12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Өкініш

– Мына қыз бүгін тағы да үйге қонбады. Жасы болса жиырма бестен асты. Босқа сенделмей тиетін күйеуіне тиіп кетсе жөн болар еді, – деп күңкілдеген Райхан ана кіші қызына іштей қапаланып жүр. Ерке қызының жұмыс десе жұмысы бар. Көркі де елден кем емес. Алдыңғы екі қызы он сегізден асқанда-ақ көштен қалып қоятындай оқуларын тастай салып тұрмысқа шығып кетіп еді, мынауының асығар түрі жоқ. Тіпті соңғы кездері елмен араласудан қалып бара жатқандай. Үйге келсе тығылып бөлмесінен шықпайтын әдет тапқан. Жарқылдап көпшіліктің ортасында жүретін қызының бұл қылығы ұнамай-ақ жүр. Күндіздің өзінде бөлмесінің есігін іштен іліп, тым-тырыс жатып алатынын қайтерсің. Жын ұрған ба? Әлде жасы келген сайын қыздардың осылай кісікиіктеніп кететіні рас па екен…

Көркемінің кейде құрбыларына кеттім деген сылтаумен үйге кеш оралатынын білетін анасы бұл күнді жайбарақат өткізді. Қызының тосын қылығына әбден үйренген ғой. Бірақ, кеш түскен сайын алабұртқан ана жүрегі бір жамандықты сезгендей байыз тауып отыра алмаған. Содан жанталасып үлкен қыздарына қоңырау шалды. Қиналғанда осылай хабарласып, қыздарын бір қозғап қоятын әдеті. Алайда Көркемнің мінезін білетін Жанар мен Жаухар да бұл алаңдады деп алып-ұша қойған жоқ. «Ақылы бар қыз ғой. Келер» деді екеуі де жайбарақат. Иә, келер… Бірдеңеге арандамай келсе екен әйтеуір…

Содан көзі ілініп кетіпті. Аулаға шығып бара жатыр екен дейді. Табалдырықтан аттай бергенде басына әлдене құлап түскендей болды. Ойпыр-ай, бұл не деп қарманып қараса, жылда үйге ұя салатын қарлығаштың екі балапаны екен. Басым кетпейін дейін артқа шегінген әйел балапандарды ұясына салмақ болған. Жүндері енді жетіліп келе жатқан құс баласы неткен сүйкімді. Еңкейген әйел балапандарды қолына ала бергенде байқады, біреуі төбеден құлағанда өліп қалған екен. Ал екіншісі аузын қайта-қайта ашқанымен, басын көтеруге дәрменсіз. Қап, обал болды-ау. Енді қанаттарын қатайтып қалған кезде анасына қиын болды-ау… Көкірегін өкініш қысқан ана қарлығаш-ананың күйін ойлап көз жасына ерік берген…

…Райхан күбірлеп жатып оянып кеткенде жастығы кәдімгідей дымқылданып қалыпты. Терезеге қарап еді, таң қылаулап атып келе жатыр екен. Таң алдында көрген түсін қайта есіне алған әйел дәл кіре берістегі шатырға қоныстанған қарлығашты бір қарап қоймақ болды. Мына түс бекер емес. Тұмсықтарын ашып, анасының жолын аңдыған балапандарды көршінің мысықтары аңдып жүрмесін. Сыртқа шығып еді, шатыр шетіндегі ұя анық көрінді. Күн көкжиектен енді көтеріліп келе жатқанымен, қос қарлығаш көрінбейді.  Тұмсығын көкке көтерген балапандар таңнан тамақ іздеп кеткен ата-анасын күтіп отырған сияқты.

Балапандар қызын есіне түсірді… Есікті әдейі кілттемеген ана Көркемнің бөлмесіне жеткенше асыққан. Бұл ұйықтап қалғанда келген болар ботасы. Бірақ, қызының төсегі сол жиналған қалпы тұр екен.

Қорыққан әйел тағы да үлкен қыздарға хабарласқан. Тек осыдан кейін ғана анасының алаңының бекер еместігін түсінген қыздар, сіңлілеріне дамылсыз телефон соқты. Еститіндері «абонент байланыс аясынан тыс жерде». Тыс жерде болғанда, қайда? «Мына қыз бізді ойламаса да, анасын ойлап бір хабарласып қоймайды екен ә» деді екеуі ашуланып. Таң атқан соң Көркемнің құрбыларына да, жұмыстағы әріптестеріне де қайта-қайта хабарласқан. Көрдім, білдім деген біреуі жоқ.

Көңілге күмән түсіретіні – Көркем бүгін жұмысқа бармаған. Тек әріптесінің бірі таңертең «мен бүгін жұмысқа бара алмаймын» деген хабарлама алған болып шықты. Осыдан кейін анасының үйіне келген екі қыз қаладағы аурухананың барлығына, тіпті мәйітханаға дейін сұрау салып көрді. Жоқ. Еш жерден қыздың дерегі шықпады. Амалы таусылған олар ақыры аудандық ішкі істер бөліміне барып, шағым жазған еді. Полицияның тәртібі бойынша азаматтарды іздеу үшін үш күн болмауы керек. «Сіздер арыз жазып жүргенде, құдалар үйлеріңізде тосып отырмасын» деп бұлардың уайымын азйтпақ болған кезекші түрлі оқиғаларды айтып, үміттендіріп-ақ жатыр.

