Мемлекет басшысы ұстанған «Əділетті Қазақстанда» тұтынушылар құқығы əрдайым басты назарда болады. Сол себепті бұл бағытта жергілікті атқару органдарында барлық аймақта арнайы департаментер жұмыс жасайды. Мəселен, 2025 жылдың 6 айында Жамбыл облысының Сауда жəне тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 742 өтініш келіп түсіпті. Яғни, 2024 жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда биыл өтініштер саны 214- ке немесе 40,5 пайызға ұлғайған. Өтініштердің 580-і тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында болып отыр. Бұл өткен жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда 135-ке артық. Департаментке келіп түскен жазбаша өтініштердің 466-ның 82-сі мамандар мен азаматтарды қабылдау, төртеуі басшымен азаматтарды қабылдаудан, 160-сы жедел желі телефонына қоңыраудан, 30-ы жеделхат арқылы түсті. Жамбыл облысы бойынша сауда жəне тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы орынбасары Байқадам Дүйсенбаевтың айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініштер санының өсуі 30,3 пайызды құрайды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы шағымдарының 204-і бөлшек саудаға қатысты болды. Бұл өтініштердің жалпы санының 35,2 пайызын құрап, өткен жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда бірдей болып тұр. Бөлшек сауда бойынша өтініштерде сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту басым болады. Сауда қызметі саласы бойынша есепті кезеңде 162 жазбаша өтініш келіп түсті, бұл осы салада 2024 жылдың 6 айында келіп түскен өтініштер санынан 2 есе көп. Электрондық сауда саласындағы шағымдар саны биыл 68,5 пайызға артып, 73-тен 123-ке дейін өскен. Өтініштердің бұл түрі тұрмыстық қызмет көрсету жəне ТКШ бойынша өтініштерді басып озып, екінші орынға шықты. Ал білім беру қызметтері саласындағы өтініштер 3,7 есе ұлғайып, 11-ден 41-ге дейін жетті. Барлық қызметтер онлайн форматта көрсетілді. Өтініш берушілер оқытудың сапасына жəне оқытушылардың шарттарды бұзудан бас тартуына наразы болды «Есепті кезеңде департаментпен қаралған өтініштердің қорытындысы бойынша тұтынушыларға 14,6 миллион теңге қайтарылды. Биыл тұтынушылардың өтініштері бойынша бизнес субъектілеріне 101 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның 78-і сауда саласында, 23-і тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында болды. Тексерулер нəтижесінде 89 бұзушылық анықталып, 44-не ескерту түрінде, 35-не жалпы сомасы 1228,8 мың теңгеге айыппұл түрінде жаза қолданылды. Сондай-ақ 6 профилактикалық бақылау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді», – дейді Байқадам Еркінбекұлы. Жамбыл облысы бойынша сауда жəне тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, 2024 жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда биыл тексерулер 48,5 пайызға немесе 68-ден 101-ге дейін өскен. Соған сəйкес салынған əкімшілік жазалар 44-тен 89-ға, айыппұлдар сомасы 544,6 мыңнан 1228,8 мың теңгеге дейін ұлғайды.
Е.ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»