Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының заңдарында реттелмеген бөлігінде әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді. Қазақстан Республикасының аумағында әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, осы Кодексте айқындалады. Егер осы Кодексте өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ережелері қолданылады. Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізуді реттейтін өзге де заңдарының ережелері осы Кодекске енгізілуге жатады. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары әкімшілік және әкімшілік-процестік құқықтың құрамдас бөлігі болып табылады.
Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы № 5 Нормативтік қаулысы.
Әкімшілік істер бойынша сот актілерін шығаруды регламенттейтін Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) нормаларын дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсініктемелер беруге қаулы етеді.
ӘРПК-нің 18-бабының бірінші бөлігіне сәйкес бірінші сатыдағы сот әкімшілік істер бойынша сот актілерін шешімдер мен ұйғарымдар нысанында, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар қаулылар мен ұйғарымдар нысанында қабылдайды. Бірінші сатыдағы соттың дауды мәні бойынша шешетін сот актісі шешім нысанында шығарылады. Шешімнің мазмұны туралы ӘРПК-нің 152-бабының талаптары іс жүргізудің барлық түрлері (жазбаша, ауызша) үшін міндетті. Соттың шешімі кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады. ӘРПК-нің 151-бабының бірінші бөлігіне сәйкес шешім қысқаша нысанда шығарылуы мүмкін. ӘРПК-нің 153-бабына сәйкес қысқаша шешім кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
Тараптар соттың қысқаша шешімі табыс етілген кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде толық шешімді дайындау туралы өтінішхат беруге құқылы, оны сот осындай өтінішхат келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде дайындауы тиіс. ӘРПК-нің 1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) ережелері қолданылады.
АПК-нің 27-1 және 28-1-баптарында облыстық және оған теңестірілген соттың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төменгі тұрған соттардың іс жүргізуіндегі біртекті істердің бірін (талап қоюдың нысанасы мен негіздері бойынша, субъектілік құрамы бойынша ұқсас) талап ету, өзінің іс жүргізуіне қабылдау, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарау және шешу құқығы бекітілген. ӘРПК-де көрсетілген рәсім реттелмеген, осыған байланысты АПК-нің нормалары қолданылуға жатады. Жоғары тұрған соттың істі талап етіп, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарауы үшін іс жүргізуінде іс жатқан сот тараптардың жазбаша келісімін алуға міндетті. Егер тараптардың бірінің келісімі болмаса, сот істі талап ете алмайды. Бір текті істердің бірін талап ету және оны қарау туралы мәселеге жоғары сатыдағы сот, іс жүргізуінде іс жатқан сот, сонымен қатар тараптар не тараптардың бірі бастамашылық етуі мүмкін. Бір текті істердің бірі бойынша шығарылған шешімді соттар АПК-нің 226-бабы 5-1-бөлігіне сәйкес пайдалануы мүмкін.
ӘРПК-нің 24-бабының бірінші бөлігінің және АПК-нің 35-бабының 3-1-бөлігінің ережелерін ескере отырып, АПК-нің 27-1 және 28-1-баптарында көзделген соттылыққа сәйкес әкімшілік істерді қарауды және шешуді жоғары тұрған соттарда судья жеке-дара жүзеге асырады. Облыстық және оған теңестірілген соттың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қаралған істерге қатысты шығарған шешімі ӘРПК-нің 152-бабының және АПК-нің 226-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Шешім Қазақстан Республикасының атынан заңға және нақты іс бойынша сот анықтаған фактілерге қатаң сәйкестікте шығарылады. Шешімнің мәтінінде: оқиғалар мен мән-жайлардың артық нақтылануына; дауға қатысы жоқ құқық нормаларына дәйексөз келтірілуіне; ресми құжаттарда қолдануға болмайтын қабылданбаған қысқартулар мен сөздерді пайдалануға; сотта айтылмаған түзетулерді енгізуге жол берілмейді. Шешімнің мәтінінде аббревиатура алғаш рет аталған кезде оны таратып жазу қолданылуы мүмкін. Шешім бөгде адамдардың қатысуын және кеңесу құпиясын жария етуді болдырмайтын жағдайларда шығарылады. Шешім жазбаша нысанда жазылады және әдетте, компьютерлік тәсілмен бір данада дайындалады. Шешім қолмен немесе машинкада жазу тәсілімен дайындалуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның көшірмесі компьютерлік тәсілмен дайындалады. Компьютерлік тәсілмен дайындалған шешім Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітетін заң техникасы мәселелерін және сот актілерін жасау өлшемшарттарын регламенттейтін құжаттарға сәйкес ресімделеді.
Осы тұрғыда, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жедел кеңесінде жас судьялармен сот актілерін дұрыс жасақтау, шешімнің мазмұнын тараптарға түсіндіру, сот актілерін жасақтау әдістері, сот актілерінің мерзімдерін сақтау, талап қою нысанасы, сот шешімінің кіріспе, сипаттау және қарар бөліктерінің мазмұнын заң нормаларын қолдана отырып дұрыс жасақтау, сондай-ақ олардағы анық қате жазулар мен арифметикалық қателерді түзетіп отыру, қосымша шешім шығарудың тәртібі т.б талқыланып отырады.
Статистикалық мәлімет бойынша әкімшілік сотта 2025 жылдың 1-тоқсанында 99 шешім шығарылып, оның 62 шешімі қанағаттандырылды, 37-і бас тартылды.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы Анар Шекенова