КОНКУРС ДЕТЕКТИВ

ОЛЖА

Шекара қызметінің орталық аппаратында қаржы басқармасына Айнагүлдің қатардағы бухгалтер болып қызметке кіріскеніне көп бола қойған жоқ. Бірақ, сырт қарағанда бәрі талапқа сай көрінетін әскери саланың бұл білмейтін құпиялары көп екен. Әсіресе, соңғы екі-үш жылда елдің шебін бекітуге өкімет аямай-ақ ақша төккен. Бәкене тірлік кешіп жүрген келіншек миллиардтаған ақшаны талан-таражға салған қылмыстық топтың ішіне қалай кіріп кеткенін өзі де білмей қалды. Тегін ақша кімді қызықтырып, кімді адал жолдан тайдырмаған?!

Әскери бөлімнің бас қаржыгері қадағалау болмаған соң ақша жеуге әбден құнығып алған. Шекара әскерінің шет жақтағы бекеттерін жаңалауға миллиардтаған теңге түскенімен, осы қыруар қаржының діттеген жеріне жетпей, ту-талақай қолды болуы, әрине, басбухпен тікелей байланысты ғой. Заңсыз әрекеттерді көріп алғашында қорқақтай әрекет еткенімен, кейіннен Айнагүл бастығының айтқанына көніп, айдағанына жүруден бас тарта алмай қалды.

Кездесу

Айнагүл кластасы Секенді штабта жолықтырды. Қытай мен екі арадағы шекарада офицер болып қызмет еткеніне екінші жыл екен. Командирлеріне «сыныптасым Бас басқарманың қаржы бөлімінде істейді» деп айтып қалған екен, мұны «бар-бардың» астына алып, күштегендей етіп Астанаға жіберіпті. Ескі застава әбден тозған. Жаңаламай болмайды. Ол үшін құрылыс жүргізу керек. Ал оған көп қаржы қажет. Оны кім шешеді? Әрине, бас қаржы басқармасы. Секеннің Астанаға келіп қалған себебі сол еді.

Бұл жаққа ісі түсіп келген Секен емес, бейнебір сол сыныптас қыздың өзі сияқты, қонағын кешкілік мейрамханаға Айнагүл шақырған. Бұдан бес жыл бұрын көргенде, жұпыны тірлік кешіп жатқан Айнагүл еді. Ал бүгін үлде мен бүлдеге бөленген түрін көріп, танымай қалды. «Мен сенбеймін байыма…»,- деген өрескелдеу мәтел бар еді, соның кері боп жүрмесін деп, әлденеден сезіктеніп те қалды.

Айнагүл тек министрлер мен ірі бизнесмендердің ғана қалтасы көтеретін элиталы мейрамханаға жігітін бірге ерте келіпті. Мінезі тік, артық қақ-соғы жоқ, түзу жүріп-тұратын Секенге оның қылтың-сылтың мінезі ә дегеннен ұнаған жоқ. Бір қарағанда, қазақтың тартымды азаматы. Бойшаң, келісті. Күйеуімен әлдеқашан ажырасып кеткен Айнагүлдің жігіт құлап түсетіндей көркі де жоқ қой. Келте танау, домалақ бет, толықша әйел. «Бәрі түсінікті…»,-деп ішінен бір ой түйіп қойды әредікте Секен.

Дастарханның аяғына қарай Айнагүл жігітімен аяқ астынан тәжікелесіп қалды. Анау ашуланып, ерте қайтып кетті. Кетіп бара жатқанда, кластасы нақсүйерінің соңынан «Жақсылықты білмейсің…» деп қалды.

