Қазақстанда құқықтық реформалардың маңызды бағыттарының бірі — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау. Осы тұрғыда (ӘРПК) ерекше рөл атқарады. 2021 жылы күшіне енген бұл кодекс әкімшілік әділет жүйесіне тың өзгерістер әкеліп, азамат пен мемлекет арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге көтерді.
ӘРПК-нің басты мақсаты — мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне қатысты дауларды әділ, ашық және тиімді қарау. Бұрын мұндай істер азаматтық процестік тәртіпте қарастырылса, енді әкімшілік сот ісін жүргізудің дербес жүйесі қалыптасты.
Кодекстің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі — соттың белсенді рөлі. ӘРПК бойынша судья істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеп, шындықты анықтауға тікелей қатысады. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтеді және формализмді азайтады.
Сонымен қатар, дәлелдеу міндетінің бөлінуі де өзгерді. Енді азамат емес, мемлекеттік орган өз шешімінің заңдылығын дәлелдеуге міндетті. Бұл — азаматтарға үлкен жеңілдік беріп, олардың құқықтық қорғалу деңгейін арттырады.
ӘРПК-де «азаматқа қолайлы шешім» қағидасы енгізілген. Егер заң нормалары әртүрлі түсіндірілуі мүмкін болса, ол азаматтың пайдасына шешілуі тиіс. Бұл — құқықтық мемлекет қағидаттарының нақты көрінісі.
Тағы бір маңызды жаңашылдық — сотқа дейінгі рәсімдердің дамуы. Кейбір дауларды сотқа жеткізбей-ақ, мемлекеттік орган деңгейінде шешуге мүмкіндік қарастырылған. Бұл сот жүктемесін азайтып, дауларды жедел шешуге ықпал етеді.
Қорытындылай келе, ӘРПК — Қазақстандағы әкімшілік әділеттіліктің жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат. Ол азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл — әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадам.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Табанов Серік


