Қазақстан тәуелсіз ел ретінде рухани құндылықтарға айрықша мән беріп келеді. Сол құндылықтардың ең бастысы – тіл. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тіл – халықтың жаны, жүрегі» деп айтқандай, тілдің сақталуы – ұлттың сақталуы. Осы мақсатта 2017 жылдан бастап елімізде 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдер күні ретінде ресми мереке болып белгіленді.
Бұл күннің ерекшелігі – қазақ халқының ардақты перзенті, көрнекті ғалым, ақын, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сәйкес келуі. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы, қазақ жазуының реформаторы, ағартушы-педагог. Ол 1872 жылдың 5 қыркүйегінде Қостанай облысының Жангелді ауданында дүниеге келген.
Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы.Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіліне сіңірген еңбегі теңдессіз. Ол араб жазуына негізделген қазақ әліпбиін жасап, «Оқу құралы» (1912), «Тіл – құрал» (1914) атты оқулықтар шығарды. Қазақ балаларының сауатын ашуға арналған «Әліппе» кітабы бірнеше буынға білім берді.
Сондай-ақ, ол «Қазақ» газетін ұйымдастырып, халықтың саяси, әлеуметтік санасын оятуға зор ықпал етті. Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының белді қайраткерлерінің бірі ретінде қазақ халқының ұлттық мүддесі жолында күресті.
Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасының ішінде қазақ тіл білімінің салалары – фонетика, морфология, синтаксис алғаш рет жүйеленіп, ғылыми атаулар жасалды. Мәселен, «зат есім», «етістік», «сын есім» сияқты бүгінгі күнге дейін қолданылып жүрген терминдердің барлығы Ахметтің еңбегінің жемісі.
Тілдер күні мерекесінің мәні. Қазақстан халқының тілдер күні – көпұлтты мемлекетіміздегі барлық этностардың мәдениеті мен дәстүріне, тіліне құрмет көрсету мерекесі. Елімізде 130-дан астам этнос өкілдері тұрады, олардың әрқайсысының ана тілі, салт-дәстүрі бар. Бұл мереке – халықтар арасындағы татулық пен келісімді нығайтудың айғағы.
Сонымен бірге, тілдер күні – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қазақ тілін дамытуға ерекше көңіл бөлуге шақырады. Қазіргі таңда Қазақстанда «Тіл саясатын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілін ғылым мен білімнің, заманауи технологиялардың тіліне айналдыру.
5 қыркүйек – тек мереке ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматты ана тілін қадірлеуге, оны үйреніп, дамытуға үндейтін күн. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының ұлт болашағы үшін жасаған еңбегіне тағзым, тілдің мәртебесін көтеру жолындағы жауапты қадам.
Ұлт ұстазының аманаты – қазақ тілін сақтау, дамыту, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Тілге құрмет – елге құрмет екенін әрқайсымыз жадында ұстауымыз қажет.
Қызылорда қаласының
№2 сотының жетекші маманы
М.Д. Атабаева