           Алайда, үміт ақталмады. Жақындары келер деп күткен қыздан бір күннен кейін де, бір аптадан кейін де хабар болмады. Өлді деген дерек тағы жоқ. Жандары қысылған қыздар жалғыз қалған аналарының жанына кезек-кезек келіп, жан жарасын басқысы келеді. Әзірге оларынан көмек болмай тұр.

           Он екінші күн дегенде Көркемнің денесі табылды. Қала шетіндегі ескі саяжайлардың бірінде асылған қызды бақшаларын жөндеуге келген жандар көріп қалған екен.

–Үйге бір зат керек болған соң саяжайға жалғыз келгем. Қоршауым сол қалпында тұр екен. Қажетті затты алып шығып бара жатқанымда моншаның ашық қалғанын көзім шалды. Жауып кете қояйын деп барғанымда ар жағынан асылып тұрған қызды көрдім, шошынып қалдым, полиция мырза, – деген меншік иесі полиция мен жедел жәрдем келгенше орнынан қозғалмағанын айтты.

           Қол сөмкеден табылған құжаттар бойынша қыздың Көркем Қорғанқызы екенін анықтаған ізкесушілер алдымен марқұмның жақындарына хабарласып, мәйіттің дерегін білмек болды. Шақыртумен жеткен ана мәйіттің бетін ашпай-ақ шетке шығып қалған қолдардан өзінің қызын бірден таныды. «Ақыры, осылай өлдің-ау, жап-жас болып неге өлімге асықтың», – деген ана қызының өзге қолдан өлмегеніне сенімді еді. Өйткені, осыған дейін де Көркемді туыстары ажалдан аман алып қалған болатын. Жігітімен келіспеген ерке қыз былтырғы жылы да өзіне қол салмақ болған жерінен құтқарылған. «Осыны  мамандарға көрсетіп, ақыл-кеңесін алған дұрыс-ау», – деп жүрген ана кешіккеніне өзін кінәлі санап жанын қоярға жер таппады.

           Сол күні кезекші топ оқиға орнын зерделеп, қыздың мәйітін сараптамадан өткізуге кірісіп те кетті. Бір қарағанда қыз бұл жерге өз аяғымен келіп асылып өлген тәрізді. Алысқан, жанталасқан, қарсыласқан белгілер де көрінбейді. Моншадан табылған бірнеше саусақ ізін сараптамаға жіберген сақшылар аулаға дейін кірген көлік ізін де суретке түсірді. Саяжай иесі қыстан бері үйіне бірінші рет келдім дегенімен, оның көлігінің дөңгелегімен қабаттаса түскен іздер бұған дейін тағы бір көліктің аулада болғанын айғақтайды. Мұндай жерден куәгер табу да оңай емес.

Айналадағы саяжайларды аралап көрген тергеуші тілге тартар адам кездестірмеді. Қар ерігенімен, күн жылына қоймаған бұл маңға әлі көпшіліктің келе қоймағаны түсінікті. Сараптама шыққанға дейін «Қыз бұл жерге қалай келген?» «Оны бұл әрекетке итермелеген не?» «Жанында ешкім болмады ма?» деген сұрақтарға жауап іздеген тергеуші Көркемнің жақындарын, құрбыларын, әріптестерін сөзге тартып көрді.

–Ол бірдеңеден қысылып жүретін. Жанында жақсы жанның барынан бәріміз хабардар едік. Өйткені, мейрамды жалғыз өткізбейтін, үнемі бағалы сыйлықтар алатын.   Бірақ, неге екенін онысын жасыруға, жария етпеуге тырысатын. Тіпті, «мен дұрыс істеп жүрген жоқпын, үйдегілер біліп қойса не болар екен» деп бір сырын бірнеше рет айтуға оқталды да, кейін өзгеріп қалды. Мен де сосын аса құмартып сұрай қойған жоқпын, – деді Мадина Көркем туралы қойған сауалға. Және қыз өз құрбысының денесінің дәл осы саяжайдан табылу себебін де ашып берді.

–Сол маңда Көркемнің әпкесі Жанардың саяжайы бар. Саяжай деген аты болмаса үйді толық жөндеуден өткізген. Барлық жағдай қарастырылған. Үйдің кілті үнемі Көркемнің қолында болатын. Қыздар оңаша бас қосатын кезде осы жерден табылатынбыз, – деген қыз ортақ достарының аттарын айтып, Көркемнің соңғы күндерінен біраз мәлімет берді.

Осыдан кейін не де болса саяжайды көрмек болған тергеуші Жанардан «біздің осы баспанамыздан басқа меншігіміз жоқ» дегенді естігенде таңқалған. Сонда қалай? Көркемнің өтірік айтқаны ма? Сонда меншіктің шын иесі кім? Демек, саяжайдың иесін тапсақ, құпияның шеті де көрінуі мүмкін ғой.