Қымбат шарапқа қызып қалған Айнагүл Секенге бар шындықты жайып салды. Бұл өзі Батыстың жігіті көрінеді. Есімі Берік. Астанаға көзін жұмып, әлдеқалай бірдеңе кез боп қала ма деген есекдәмемен келіп қалғандардың бірі. Бағына қарай, Айнагүлмен жолыққан. Бойы мен сойы жарасқан, күші тасып тұрған азамат жалғызбасты ақшалы келіншекке қатты ұнап қалған. Одан арғысы белгілі. Ұнағаны соншалық, келіншек сұлу жігіттен айырылғысы келмей, оған тіпті Астананың сол жағалауынан екі бөлмелі пәтер алып берген. Астына су жаңа шетелдік көлік мінгізген. Тіпті, мамандығы сай келмесе де, штабтың маңына қызметке орналастырып қойған.

-Кетсе кете берсін! Жолы ашық! -деді Айнагүл кластасына масаң тартқан көзі қаймыжықтана қарап.

Кеш соңында қызу келіншек есік алдында тұрған “Порше-Кайеннің” тізгініне отырып, оны тоқтаған жеріне өзі апармақ болды. «Өй, мынауың не?! Қой, такси ұстап қайта беремін ғой…»,-дегеніне қарамай, «Саспасайшы….»,-деп қойып, зыр еткізіп оп-оңай жеткізіп салды. Жол сақшылары да қымбат көліктерді тоқтата бермейтін көрінеді.

Таңертең басқарманың басбухы Айнагүлге кешкісін банктен әлдекімдердің делдалдық жасауымен қолма-қол ақшаға айналдырған елу миллион теңгені алып қайтасың деп тапсырды. «Ертең жұмысқа келгенде, даяр тұрсын»,-деп тиянақтап кетті.

Айнагүл жұмыстан кеш шықты. Банкке соғып, орасан көп қаржыны шешіп, қолма-қол ақшаға айналдырды. Тұп-тура елу миллион теңге. Берікке телефон шалмақшы болды да, кешегі «өкпесі» тарқамаған шығар, мына тұрған жер ғой, паркті кесіп өтсем болды деп, бір квартал жердегі үйіне жаяу кетті.

Түйсік алдамайды

Ауылдан алып шаһарға жақында келіп, әр шаруаның басын бір шалып жүрген Шәріпке көңілінен шығатын дені дұрыс жұмыстың кездесуі де неғайбыл еді. Сахара еркесінің басы қайдан ноқтаға сия қойсын. Бұл еркін жүріп-жайлаған сайын даладан кетейін деп кетпеді. Сайынан сайғақ құрлы сая таппай, сыймай кетті. Сыйдырмады.

Ой-хой шіркін, атақты баукеспе ұры даладағы иен жайылған бөгде малды тәуір-ақ сапырылыстырып еді-ау! Істемегені жоқ қой мұның. Баяғыда Тобықтының барымташылары Семейден Ерейментауға дейін еніп, мыңдаған жылқының бір ширегін бөліп алып, қуалап алып кетеді екен. Шәріп те кең далада олардан кем ойқастаған жоқ.

Кезінде үйірімен жылқы айдаған атақты баукеспе жасы қырықтан асқанда абақтыдағы кезекті «сапарын» аяқтап, өмірінің тағы бірер жылын темір тордың ар жағында қалдырып, еліне оралды. Бір емес, бірнеше сотталған адамды бөтен былай тұрсын, өзінің етжақын туыстары да жақтырмайтыны белгілі. Орта бойлы, дембелше келген жігіт ағасы Шәріптің қысықтау қой көздерінен ақыл мен айлакерліктің нышаны ап-анық аңғарылып тұрар еді.

Бұрынғыдай жұмыс қолын құшақ жая қарсы алатын совхоздар жоқ. Қазіргі жеке шаруашылықтарға қарулы жас жігіттерді ғана алады, жасы жер ортасына келіп қалған, жер-көкке симай жүрген ұрыны қайтсын?! Мұндайда бұрынғы қылмыскерлер бостандықтағы адал адамдардың арасынан орын таба алмай, өзінің түрмелес жолдасын іздейтіні белгілі. Ал ондайлар қалада көбірек кездеседі.

