2023 жылғы 1 қыркүйектегі цессия шартына сәйкес, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС «Қойбағаров» жеке кәсіпкерлігіне 2019 жылғы 20 наурызда жасалған «Андас батыр ауылдық округі әкімдігі мен иесіз жануарларды уақытша ұстаушы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум» негізінде 56 бас жылқыны күтіп-ұстауға байланысты шығындарды өндіріп алу құқығын берген.
Бұл меморандум «Луговой жылқы зауыты» ЖШС директорының міндетін атқарушы А.М.Аксамбиева мен Андас батыр ауылдық округінің әкімі Б.А.Мажиев арасында жасалған.
Осы мән-жайларға байланысты Қойбағаров Данияр Болатханұлы мына жауапкерлерге, атап айтқанда Меркі ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі КММ, Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасы КММ, сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігіне 56 бас жылқыны күтіп-ұстауға кеткен 63 717 349 теңге көлеміндегі шығынды өндіріп беру туралы талаппен жүгінеді.
Іс қалай өрбіді?
Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаментінің 2021 жылғы 24 қарашадағы №27/9/4-4706 хатына сәйкес, жауапкер 2020 жылғы 11 наурыздағы Тараз қаласы №2 сотының №3111-19-00-1/920 үкімімен мемлекет кірісіне алынған 56 бас жылқыны балансқа қабылдаған.
2019 жылғы 20 наурызда «Луговой жылқы зауыты» ЖШС мен жауапкер арасында иесіз жануарларды уақытша ұстау бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жасалған. Меморандумға сәйкес, тараптар өз өкілеттіктері аясында жауапкершіліктерін мойындайды. Осы құжат негізінде 56 бас жылқы акт арқылы уақытша ұстауға қабылданған. Ұстау мерзімі – 2019 жылғы 21 наурыздан 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін, яғни 986 күн.
Ал 2020 жылғы 11 наурыздағы сот үкімімен бұл жылқылар айғақ ретінде танылып, мемлекет кірісіне алынған.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 118-бабы 4-тармағына сәйкес, айғақтарды сақтау, тапсыру және жою тәртібін Үкімет бекітеді. Демек, Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіп бойынша (48-тармақ), ауыл шаруашылығы жануарлары иесіне қайтарылмаса, оларды жергілікті атқарушы органдар айқындаған ұйымдарға тапсырады немесе сот шешімімен сатылып, қаржысы тергеу органының депозиттік шотына түседі.
57-тармаққа сәйкес, мұндай айғақтарды сақтау және тасымалдау шығындары процессуалдық шығын ретінде есептеледі де (ҚПК-нің 177-бабы), тиісінше, бұл шығындар мемлекет есебінен өтеледі.
Мүліктік талап және соттағы жағдай
«Луговой жылқы зауыты» ЖШС осы шығындарды өндіріп беру туралы талаппен Жамбыл облысының мамандандырылған экономикалық сотына жүгінеді. Нәтижесінде 2021 жылғы 24 қарашада Меркі ауданы әкімдігінің қаржы бөлімімен ымыраға келіп, татуласу келісімі бекітілді. Келісімге сәйкес, Қаржы бөлімі сот үкімімен мемлекет кірісіне алынған 56 бас жылқыны балансқа қабылдайды. Ал «Луговой жылқы зауыты» ЖШС жылқылар қабылданғаннан кейін өз шығындарын есептеп, сотқа талап қою құқығын сақтап қалады.
2023 жылғы 18 тамыздағы «Invest Inno Prom» ЖШС-нің маман қорытындысына сәйкес, 2019-2021 жылдар аралығында жылқыларды ұстауға кеткен шығын 63 717 349 теңге деп бағаланған.
Осыған байланысты Қойбағаров Д.Б. соттан осы соманы жауапкерлерден өндіріп беруді сұрады. Сот шешімі бойынша Жамбыл облысы, Меркі аудандық сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы №3154-24-00-2/946 шешімімен Қойбағаров Д.Б.-ның талап арызы қанағаттандырылмады.
