2026 жылғы 10 сәуірде Джордж Мейсон университетінің Джимми және Розалин Картер атындағы Жанжалдарды талдау және шешу мектебінде (АҚШ) өткен «Картер мектебі докторанттарының зерттеу симпозиумы 2026: ТДМ 16» Халықаралық ғылыми симпозиумында Нархоз университетінің өкілдері жоғары деңгейде баяндама жасап, Қазақстан ғылымының әлеуетін халықаралық аренада лайықты таныстырды.
Аталған симпозиумға әлемнің жетекші университеттерінен бар болғаны 36 жас зерттеуші іріктеліп алынды. Қатысушылар қатарында George Mason University (АҚШ), Université de Montréal (Канада), Johns Hopkins University (АҚШ), University of San Diego (АҚШ), King’s College London (Ұлыбритания), Carthage University (АҚШ), University of Notre Dame (АҚШ), Kennesaw State University (АҚШ), American University (АҚШ), University of Glasgow (Ұлыбритания), Georgetown University (АҚШ), University for Peace (Коста-Рика), Duke University (АҚШ), Brandeis University (АҚШ), Ohio University (АҚШ) және басқа да беделді жоғары оқу орындары болды. Бұл симпозиумға қатысу үшін үміткерлер ғылыми ұсыныстарын ұсынып, зерттеулерін халықаралық талаптарға сай қорғап, қатаң іріктеуден өтті.
Нархоз университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің оқытушылары – ассистент-профессор Смаилова Айжан Болаткановна, аға оқытушы Абдикадырова Жанар Болатовна және «Мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасының докторанты Темирханова Сауле Умербаевна онлайн форматта өз ғылыми баяндамаларын таныстырды.
Атап айтқанда, Ж. Абдикадырова гендерлік саясаттың бейбітшілік пен институционалдық тұрақтылыққа ықпалын талдады. А. Смаилова діндер арасындағы диалогтың халықаралық саясаттағы рөлін қарастырды. С. Темирханова білім беру арқылы тұрақты даму құндылықтарын тарату мәселесін көтерді.
Баяндамалар ғылыми қауымдастық тарапынан қызығушылық тудырып, қатысушылар панельдік сессия барысында белсенді сұрақтар қойып, пікірталас өрбіді. Ғалымдардың айтуынша, бұл симпозиум – зерттеулерді апробациялаудың, халықаралық ғылыми пікір алмасудың және кәсіби дамудың маңызды алаңы болды.
Нархоз университетінің халықаралық деңгейдегі белсенділігі кездейсоқ емес. Университет БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» (UNAI) бағдарламасы аясында Тұрақты даму мақсаттарының 16-мақсаты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бойынша Ғаламдық хабтың вице-төрағасы болып ресми түрде тағайындалған. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы жоғары оқу орны үшін үлкен жетістік.
Нархоздың ТДМ 16 аясындағы рөлі: 1500-ден астам университет арасынан іріктеліп, құқық үстемдігі мен тиімді институттарды дамыту бағытында көшбасшылық таныту; халықаралық деңгейде, соның ішінде Еуропалық парламент алаңында білім беру бастамаларын ілгерілету; азаматтық сана мен жауапкершілікті қалыптастыратын білім беру бағдарламаларын енгізу; Орталық Азияда ТДМ хабын дамытуға үлес қосу.
Бұл жетістіктер Нархоз университетінің жаһандық ғылыми және білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып, оның 2030 жылға дейінгі БҰҰ күн тәртібіндегі стратегиялық рөлін айқындайды.
Абдикадырова Ж.Б.,
Нархоз университетінің Құқық және мемлекеттік
басқару мектебінің аға оқытушысы


