Судья мінбері | Судебная система

Бітіммен біткен істе береке бар

Медиацияның тиімділігін, қажеттілігін насихаттауды бір сәт те күн тәртібінен түсірмеу керек. Халыққа қажет, халыққа пайдалы ақпаратпен бөлісу, жаңашылдықты елдің назарына ұсыну баршамызға міндет. Шын мәнінде, медиация соншалықты жаңа әдіс емес. Жаңа атауды иеленіп, заңнамалық тұрғыдан бекітілгенімен, оның негізі ежелгі дала заңдарының іргетасы саналады. Өйткені «Қасым ханның қасқа жолына», Есім ханның ескі жолына», «Әз Тәукенің жеті жарғысына» үңілсеңіз, үшеуінде де ел арасындағы дауды шешудің жолы – бітімгершілік ретінде көрсетіледі. Тентегін түрмесіз-ақ түзеген қазақ үшін кикілжіңді келісіммен шешу қалыпты жағдай. Тек дала заңынан бастау алатын осы үрдісті қазір кеңінен қолдана алмай отырғанымыз өкінішті.

Әрине, медиацияның, медиаторлардың қызметін түсіндіруден, ақпараттандырудан кенде болып жатқан жоқпыз. Осы істің бастында Жоғарғы Сот тұрғанынан да көпшілік хабардар. Сот саласының бастамасымен бүгінгі күнге дейін қаншама меморандумдарға қол қойылып, соған сәйкес медиацияның дамуына Қазақстан халқы ассамблеясы, әкімдіктер, кәсіподақ ұйымдары, адвокаттар алқасы, нотариустар, медиаторлар, ауыл ақсақалдары атсалыса бастады. Бабаларымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді осындайда айтса керек. Ендеше, тараптарды татуластыруда, медиативтік келісімдер жасауда қандай да бір жақсы көрсеткішке қол жеткізсек, оның барлығы осы көп болып бірігіп жасалған жұмыстың нәтижесі деген дұрыс.

Медиацияны қолданудың аясы кең. Бүгінгі күні азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дау-жанжалдар медиацияны қолдану арқылы оң шешімін тауып жатады. Сонымен қатар, бітімгершілік қылмыстық істерде де қолданылады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында да медиацияның мүмкіндігін пайдалануға болады.

Бітімгершілікке келудің пайдасы да ұшан-теңіз. Біз мұны сотқа жүгінген тараптарға күнделікті айтудан, түсіндіруден жалықпаймыз. Себебі, медиацияның бірінші тиімділігі – еріктілігінде. Тараптар дауды соттан тыс реттеудің кез келген әдісін қолдана алады. Екіншіден, медиацияда жеңілген тарап деген болмайды. Екі жақ өзара келісіп, түйткілді шешетіндіктен, екеуінің де көңілінде өкпе, ретінш қалмайды. Үшіншіден, келісімге келгендер өзара сыйластықты сақтап қалады. Соттасып жүрген азаматтардың бір-біріне өшігіп, бір-бірінің осал тұсын іздеп, жанды жеріне тию үшін ащы сөздер айтатынын үнемі көріп жүрміз. Ортақ келісімге келгендер өзара түсінісіп, мұндай алауыздықьың да алдын алады. Бұған қоса, сот отырыстары айларға созылуы мүмкін. Бұл уақыт жағынан да, жүйкеге де тиімсіз. Қалтаға салмақ салатыны о бастан белгілі. Осыған орай медиацияны уақыт пен қаржыны

үнемдеудің тетігі десек шындықтан алыстай қоймаймыз. Оның үстіне, ортақ келісімге келген жағдайда баж салығын да қайтарып аласыз. Тағы бір артықшылығы, сотқа жүгінген жағдайда азаматтардың адвокат жалдауына, заңгерлерден кеңес алуына тура келеді. Мұндай қызмет үшін де аз ақша кетпейтіні шындық.

Сондықтан, дауласып жеңемін дегенше, кез келген келіспеушілікті бітімгершілікпен шешкен ыңғайлы. Оның үстіне, бүгінгідей әлемді пандемия әбігерге салып жатқан уақытта соттасқаннан гөрі, татуласқан әлдеқайда дұрыс шешім. Барымызды бағалап, уақыт пен жақындарымыздың қадірін ұқтырған бүгінгідей сындарлы кезде соттасуды емес, татуласқанды, сыйластықты сақтауды ойлайық!

Әсет Боранбаев,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының төрағасы

Комментарий