Кез келген елдің демографиясы оның экономикасы мен саясатының дамуына тікелей әсер етеді. Халқы көп ел қашанда көрші елдердің, континенттер мен әлемнің тағдырына ықпал етіп келеді. Мәселен, миллиардтардың тұрағы болған Қытай бүгінде әлемдегі саясаттың басты ойыншысына айналып отыр. Сан қашанда сапаны айқындайды. Халқымыз «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді. Өкінішке орай, ұлан-байтақ жері бола, Қазақстанның халқының саны аз. ХХ ғасырда қазақ халқының саны көршілес мемлекеттердікіндей көбеймей, керісінше төмендеп кетті. Егер сол кезде жаппай жазалау, аштық болмағанда бүгінде отандастарымыздың саны 50 миллионға жетіп, тілдің қолданылуы, халықтың санасына қатысты ешқандай проблема болмас еді.
Өткен ғасырдың басында қазақтар саны жағынан Кіші Азиядағы түріктер мен Ирандағы парсылар санынан асып түсіпті. Қазіргі таңда осы Түркия мен Иран тұрғындарының саны 70 миллион болса, ал қазақтар саны әлі 20 миллионға жетпей отыр. Осының арқасында ол елдерде мемлекеттіктің басты нышаны мемлекеттік тілге қатысты мәселе жоқ. 1931-32 жылдардағы аштықтың салдарынан, сонымен қатар елдің сыртқы миграциясының қарқынды болуы салдарынан 1926 жылы қазақтардың халық ішіндегі үлес салмағы 57,1 пайызға түсіп, 38 пайызға төмендеді. 1970 жылы Қазақстан халқының саны 13 млн болса, соның 4,2 миллионы – қазақ, 5,5 миллионы орыс болыпты. 1979 жылы 14,7 миллионға артқан кезде қазақ саны 5,3 миллионға жеткенімен, орыстардан бәрібір 300 мыңға кем болды. Қазақстандағы демографиялық дүмпудің алғашқы шырқау сәті – 1950-60 жылдар. Екіншісі 1980 жылдары болды. Демографиялық жарылыстың инерциялық әлеуеті біртіндеп басыла беретін болса, бүгінде осы жағдайдың куәсі болып отырмыз. Қазіргі таңда еліміздің әр өңіріндегі туу деңгейі әртүрлі. Мәселен, батыс пен күнгей облыстарда көп болса, солтүстік өңірде аз. Демографиялық көрсеткіштерге түрлі жағдайлар әсер етуде. Кейде бізде тұрғындар санын аймақ аумағының көлемімен байланыстырады. Алайда қисындысы – бұл үрдісті экономикалық жағдаймен, жұмыс орны санымен, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігімен, білім алудың мүмкіндігімен шендестіру. Бұл факторларды есепке алмау қазіргі таңдағы туудың жоғарылығы болашақта жаппай жұмыссыздыққа, жастардың білім деңгейінің, мамандардың кәсіби дәрежесінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Мұның ақыры қоғамдағы әлеуметтік шиеленіске, қылмыс пен радикалдануға соқтыруы ғажап емес. Демек, демография оқшау өмір сүре алмайды, ол – мемлекеттік дамудың саясат, экономика, әлеуметтік сала, білім беру тізбегіндегі буын. Бұрын ауылда туу қалаға қарағанда көп болды. Қазір керісінше. Бұл, әрине, урбанизацияға байланысты. Кешегі ауыл жастарының көпшілігі қалаға көшіп келіп, отбасын құрып, балалы болуда. Сондықтан қазақстандық қалаларда туу деңгейі артық. Бұл ретте қалаға алғаш келген жылы олардың ауылдағы дәстүрді сақтап, ұрпақ өрбітуге қатысты ұстанымдары ауылдықтарға тән болады. Алайда бұл менталитет біртіндеп өзгеріп, салдарынан туу деңгейі төмендей бастайды. Қуанарлығы – соңғы жылдары қазақ этносының саны тұрақты түрде өсіп келе жатыр. Мысалы, соңғы он жыл ішінде қазақ халқының саны 24 пайызға дерлік өсіп, орыстар саны 4,6 пайызға төмендепті. Қазақтардың үлес салмағы бүгінде 68 пайыз болса, орыстар саны небәрі – 19 пайыз. Бұл, бір жағынан, елдегі орыстар мен өзге ұлттардың эмиграциясы мен тууының аздығынан, ал қазақтардың көшіп келуі және табиғи өсімінің артуына байланысты болып отыр. Соңғы жылдары туу көрсетікішінің үлесі салмақты рөл ойнауда. Ішкі миграция тоқсаныншы жылдардағыдай басымдыққа ие емес. Бірақ бәрібір ел тұрғындарының саны әлі күнге, сөзіміздің басында айтқанымыздай, 20 миллионға жетпей отыр. 1980 жылдан бергі халық санының өсімі небәрі 5 миллионға артыпты. Бұған, жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік-экономикалық себептермен қоса, халықтың репродуктивтік қабілетінің төмендігі де әсер етіп отырғаны шындық. Ауаның ластануы, азық-түлік сапасының төмендігімен қоса, күнделікті тұрмыс тауқыметінен туындайтын стрестік жағдайлардың ықпалы айрықша болуда.
Бүгінде осы жағдайлар салдарынан елімізде әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр екен. Денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, елімізде 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Мұның сыртында ер адамдар арасында да белсіздік дерті белең алуда. Соңғы он жыл көлемінде экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасының медициналық кепілдендірілген көмекке қосылуы біраз отбасына сәби сүю бақытын иелендірді. Алайда оған қаржылық мүмкіндігі жоқтардың қолы жетпеуде. Өйткені елімізде жұмыс істеп жатқан 26 экстракорпоралды орталықтың 21-і жекеменшік болғандықтан, олардағы қызмет ақысы екінің бірінің, әсіресе жас отбасылардың қалтасына сай келе бермейді. Ал
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған «Аңсаған сәби» атты тапсырмасы осындай жандарға қуаныш сыйлап жатыр. Өйткені келесі жылдан бастап жасанды жолмен ұрықтандыру бойынша 7 мың квота берілмек. Бұл, әрине, үлкен қолдау.
Әрине, бұл да халық өсімінің толық кепілдігі емес. Қазіргі таңда қаншама отбасы тұрмыс тауқыметінен балалар санын шектеуге мәжбүр. Дүниеге бала әкеліп, оны баптап өсіріп, тәрбиелеуге тиіс қаншама әйел репродуктивті қабілетті сәтін жұмысқа арнауда. Базарда қаншама әйел күнкөріс қамымен тозып жүр. Тоқ етерін айтқанда, елдегі туу көрсеткіші арту үшін ер-азаматтар табысы лайықты жұмыспен қамтылуы қажет. Әңгіме басында айтқанымыздай, бұл жалқылап шешетін мәселе емес. Демографияны жақсарту, расында да, экономикаға тәуелді. Елдің әл-ауқаты артпай, тууды көбейтеміз деу – құр әурешілік. Өйткені сананы тұрмыс билейді.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»