Сонымен, Шәріп те қалаға келіп қалды. Мұндағы «серіктерінің» күні жаман емес секілді. Күндіз-түні алдынан табақ-табақ ет, ащы қуырдақ, мол арақ-шарап тыйылған жоқ. Кей түні сол «достарының» екі-үшеуі Шәріпті ортаға алып, карта ойнауға отырады да, қалғандары жоқ боп кетіп, артынып-тартынып күн шыға келеді. Қолдарында уыс-уыс ақша.

Бұл жолғы кештен де Шәріп қызып шықты. Қас қарайып қалған шақ. Іргедегі паркте біраз отырып, ес жиып, қала шетіндегі ескі таныстың үйіне жетіп алмақ.

Парк іші жым-жырт. Тірі жан жоқ. Анадайдан аяғын асыға басқан әйел көрінді. Жақындағанда байқады, әлем-жәлем қымбат киінген жастау келіншек екен. Қолында әжептәуір салмақты сөмкесі бар. Шәріптің маң далада жеті қараңғы түнде тау-тасты кезгенде іздегенін адаспай тауып алатын аса сезімтал түйсігі мол олжаны оңай сезді. Кәнігі қылмыскер мұндайда бәрін ұмытады. Ендіге желкемнің шұңқыры көрсін дейтін темір тордың арғы жағын да ұмытады.

«Айсыз қараңғы түнде жылқы бүтін тарыны, бөрі – жарты тарыны көреді» деген мәтелді жаны сүйіп қайталап айтып жүруші еді. Шәріптің өзінің де түнгі жорықтарда барар жерін қара тастың төрт құлағына қарап болжайтын зеректігі керемет-тін. Ана толымды сөмкенің ішінде өте қомақты ақша жатқанын қолымен ұстап тұрғандай түйсінді. Жан-жағына жіті көз жіберіп еді, маңайда тіпті тірі жан жоқ! Мұндай оңтайлы сәт ілуде бір болатынын түсініп, келіншек жанына тақай бергенде, орнынан күрт көтерілді де, ентелей басып келе жатқан әйелді құлақшекеден бір қойып, жалпасынан түсірді. Мұндайды күтпеген әйел айғайлауға да шамасы келмей,  шөкесінен түсті де, қимылсыз қалды. Жан-жағына тағы бір рет ұры көзін жүгірткен Шәріп сөмкені қолтығына қыстырды да, екі-үш секіріп көзден ғайып болды.

Тоқ сөмке

Күзет қызметінің екі сержанты Есен мен Жексен кешкі кезекшілікке шықты. Екеуі ескі жолдас. Бір ауылда өсті, мектепті бірге бітірді. Қалаға бірге келді. Құшақтары ажырамай келе жатқан айырылмас дос. Екеулесіп, Оң жағалаудан бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрып келеді.

Ылғи шылқыған байлар тұратын, зерлі ғимараттары жарқ-жұрқ еткен мөлтек ауданды аралап келе жатқанда Есен:

-Осылар адамның түсіне кірмейтін уыс-уыс ақшаны қайдан алады екен?!-деді досына зәулім үйлерді иегімен нұсқап.

Өзімен-өзі ой үстінде отырған Жексен үндемеді.

-Бұндай ақшаң болса, дүниені төңкеріп тастауға болады ғой! Ауылдағы Бейсен інім үйленбекші. Шешем бір миллион теңгені несиеге болсын тап деп жатыр,-деді тағы да Есен.

Біраз үнсіздіктен кейін, Жексен:

-Сен бір оқ шығармай, үш жүз миллион ақшаны алып кеткен әлемдегі ең үлкен тонауды білесің бе?-деп сұрады досынан.

-Білмейді екенмін.

-Білмесең, тыңда. 1968 жылы Жапонияда болған оқиға. Белгісіз біреу жалғыз өзі, ешқандай қару-жарақсыз, бір-ақ минутта соншама ақшаны үптеп кеткен.

-Қалайша?! Мүмкін емес. Анандай ақшаны қарусыз алып кету… Ертегі ғой мынауың!-деді Есен сенер-сенбесін білмей.

