ғана оқиды. Менің «Қазақ жылқысының тарихы» деп аталатын кітабым 50 баспа табақ. Оны 30 жыл бойы зерттеп жүргендіктен, жылқының тарихтағы орнын қамтуға тырыстым. Жылқы деген өзі қазақтың жаны, ұлттық коды ғой.

– Қазақ жылқысы қазақтың ұлттық коды екенін өзіңіз секілді ғалымдар ғана айтып жүр. Қарапайым халықтың көп нәрсені білмейтіні неліктен?

– Кеңес үкіметі 1930 жылдары 2,5 млн халқымызды ғана емес, жылқымызды да аяусыз қырып-жойды. Соның нәтижесінде 1928 жылы республикадағы 4,5 миллион жылқының 1939 жылы 300 мыңы ғана қалған. Жанынан да, малынан да айырылған халқымыз бұл апаттан кейін өзінің бірталай рухани және материалдық байлығынан еріксіз ажырап қалды. Мен жылқы мәдениетін 30 жылдан бері зерттеп келе жатырмын. Осы уақытта қазақтар тұратын шет елдердің бәрін аралап, бірталай мәлімет жинадым. Соның ішінде жылқының түсіне байланысты 380-нен астам, жылқы сынына қатысты 200-ге жуық және жылқы әбзелдерімен байланысты 100-ге жуық сөз бар. Бұл біздегі сөз байлығының бір көрінісі. Дүниежүзінде бірде бір халықтың жылқыға байланысты осындай бай сөздік қоры жоқ. Мұның бәрі біздің мәдениетіміздің жоғары екенін көрсетеді. Мәселен, қазір Такиши деген жапон ғалымы менімен байланыс жасап, қазақ пен жапон тілдеріндегі жылқы түсіне байланысты сөздерді салыстырып, ғылыми баяндама дайындауда. Біз бұрын бұл мәселені қолға алмағанбыз.

– Бұл бағыттағы жұмысқа сіздің «Қазақ жылқысының тарихы» деп аталатын энциклопедиялық еңбегіңіз өз ықпалын тигізетін шығар?

– «Конный мир казахов» деген бұл кітабым орыс тілінде былтыр шыққан. Оған бас редактор болған академик Мәмбет Қойгелді орысшасы қазақшасынан анағұрлым бай шығыпты деп баға берді. «Қазақ жылқысының тарихы» 2010 жылы шыққан болатын. Одан бері қаншама шет елде болдым. Көптеген жаңа материалдар жиналды. Бұл жолы ғылыми еңбекті Қазақстан суретшілер одағы мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясымен байланыс жасап, олардың жылқыға қатысты, жылқының образын бейнелеген туындыларымен ұлттық нақышта безендіріп шығардық. 200 млн оқырманы бар орыс тілді аудиторияның ерекшелігіне сай қазақша нұсқасындағы эмоцияның бәрін алып тастап, таза ғылыми еңбек жасадық.

– Аудармашымен жұмыс жасау қиын болған жоқ па?

– Алдымен 2 аудармашымен жұмыс істедім. Олардың жұмысына қанағаттанбаған соң келісімді бұзып, «Алматы кітап» баспасына өтініш жасағам. Олар киносценарист, жазушы Раушан Байғожаева деген маман аудармашыны тауып берді. Сол кісінің өзімен 3 жыл жұмыс істедік. Себебі, жылқы терминдерін, жылқыға байланысты сөз иірімдері, фразологизмдерді аударған кезде мықты аудармашының өзі кейде аудармасын дәл келтіре алмайды екен. Оның бер жағында дизайнерлермен, суретшілермен жұмыс істеп, «Алматы кітап» баспасының тапсырмасы бойынша бұл ғылыми еңбек Түркияның Стамбұл қаласының баспаханасынан шықты. Онда 600-ден астам әдебиет пайдаланылды. Одан бөлек еліміздің барлық аймағынан атбегілер, жылқышылар, қазақтың көнекөз қариялары мен кейуаналарынан басқа, Моңғолия, Қытай, Ресей, Түрікменстандағы 400-дей ақпарат көзінен жиналған мәліметтер қосылды. «Қазақ жылқысының тарихы» 7 мың данамен шығып, халық арасына тез тарап кеткен еді. Оны іздеп жүргендер әлі де бар.

– Кітапты орыс тілінде шығарудағы мақсатыңыз не?

– Ең алдымен қазақ жылқысы тарихын, қазақ жылқы мәдениетін басқа елдерге насихаттау, білдіру мақсатын көздедім. Академик, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдінің «орыс тілі Еуропа тілдеріне аударуға баспалдақ болады» деуі сондықтан. Себебі қазақшадан тікелей ағылшынша не французша аудара алмадық. Мамандар жоқ екен. Қазіргі таңда орыс тіліндегі аударма неғұрлым жақсы болса, басқа тілдердегі аударманың сапасы соғұрлым жақсы болатынын түсіндік. «Қазақ жылқысының тарихына» шет елдерден де жақсы пікір көп келді. Мысалы, Англиядағы Кембридж университетінде Әлемдегі жылқы шаруашылығының пайда болуы, дамуы және таралуы деген зертхана бар екен. Сол жерден Наталья Бивова деген профессор келіп кетті. Ағылшындар да жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халықтың бірі ғой. Оларда 3 нәрсе ерекше бағаланады екен: жылқы, футбол, ит. Сонда түсіндім, шетелдік ғалымдар өзіне керек болса қазақ тілін де үйренеді екен ғой деп. Сол себепті келешекте «Қазақ жылқысының тарихын» ағылшын тілінде де шығару жоспарда бар.