Қазіргі бау-бақша қауымдастықтарынан мәлімет алу оңай емес. Бірінен соң бірі ауысқан қауымдастық төрағаларын табу да жеңіл болмады. Ақыры, іздеген адамымен екінші күн дегенде тілдесудің сәті түсті-ау. Көзілдірігін түзеп қойып, үлкен дәптерді парақтаған төраға «ол жер негізі В.Седовтың атында. Бірақ, осыдан төрт ай бұрын Қайсар Құрамысов деген жігіт сатып алған. Анасының атына рәсімдеймін деп құжаттарын жинап жүрген» деді.

Құрамысов, Жанар Құрамысова… Сонда қалай болғаны? Көркемнің жұмбақ жаны өзінің туған жездесі болғаны ма?

… Өзіне келген тергеушіні Қайсар Құрамысов орнынан тұрып қарсы алды. Иненің көзінен өткен жігіттің сұрақтарға жауабы дайын екен. Саяжай туралы әйелінің неге білмейтінін, кілттің Көркемнің қолынан табылуын түрлі себептермен түсіндіріп берген оны сөзден ұстау мүмкін емес еді. Осыдан кейін қыздың туыстары секілді «өз еркімен асылып өлді» дегенге өзін сендіре бастаған тергеуші сараптаманың нәтижелерін ғана күткен-ді. Міне, қызық! Сарапшылар моншадан Көркемнің бір де бір саусақ ізін таппаған болып шықты. Ең сорақысы, өлер алдында ұйықтатын дәрінің көп мөлшерін ішкен қыздың аяғы ауыр болып шықты. Ендеше, Көркем өз еркімен өлді деуге себеп жоқ! Оны алдын ала ұйықтатып, қарсылықсыз денені біреу асып кеткен болып отыр ғой. Дөңгелектердің де сәйкессіздігін дәлелдеген сараптама қорытындысы қолда тұр. Көңіліндегі күмән қайта тірілген тергеуші бірден Құрамысовтың көлігін тексеріп, дөңгелегін сараптамадан өткізуді тапсырған. Жұмысты тездеткен ізкесуші сарапшылар «іздер бір-біріне сәйкес келеді» дегенде кеше ғана жорғалап жауап берген Құрамысовтың кеңсесіне құстай ұшқан.

Жайбарақат отырған жігіт мұны көріп сасып қалды. Төпелеп қойған сұрақтардан одан сайын есі шыққан ол көлігінің неге Көркем өлген жерден табылғанын айта алмай күмілжи берген. Үстелге сарт еткізіп қойылған сарапшы қорытындысы ғана жігіттің тілін шығарғандай.

–Иә, мен кінәлімін, – деді бар болғаны.

… Дәрі ішіп көз жұмбақ болған Нәзерке аман қалғаннан кейін қатты өзгеріп кетті. Туыстарын тыңдаудан қалды. Түнделетіп көше кезіп жүргені. Ішімдікке де әбден әуес болып алды. Оған Жанар да қатты алаңдайтын. Бірде сіңлісінің жылап хабарласқанын айтқан Жанар Қайсарға түнгі клубқа барып Көркемді алып қайтуды өтінген. Барды, аяғынан тұра алмайды. Сүйрелеп жүріп қызды көлікке әкелген жігіт өзіне қайта-қайта жабысқан балдызынан басын алып қашумен болды. Үйіне жеткенше құшағына ұмтылған қыз есінен әбден тандырған. Бұл да еркек емес пе? Сол бір сәтте өзінің мына қызға жақын жан екенін, үйде оның туған әпкесінің өзін  тосып отырғанын бір сәт ұмытты. Есірік сезім сол күні екі туысты төсектес етіп үлгерді…

Одан кейін де екеуі бір-бірімен кездесіп қалмауға тырысып, бойларын аулақ салып жүретін. Бірақ, тағы бір тойдан қайтқанда Көркем мұны өзі шақырды. Екеуі тағы да ұяттан аттады. Кейіннен ешкімге білдірмес үшін саяжайдан үй алды. Оны жөндетті. Сол жерде екеуі оңаша кездесетін. Ешкім білмейді деген сырлары жария болатынын Көркем сол қаралы күні естіртті. Екіқабат екен. Әрине, бұдан. Көркемнің баланы алдырғысы келетін ойы да байқалмайды. Тіпті, «әпкемнен қорқып тұрсың иа», деп мұны кекетіп те өтті. Ойланатын уақыт бар ма? Шұғыл шешім қабылдаған Қайсар Көркемнің тамағына да, шарабына да ұйықтататын дәріні молынан қосты. Сосын қолына арнайы медициналық қолғап киген ол былқ-сылқ еткен денені шеттегі бір саяжайдың моншасына асты да кетті. Көлік іздерін жаңбыр шайып кетер деп үміттенген. Табиғат көмектеспепті.

Қолына кісен салынған Қайсар өзіне емес, жұмбағын жаппағаны үшін табиғатқа өкпелі сияқты. Ал, бір күнде сіңлісінен де, күйеуінен де айрылған Жанар кімге ренжиді?

Нұршат Өтеулиева

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...