Судья Ш.А.Исмагамбетова оқыған шешімде «Жылқыларды 2019-2021 жылдары «Луговой жылқы зауыты» ЖШС ұстағанын, 2023 жылғы 1 қыркүйекте аталған ЖШС Қойбағаров жеке кәсіпкерлігіне цессия арқылы талап ету құқығын бергенін, бірақ Қойбағаров талап арызды берген кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегенін алға тартқан.
Осыдан кейін Қойбағаров 2024 жылғы 18 қазанда қайтадан жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Соған қарамастан, сот оны «тиісті емес талапкер» деп танып, істі мәні бойынша қараусыз қалдырды.
Сонымен қатар, судья тараптар мен прокурор ұсынған істі Жамбыл облысының экономикалық сотына жолдау туралы өтінішті де кері қайтарды. Сондағы уәжі – талап арыз берілген кезде Қойбағаров ЖК ретінде тіркелмеген деп санаған.
Осы тұрғыда Данияр Қойбағаровтың қорғаушысы Сағадат Әміре істің жай-жапсарын айтып берді. Оның айтуынша, Жамбыл облысында Қырғызстан мемлекетімен шекаралас жатқан Андас батыр ауылдық округінен белгісіз тұлғалар заңсыз 62 бас жылқы өткізеді. «Оларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі ұстайды да, іс біткенше жылқыларды Андас батыр ауылдық округі, яғни орталығы Меркі ауданы әкімдігіне тапсырады. 2019 жылдың наурызында Андас батыр ауылдық округі әкімдігі және «Луговой жылқы зауыты» ЖШС жылқыларға қарау үшін меморандумға тұрады. 2020 жылдың 28 қазанында басында жылқыларға уақытша қараған «Луговой жылқы зауыты» біржола қабылдап алады. Алайда, 2019 жылы желтоқсанда ҰҚК қызметкерінің ұсынысы бойынша сот жылқыларды мемлекет пайдасына өткізу үшін қаулы шығарып, жылқы зауыты арнайы акт негізінде өздеріне қабылдайды. Бірақ шекарадан ұсталған жылқының төртеуі өліп қалады. Содан зауыт 56 бас жылқыны 2022 жылдың 8 сәуіріне дейін үш жыл қарайды да Меркі ауданы әкімдігінің қаржы бөліміне тапсырады. Бірақ 2021 жылы қараша айында «Луговой жылқы зауыты» қаржыны өндіруге байланысты Меркі ауданы әкімдігін сотқа береді. Сол жылы екі арада бейбіт келісім түзіліп, соттың ұйғарымына сәйкес, әкімдік «Жылқыға кеткен шығынды өтеп береміз» дейді. 2023 жылы қыркүйекте «Луговой жылқы зауыты» ЖШС мен Данияр Қойбағаров деген азаматтың арасында цессия келісімі түзіліп, ол шығынды өндіріп алу бойынша құқыққа ие болады. Содан сараптама қорытындысы кеткен шығынның есебін соңғы төрт айды санамағанда 63 717 349 теңге деп есептейді. Алайда, Қойбағаров әлі күнге дейін Меркі ауданы әкімдігінен қаржы шығынын өндіре алмай жүр. Бәрі де дәлелденіп, аудан әкімдігі қаржыны өтейтінін айтса да, 2024 жылдан бері созылып келе жатқан қаншама сот процесінде әртүрлі себеп пен сылтау тауып, жалтарыа келеді. Ал сот тиісті шешім шығара алмауда», – дейді адвокат Сағынай Әміре.
Қорғаушы өз пікірінде цессия шарты бойынша талап ету құқығы Қойбағаровқа өтіп, талапкер ретінде толық негізде әрекет етсе де, сот қайшылықтарға жол бергенін баса айтып, «ҚР АІЖК-нің 34-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот істі мәні бойынша қарауы тиіс еді. Бірақ судья жауапкер талапкерге келтірілген зиянды өтеуге міндетті екенін сенімді түрде анықтаса да, талап арызды қанағаттандырудан бас тартты» дегенді жеткізді.