Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша, 2025 жылғы төртінші тоқсанда 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,7 млн адамға жетті. Оның ішінде экономиканың түрлі саласында жұмыспен қамтылғаны – 9,3 млн адам. Олардың 7,2 миллионы жалдамалы жұмыспен қамтылғандар. Бұл экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 77 пайызы.
Өзін-өзін жұмыспен қамтыған 2,1 млн адам экономикадағы жалпы жұмыс күшінің 23 пайызын құрады. Ал бұл құрамға кірмейтін адамдардың үлесі халық санының 32,3 пайызына тең. 2025 жылдың IV тоқсанында жұмыспен қамтылғандар алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 81,9 мың адамға артты. Бұл ретте жалдамалы жұмыскерлердің өсуі 94,3 мың адамға жетті. Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі сауда (17%), білім беру (13,2%), өнеркəсіп (12,5%) жəне ауыл шаруашылығы (10,3%) салаларына тиесілі. Жұмыспен қамтылған халықтың саны алдыңғы жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,9 пайызға ұлғайған. Бұл көрсеткіш тек Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарында азайған. Жұмыссыздар саны 445,7 мың болып, еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды көрсетті. Бұл өткен жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 мың адамға аз. Жұмыссыздық деңгейі Ақмола, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында (4,5 пайыз), Солтүстік Қазақстан облысы (4,4 пайыз) мен Астана қаласында (4,3 пайыз), Ұлытау (4,1 пайыз) мен Қарағанды облысында (4 пайыз) ғана төмен болды. Егер еңбек нарығындағы жалпы ахуалға көз жүгіртер болсақ жұмыс күші құрамына кірмейтін халық саны 2016 жылдан бері, ал жұмыс күші мен жұмыспен қамтылған халық саны 2020 жылдан бері тұрақты өсіп келе жатыр. Сонымен қатар, жұмыссыз халық санының азаюы 2023 жылдан бері жалғасуда.
Е.КЕБЕКБАЙ,


