Судья мінбері | Судебная система

Бітімгершілік – береке-бірлік бастауы

Елімізде Медиация туралы заң 2011 жылы қолданыс енді. Елбасы Судьялардың VI съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне басты назар аударуды, дауды соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік пен медиация рәсімдерін кеңінен енгізуді тапсырды. Алайда, аталған заң күтілген деңгейде жұмыс істемеуде. Оған мемлекет басшысының “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты жолдауында “Он жылдай уақыт бұрын біз “Медиация туралы заң” қабылдадық. Бірақ, қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек” деуі дәлел.

Президент дау-дамайды шешудің баламалы тәсілдерін одан әрі дамытуға барлық мемлекеттік мекемелердің мүдделілік танытуы қажеттігін бекер айтып отырған жоқ. Озық отыз елмен тереземіз тең болу, құқықтық мемлекет құру жолында аталған заңның берері мол. Дамыған елдердің барлығында медиация институты бір ізге түскен. Біз де сол деңгейге жетуге тиіспіз. Дауды сотқа жеткізбей шешу – бейбітсүйгі халықтың бір сипаты. Бабаларымыз “Бірлік болмай, тірлік болмайды”, “Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік” деген. Бірлігі жарасқан елдің ғана тірлігі оң болады. Бұл қағидаттарға сүйенсек, елімізді береке-бірлікке бастайтын бітімгершілік институтының жан-жақты жұмыс істеуіне қоғам болып атсалысуы керек.

Мәселен, қазіргі таңда сотсыз бітетін дауларды татулықпен, тараптардың өзара келісімімен бітіруге атсалысып жатқан жалғыз орган қызметкерлері бар, олар – соттар. Шындығына келгенде аталған заңның жұмыс істеуіне медиаторлардың өздері белсенділік таныта алмауда. Соттардың медиацияның дамуына үздіксіз атсалысуының бір дәлелі ҚР Жоғарғы Соты Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, медиация институтын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заңға сай, Жоғарғы Сот жекелеген санаттар бойынша дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу мақсатында пилоттық жобалар бекітіп, оларды іске қосты. Мысалы, “Татуласу: сотқа дейін, сотта” жобасы нәтижелі жұмыс істеп, жұртшылық медиация дегеннің не екенін, оның тиімділігін соттарға келіп білуде. Бас судьяның бастамасымен 2018 жылы жобалық менеджмент әдісімен жеті топ жасақталып, олар өңірлерді аралап, медиация институтының жұмысын жандандыруға, татуластыру орталықтарын көптеп ашуға еңбек сіңірді. Бүгінде республикамыздың барлық аумағында татуласу орталықтары жұмыс істейді.

Тағы бір айтарлығы, Жоғарғы Соттың бастамасымен аудандық және оған теңестірілген соттарда татуластырушы судьялар белгіленіп, олар сотқа талап арыз қабылданғанға дейін тараптарды татуластыруға әрекет жасауда. Тиісінше бұл тәжірибе оң нәтижесін беріп, тараптар талап қою арызы сот өндірісіне қабылданғанға дейін татуласуға қол жеткізуде. Бұдан басқа талап қою арызы сот өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалғаннан кейін де сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданып, дауды процестің барлық сатыларында реттеуге жәрдемдеседі. Тараптардың дауды сотсыз бітіруі сот қызметін оңтайландырып, жүктемені азайтуға да қолайлы мүмкіндік туғызуда.

Дана Абай кезінде “Екі дауласушының ортасына екі би қойғанша, неге арасына бір адам қоймасқа” деген екен. Сол “бір адамы” қазіргі бітімгерлер. Бітімгершілік қазақтың өмір сүру салтына дендеп енген, баяғының ақсақал-билері атқарған функция. Медиацияны жан-жақты дамыту арқылы “дау тек сот арқылы шешіледі” дейтұғын қалыптасқан көзқарасты жоя аламыз. Дауды мүмкіндігінше келісіммен бітіру уақыт пен қаражатты үнемдеп қана қоймайды, сонымен бірге, жүйкеге салмақ түсірмей, денсаулықты сақтауымен де құнды. Бұл артықшылықты көпшілікке жеткізу әрбір жауапты тұлғаның міндеті.

Гүлназ Оспанова,

Алмалы аудандық №2

сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий