2026 жылы табысты қалай дұрыс декларациялау керек?

2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табысты декларациялау тәртібі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Мемлекет қаржылық ашықтықты арттыру мақсатында азаматтардан табыс көздерін заңды түрде көрсетуін талап етіп отыр. Бұл – тек бақылау емес, салық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған қадам, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сонымен «Биыл кімдер декларация тапсыруы тиіс, қандай табыстар көрсетіледі және нені ескеру қажет?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Декларация тапсыруға кімдер міндетті?

2026 жылы табысы бар азаматтардың белгілі бір санаттары декларация тапсыруы керек. Олардың қатарында:

  • жеке кәсіпкерлер;
  • мемлекеттік қызметкерлер және квазимемлекеттік сектор өкілдері;
  • кейбір жалдамалы жұмыс істейтін азаматтар;
  • шетелден табыс табатындар;
  • мүлік, жер немесе көлік сатудан кіріс алғандар;
  • депозит, инвестиция, дивидендтен пайда көргендер бар.

Маңыздысы мынада: егер азаматтың бір емес, бірнеше табыс көзі болса, олардың барлығы декларацияда толық көрсетілуі тиіс.

Қандай табыстар міндетті түрде көрсетіледі?

Көп адам тек жалақыны ғана табыс деп қабылдайды. Алайда декларациялау барысында бұдан әлдеқайда кең ұғым қолданылады. Мысалы, негізгі жалақыдан бөлек қосымша кірістерініз болса, жалға берілген пәтерден немесе үйден түскен ақша да, онлайн қызметтерден, фриланстан, SMM немесе блогерлік қызметтен түскен табыс та пайда болып саналады.

Сондай-ақ шетелден келген ақша аударымдары мен бағалы қағаздардан, инвестициядан түскен пайда да міндетті түрде көрсетілуі керек.

Ал әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар және кейбір өтемақылар табыс ретінде есептелмейді.

Декларацияны қалай және қайда тапсырады?

Қазіргі таңда декларация электронды форматта қабылданады. Азаматтар оны қолжетімді электронды үкімет порталы арқылы немесе салық органдарының ақпараттық жүйелері арқылы тапсыра алады. Сондай-ақ заман талабына сай қазір мобильді қосымшалар көмегімен де тапсыру қолжетімді.

Электронды формат қателіктерді азайтып, процесті жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бірақ мәліметтерді толтырмас бұрын, барлық табыс көзін мұқият тексеру маңызды.

Қандай қателіктерден сақ болу керек?

Мамандардың айтуынша, декларация тапсыру кезінде жиі жіберілетін қателіктер мыналар:

  1. қосымша табысты жасырып қалу;
  2. шетелден түскен қаржыны көрсетпеу;
  3. инвестициялық кірістерді есепке алмау;
  4. жалға беруден түскен ақшаны табыс ретінде қабылдамау.

Мұндай қателіктер айыппұл салуға немесе қосымша салық есептелуіне әкелуі мүмкін.

Декларациялау не үшін маңызды?

Табысты заңды түрде көрсету – тек талапты орындау ғана емес. Бұл азаматтың қаржылық жауапкершілігін арттырып, болашақта несие алу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу секілді мүмкіндіктерге де оң әсер етеді.

2026 жылдан бастап декларациялау жүйесі кезең-кезеңімен толық енгізіліп жатқандықтан, қазірден бастап қаржылық құжаттарға ұқыпты қарау – әр азамат үшін маңызды қадам.

Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты үкім жарияланды.

Рұқсат пен тыйым. Бас прокуратура депутаттарды сайлау алдында үндеу жариялады

Қазақстанда 29 қарашада мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. ҚР бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов сайлау алдында үндеу жариялады. Ол үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт-насихат жасауға болмайтынын ескерті.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Елде кітапхана салуға көбірек көңіл бөлу керек 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде кітапханалар санын көбейту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен AI Journey 2026 конференциясында оқушылар мен студенттер алдында сөйлеген сөзінде кітап оқу мәдениетіне ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді.

Желтоқсан айында елімізде не қымбаттайды? 

Желтоқсан айында қазақстандықтарды бірқатар баға өзгерісі күтіп тұр. Tele2 және Altel кейбір тарифтерінің абоненттік төлемін 300 теңгеден 2 000 теңгеге дейін көтереді. СДЭК жеткізу қызметінің бағасын өзгертеді, ал Freedom Bank биржалық ноталарды сатып алу комиссиясын арттырады. Астанада қоғамдық көліктегі жолақы 110 теңгеден 150 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасын шарықтатты: Brent $100-ға жақындады 

Brent маркалы мұнай бағасы 27 қараша, жұма күні соңғы бір айдағы ең жоғары көрсеткішке жақын деңгейде саудаланып жатыр. Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыстың шиеленісуі, Ормуз бұғазында танкерлерге жасалған шабуылдар және Сауд Арабиясының энергетикалық нысандарына соққы жасалуы себеп болған.