Ата Заңымыз Конституцияда мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы — адамның құқықтары мен бостандықтары деп танылған. Олардың қорғалуына Конституциямен кепілдік берілген.
Сондықтан сот үкімімен тұлғаны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, қылмыстық заңда көзделген жаза тағайындалады. Жазаның басты мақсаты әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, кінәлі тұлғаның түзелуіне және жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың алдын алу болып табылады. Тағайындалатын жаза мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болғандықтан, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу арқылы қоғамнан оқшауланады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 476-бабында, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталған адам жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату туралы өтінішхатымен сотқа жүгіну құқығы бар. Бұл мәселені үкім орындалатын жерде жұмыс істейтін аудандық және оған теңестірілген сот, ал ол болмаған кезде жоғары тұрған сот шешедi. Жазадан шартты түрде босатудың қағидалары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі — ҚК) 72-бабында көрсетілген.
Сонымен қатар, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату туралы өтінішхаттарды қарауға байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімнен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» 2015 жылғы 2 қазандағы №6 нормативтік қаулысында кеңінен түсіндірме берілген.
Жоғарыда аталған ҚК-нің 72-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер сот адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеуі қажет етілмейді деп танитын болса, сот бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамды осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.
Бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, қылмысымен келтірілген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады. Демек, сотталған адам жазаның заңмен көзделген мерзімін нақтылы өтеумен қатар, жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бұзбаса және қылмыспен келтірілген залалды толық көлемде өтесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға жатады.
Бұл жағдайда, қылмыспен келтірілген залалға сотталғаннан сот үкімімен немесе сот шешімімен өндіріп алынған сомалар жатады.
Алайда, сотталған адам залалды толық көлемде өтеуі тиіс.
Ал, жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бұзу — Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару кодексінде (бұдан әрі – ҚАК) және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген талаптарды орындамаудан және жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзудан тұрады. Олардың түрлері ҚАК-нің 130-бабында көрсетілген.
Сол себепті, сотталған адамның заңмен көзделген жаза мерзімінің бір бөлігін нақтылы өтеуі шартты түрде мерзімінен бұрын босату үшін сөзсіз негіз бола алмайды.
Демек, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені шешу кезінде соттар жеке көзқараспен қарауды қамтамасыз етіп, өтінішхатта және оған қоса ұсынылған материалдарда келтірілген мәліметтердің жазаны өтеуден шартты түрде босату үшін сотталған адамның тәртібіндегі оң өзгерістерді бағалауға тиіс.
Сотталғанның тәртібіне баға беру кезінде олардың ішкі тәртіп қағидасын сақтауын, мекеменің талаптарын орындауын, тәрбиелік сипаттағы іс-шараларға және мекеменің қоғамдық өміріне қатысуын, көтермелеулерді, жазаларды, туған-туыстарымен және сотталған адамдармен қарым-қатынасты сақтауын,оқуға көзқарасының оң немесе теріс бағытын, залалды өтеуін, жеңіл тұрмыстық жағдайға ауыстыруды және сотталған адамның түзелгенін айғақтайтын басқа да мән-жайларды ескеруі қажет. Оның түзелгені туралы тұжырымға келу үшін үкім шығарылғанға дейін қамауда ұсталған уақытын қоса есептегенде оның мекемеде болған бүкіл кезең ішіндегі тәртібі туралы деректерді жан-жақты ескеруге негізделуі тиіс.
Сондықтан сотталғаннының өтінішхаттарын қараған кезде өтінішхатқа қоса тіркелген материалды және сотталғанның жеке ісін, мінездемесінің жеке істің материалдарына сәйкес келетінін-келмейтінін, оның объективтілігін мұқият зерделеу қажет.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қарау барысында соттар сотталғандардың әрқайсысына қатаң жеке көзқараспен қарауды қамтамасыз етеді және формалды түрде қарауға жол бермейді.
Сот тәжірибесінде көп кездесетін жағдайдың бірі сотталған адам өз құқығын пайдаланып, келтірген залалды өтеместен немесе жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бірнеше рет бұзса да, шартты түрде босату туралы өтінішхатымен жүгінеді.
Алайда, аталған екі шарттың біреуі орындалмаған жағдайда, соттар өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдер қабылдайды.
Қорыта айтқанда, сотталғандар жаза өтеу мекемелерінде тәртіптерін түзеп, қылмыспен келген залалды толық өтеп, жазаны өтеу режимін бұзбай, жақсы жағынан мінезделсе, көтермелеулері болса және жеңілдетілген жағдайларда жазасын өтесе, олардың бостандыққа шығуға үлкен мүмкіншіліктері бар.
Б.К.Идирисов, Нұр-Сұлтан қаласы Байқоныр ауданының №2 сотының судьясы