– Қазақ жылқысын зерттеу қазір қалай жүріп жатыр?

– Әлі күнге арнайы ашылған бірде бір институт та, орталық та жоқ. Шәкірттерім ғана бар. Бірде ағылшын ғалымы «сіздерде ит жоқ па? Қазақтың иті туралы материал іздеп едім таба алмадым» деген болатын. Сол кісінің сөзімен «Қазақтың тазысы» деген кітап шығардым. Төбет жайында да зерттеу жасап жүрмін. Ол да болашақта жеке кітап болады деген ойым бар.

– Жылқытану неге мемлекеттік деңгейде қолға алынбай жатыр?

– Кітабым орыс тілінде шықты. Болашақта әлемдік 6 тілге аударсақ деген арман бар. Сонда біз қазақты бүкіл әлемге танытатын шығармыз. Бізді әлемге танытатын нәрсе тек шикізат көзі ғана емес, ғылым. Оның ішінде ұлттық құндылықтар ғой. Жылқыға байланысты көп сөздер қазір өзге тұрмақ, өзімізде де қолданылмайды. Мен оның көпшілігін шетел қазақтарынан жинадым. Бұл ең алдымен геноцидтен. 30-жылдардағы ашаршылық этноцид, этникалық кодтан айырды. Сосын лингоцид, тілден айыру үдерісі жүрді. Мұның бәрі қызыл империя жүзеге асырған саясат. Петербургте жылқы түстеріне байланысты баяндама жасағанымда бір ғалым «осы сіздерде мектепке оқытыла ма, жапондар экибана дейтін гүл дестелерін жасау өнерін мектепте оқытады, бұл неге оқытылмайды?» деді. Ол дұрыс айтып тұр. Сондықтан мектеп емес, балабақшадан оқытуға байланысты «Бес сәйгүлік» деген сияқты 1-2 кітапша жазып шығарғам. Мемлекет қолдаса алдағы уақытта тағы осындай қосымша құралдар жазу ойымда бар. Ол мен үшін қиын емес.

– Қытайда жылқышы мамандық ретінде жоғары оқу орнында оқытылады екен…

– Мемлекеттік деңгейде қолдау болмағандықтан бізде ол әлі қолға алынған жоқ. 2017 жылға дейін Қытайға жыл сайын барып жүрдім.Үрімжі университетінде қазақтың жылқы мәдениеті жайында лекция да жасадым. Көршілес бұл ел жылқытануда бізден біраз алға озып кетті. Жылқышы мамандық ретінде арнайы оқытылып қана қоймай, онда жылқыға қатысты арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен түрлі орталықтар құрылған. Кеңес дәуірінде бізде 1,5 млн жылқы болған. Қазір оның саны екі есе көбейді дегенге әлі сенбеймін. Жалпы шетелден жылқы әкелумен әуестенуге болмайды. Оның орнына қазақ жылқысының тұқымын жақсартудың селекциялық жұмыстарын дамытуға көңіл аудару керек. Арғымақ, қазанаттарды қалпына келтіру маңызды. Шетелден жылқы алдыру бүгінде жеңіл автокөлік әкелу сияқты нәрсе боп кетті ғой.

– Қазір дамыған елдердің бәрінде жылқы музейі бар. Оны бізде де ашуға болмай ма?

– Дұрыс айтасыз. Менің білуімше, Англия, Франция, Испания, Ресей сияқты әлемнің 40 шақты елінде жылқы музейі бар. Біз енді жылқының отаны болып отырып, бүкіл әлемге жылқы мәдениетін тарту еткен халық бола тұрып арнайы музей аша алмағанымыз ұят нәрсе. Дүниежүзіндегі 65 млн жылқының 250 тұқымының бәрі қазақтың жабы жылқысынан тарайтынын әлем ғалымдары мойындайды. Сондықтан Қазақстанда жылқы музейі болу керек. Ол біздің ұлттық брендімізге айналуы тиіс. Музей болғанда да жалпы жылқы музейі емес, қазақ жылқысының музейі болуы керек. Жеткен жетістігіміз үшін қазақ жылқысына қарыздармыз. Мен осы музейдің жобасын, экспозициясын, қанша залдан тұратынын, қандай жәдігерлер тұратынын жазып, дайындап қойдым.

– Осы күнге тезірек жетейік. Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Плата за безнаказанность

Осень выдалась тяжелой. Мы испытали шок от череды суицидов,...

Жыл басынан бері қанша қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылды?

Олардың басым бөлігі, яғни 18 мыңнан аса жүргізуші көлікті мас күйінде тізгіндеген.

Полиция алматылық көлік жүргізушілеріне маңызды ескерту жасады

Алматының полиция департаменті көлік жүргізушілеріне маңызды үндеу жасады.