-Рас! Полицейдің формасын киген баукеспе, «Тойота» зауытына жалақы әкеле жатқан көлікті аялдатады. Аналар тоқтайды. «Полицей» қарулы күзетшілерге: «Жаңа ғана хабар түсті, сендер мінген машинаға жарылғыш зат қойылған. Қазір жылдам тексеріп шығуымыз керек!»,-дейді. Бір кезде ащы дауыспен: «А-а-а-а!-деп айқай салады да,-Қашыңдар жылдам! Қазір жарылады!»,-дегенде, сасып қалған үшеу тым-тырақай көлікті тастай қашқан кезде, өзі иесіз қалған көлікке мінеді де, ізін суытады. Оны содан қайтып таба алмайды.

Есен: «Қызық екен, ә…»,-деп мырс етіп күлді.

 

Дүние жалған

Екеуі қалалық паркті айналып өте бергенде, қолтығына әйелдер ұстайтын үлкен сөмкені қыстырып, жүгіре басып кетіп бара жатқан ер адамды көздері шалды. Полицияда жұмыс істеген жылдары бұлардың екеуінде де қиядағыны шалатын қырағылық қасиеті ұшталған еді. Мына адамның жүрісі суыт екенін екеуі де бірден байқады.

Алдынан кесе-көлденең қиып, көліктерінен секіріп-секіріп түскен, жауырыны қақпақтай қарулы екі жігіттен қашып құтыла алмасын бірден түсінген Шәріп қарсылық көрсетпей, қалт тұрып қалды.

Екі сержант оны көшеде тексеріп жатпады, бірден көліктің ішіне отырғызып, құжаттарын сұрады. Шәріп, басқа амал жоқ, екі жылдық арнайы бақылауда жүргендігі туралы қағазды көрсетті.

-Мынау не?-деді Есен иегімен сөмкені нұсқап.

Шәріп үндемеді.

-Ашып көрсет!-деп бұйырды Жексен.

Шәріп сөмкенің аузын ашып қалып еді, іші толы қызылды-көкті мол ақшаны көрген Жексен ысқырып жіберді.

-Қайдан алдың? Кімнің ақшасы? –деп едел-жедел сұрақ қойды Есен.

-Жігіттер…,-деп мәймөңкелеп келе жатқанынан-ақ екі сержант мұның түбі шикі екенін бірден ұқты.

-Кімді тонадың?!-деді Есен бастырмалатып, Шәріптің есін жиғызбай, сұрақтың астына алудың аса маңызды екенін ұғынып.

Екеуі жұмбақ ишараласты да, бір-бірін көздерінен ұғысып, шешімді жылдам қабылдады. Шәріптің екі қолын артына байлап, артқы орындыққа отырғызды.

«Уаз» зымырағаннан-зымырап отырып, қаланың Ресей бағытындағы сыртқы жолына шықты. Әккі баукеспе ішінен кіді алып, «Далаға апарып атып кетпесе игі еді…»,-деген сезік құтын қашыра бастады. Ат үстінде жүргенде талай атыс-шабыс, ұрыс-төбелесті басынан өткізіп, тіке келген қаншама ажалдан аман шыққан дала көкжалы өлім сағаты дәл осылай оңай келеді деп ойламап еді. «Жағалылардың» тоқ сөмкенің ішіндегі көп ақшаны көріп, көздері тұнып кеткенін ә дегенде сезіп еді. «Бұлар мені тірі қалдырмас…»,-деген тоқтамға келген Шәріп, бір оңтайлы бұрылыста, есіктің тұтқасын шынтағымен ашып жіберіп, далаға секірді. Осы сәтті күтіп отырғандай, Жекен де алды мен арттарында бөгде көліктің жоқ екендігін пайдаланып, құлаған жерінен тұра сала қаша жөнелген күдіре жал көкжал-жігіттің шүйде тұсынан көздемей атты…

…Түнгі қаланың оттары дүние жалғандығын мазақ қылғандай жымың-жымың етеді.

Сайлау ТӨЛЕУ,

Семей.

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Басқа да | О другом

Комментарий