Соңғы үш жылда Шымкентте 150 млрд теңгенің 40 индустриялық жобасы іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Биыл іске қосылған ең ірі жобалардың қатарында ірі өндіріс орындары да бар. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында есеп берген Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков баяндады.
QazAlpack – жылына 2,2 млрд дана алюминий құты шығаратын өндіріс, Sauran Bricks – 300 мың м³ газдалған бетон өндіретін жаңа зауыт. Инвестор қызығушылығын арттыру үшін қалада екі жаңа индустриялық аймақ салынып, тағы үш аймақ кеңейтілген. Алдағы жылдары бұл аймақтарда 900 млрд теңгенің 300 жобасы жүзеге асырылып, 13 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Ірі инвестициялар жылыжайлар, мұнай-химия, қалдықты энергияға айналдыру жобасына бағытталып отыр. Соңғы үш жылда Шымкентке 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Әкімдік әзірлеген жаңа пулда 4,6 трлн теңгенің 221 жобасы бар. Ең ірі жобалардың бірі – Alsera KZ түрік компаниясының 650 гектар аумақтағы алып жылыжай кешені. Бүгінде оның алғашқы 42 гектары өнім бере бастады. Ал еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі – Шымкент МӨЗ 2030 жылға дейін қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттырғалы отыр.
Шымкентте шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Белсенді кәсіпкерлік субъектілері 128 мыңнан 141 мыңға өсті. Биыл кәсіпкерлердің 1971 жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Кәсіпкерлерге арналған 45 мың м² өндірістік алаң– «Промпарк» жобасы аяқталып, онда 50 шағын өндіріс орналасты. Осының арқасында тұрғындарды жұмыспен қамтуды да ілгерілеушілік бар. Мәселен, биыл 34 мың адам тұрақты жұмыс тапты.


