12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«Адам азды ма, заман азды ма білмедім?» – деп есіктен кіріп келе жатқан Қырау киімін шешпестен босағаға отыра кетті. Түрі шаршаңқы. Сақал-мұрты өсіп, екі күнде жиырма жасқа қартайып кеткендей көрінді жұбайы Ленаның көзіне. – Отағасы, осы жұмысыңды қойсаң қайтеді? Жұмысыңа барған сайын үйге көңілденіп кірген күніңді көргенім жоқ осы он жыл ішінде. Қазір менің табысым да жаман емес. Мұғалімдердің жалақысы көтеріліп қалды. Басымызда қарызымыз да жоқ. Сен үйде жат. Қиын заманда мені таршылық көрсетпей осы күнге жеткіздің, енді менің кезегім келді. – Мен жұмыстан кетсем жауапкершіліктен қашып, ол араға кім бара қояды дейсің? Осы сен басында менің сол жұмысым үшін ұнатып тұрмысқа шықпадың ба? «Саған осы форма жарасады, осылай жүрші» – деп қиылушы едің ғой, ЖенПИ-дің алдында гүлімді ұстап барған әр кезімде. Соңғы бірнеше айдан бері неге ойың өзгеріп сала берді? Соны түсіндірші. – Айтпаса да түсінікті. Соңғы болып жатқан жайлар есімді шығарып жіберді, – деп балалар жатқан бөлменің есігіне қарады, сөзімді тыңдап қоймасын дегендей. – Шәйің, тамағың дайын ба өзі? Айтар сырыңды ас бөлмеде айтарсың. Мен осылай босағада отыра бермейтін шығармын? Лена жеңіл қозғалып келіп, күйеуінің сыртқы киімін алып, іліп жатты… * * * – Кеше қала сыртынан табылған қыздың мүрдесінің кім екені анықталды ма? – ДНК сараптамасын жігіттер түнімен жүргізді, байқұс қыздың денесі ештеңе қалмай жанып кеткен. Бұл өзі осы айда табылған үшінші мәйіт. Үшеуін де істеген бір адам деп ойлаймын. Ал ана Иван үш қылмыстан үш түрлі сипат тауып отыр. Бірақ, қандықол қарақшының үшеу емес, біреу екені анық. Себебі: бірінші құрбанын үлкен тас жолдың бойында бауыздап, зорлап, бөлшектеп кейбір дене мүшесін алып кеткен. Біз нақты сенімді емеспіз, мүмкін бұл адам ағзасын саудалайтындардың іс-әрекеті болар деп, бүкіл емханаларды аралап шықтық. Тағы бірі, ескі су қоймасының қасынан басы жоқ он алты жастағы қыздың мәйіті табылды. Онда зорлық-зомбылықтың анық нышаны байқалады. Біз енді бұны – педофилдердің ісі деп жүргенімізде, қырықтан асқан мына әйелдің өлі денесін қала сыртындағы атбалдан таптық. Лена, сен айтшы осындай жауыздыққа кімдер барады?! Анадан тумағандар ма? Адамдар неге қатал, қатыгез болып барады?! – Қырау, сен шаршадың. Алдыңдағы асты ішіп болып, дем ал. Мен генетикалық зертханада істейтін құрбыма хабарласып көрейін. Ол да бұл жайдан хабардар. Түсте кездескенде, бірдеңеден күмәндағандай болған. Ойын ашық айтпады… – Неден күмәнданды екен? – Білмедім… Сен жатып демал, саған тыныштық керек. Ерлі-зайыпты екеуі дастарқандағы тамақтарын үнсіз ішіп, орындарынан тұрды. Қаладағы күнара болып жатқан үрейлі оқиғалар екеуін де абдыратып тастаған. Әсіресе, бұл Қыраудың өмірлік тәжірибесіндегі шиленіскен алғашқы қылмысы. Бар ойы таңертең ерте тұрып, орталық архивтерден бұл қылмысты дәл осыған ұқсас өткен ғасырдағы болған оқиғалармен салыстырып көруді жөн деп ойлап жатып, көзі ілініп кетті. * * * Бүгін сондай мәз, анадан қайта дүниеге келгендей. Дастарқанда неше түрлі тағамдар: самса, манты, қуырылған ет. Тағамдардан тартынбай алып отырыңыз, – деп қояды Иван қасындағы жолдасы Қырауға. Қырау аузына бір түйір ет салып жіберіп, дәмін алып біраз отырып, етті жұтпай ненің еті деп ишара танытты. – Бұл ма? Түйеқұстың еті. Өткенде алдырып едім, шет елден келген достарыма. Сен Ленаның жоғалып кеткеніне қапаланба, ол аман-сау табылады. Тартынбай астан алып, жеп отыр. Мен қазір… Сендер, қазақтар сорпаны жақсы көресіңдер ғой, мен алып келейін, отыра тұр. Қыраудың бар ойы әйелінде… Ұялы телефоны өшіп тұрғанына бақандай бүгінмен бесінші күн. Тау-тасты, орман, суды, қаланың Лена барады деген жерлерінің бәрін сүзіп шыққан. Ойы тұманданып, өзін тамұқтың ортасында қалғандай сезініп отыр. Иванның әріптесі келіп, бұл доңыздың сорпасы емес, адамның сорпасы дегенде шашалып қалардай болып, аузына салған мантыны лоқсып құсып тастады. «Қалжың, қалжың бұл түйеқұстың сорпасы» дегенде барып, бір кесе сорпа ішіп қана қойды да, сағатына қарап: – Кеш болды, үйіме қайтам, – деп кетіп қалды. Иван шығып бара жатқан Қыраудың артынан қараған қалпы үнсіз тұра берді… * * * Тағы да күнтізбе парағының бір күні артта қалды. Таңғы бесте безілдеген қоңырау дыбысынан оянып кетті. Жасанды бассейннен адам денесі табылды деген соң жұмысқа жан ұшырып келген беті осы болатын. Иванның сол баяғы сабырлы мінезі, қызметтік көліктің қасында тұр. Қырауға қарап: – Оқиға орнына кеттік, – деп машинасын от алдыруға оқталды. Ол да жолдасының ойын ұққандай тез жүрейік деп шылымын тұтатып, көлікке отырды. Жол бойы үшінші рет шылым шекті. Иванға қарап, тіпті болмаса, Ленаның өлі денесін тапсам да разы болар едім деп бір қойды. Иванда үн жоқ. Екі көзі алдында, сұлап жатқан тас жолда. Қалалық қылмыс бөлімі мен сот сарапшылары бұлардан бұрын оқиға орнына келіп алыпты. Бәрінің түсі бұзылып боп-боз болып кеткен. Адам баласын осындай жауыздыққа барады деп ойламаған болса керек. Бассейннің жағасында жатқан басы мен қол-аяғы жоқ әйел мүрдесі. Көрген жан баласы бұл көрініске шыдап тұра алмас. Иван Қыраудың қасына келіп: – Сен жақындамай-ақ қойшы. Жүрегің ауырып, езіліп жүрсің.

Қақпа алдындағы кездесу

Абай облысындағы Қылмыстық атқару жүйесінің №21 мекемесінде «Қақпа алдындағы...

Сотталғандар арасында діни сауаттылықты арттыру

2024 жылы 14 қараша ҚАЖ Департаменті #3 мекемесіне Дінді...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

Сот ісін жүргізудегі қазақ тілінің қолданысы

Мінекей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 30...

Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезі

Ағымдағы жылдың 4 қазанында Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне...