Әкімшілік сот ісін жүргізуде жұмыс беруші немесе жұмысшы мен мемлекеттік органның арасында еңбек қатынастарынан туындайтын дау қаралады.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі — Еңбек кодексі) 186 — бабының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еңбекке жарамсыздыққа не қайтыс болуға әкеп соққан, еңбек міндеттерін орындауға байланысты жұмыскерлер, жіберуші тараптың жұмыскерлері денсаулығының зақымдануы, егер олар жұмыс орнында болған жұмыс уақыты ішінде, жұмысы қызмет көрсету объектілері арасында жүріп-тұрумен байланысты жұмыскер, жіберуші тараптың жұмыскері бара жатқан жолда, оның ішінде жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың тапсырмасы бойынша бара жатқан жолда, сондай-ақ еңбек міндеттерін орындау кезінде іссапар уақытында орын алған болса, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынады.
Еңбек кодексінің 189-бабының 5-тармағында көрсетілгендей, комиссия жиналған құжаттар мен материалдар негізінде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептерін айқындайды, жазатайым оқиғаның жұмыс берушінің өндірістік қызметімен байланысын және тиісінше, зардап шеккен адамның оқиға орнында болуы оның еңбек міндеттерін орындауы екені түсіндірілгенін анықтайды, жазатайым оқиғаны еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде немесе еңбек қызметіне байланысты емес жазатайым оқиға ретінде сыныптайды, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды айқындайды және өндірістегі еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың себептерін жою және алдын алу жөніндегі шараларды белгілейді.
Еңбек кодексінің 190 – бабына сай ауыр зардаптарға әкеп соққан, адам өлімімен аяқталған және еңбек қызметіне байланысты топтық жазатайым оқиғалар арнайы тергеп-тексерілуге жатады.
Акт тергеп-тексеру материалдарына сәйкес және комиссия мүшелері көпшілігінің пікірлері ескеріле отырып ресімделуге тиіс.
Егер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия өрескел абайсыздық зиянның туындауына немесе оның ұлғаюына себеп болғандығын анықтаса, онда комиссия тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданады және жұмыскер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындайды.
Еңбек кодексінің 190 — бабының 3,4- тармақтарына сәйкес тергеп-тексеру нәтижесімен келіспеген немесе еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы акт уақтылы ресімделмеген жағдайда, зардап шегушінің немесе оның сенім білдірген адамының, жұмыскерлер өкілінің жұмыс берушіге жазбаша өтініш беруге құқығы бар, ол он жұмыс күні ішінде олардың өтінішін қарауға және мәні бойынша шешім қабылдауға міндетті.
Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, ресімдеу және тіркеу мәселелері бойынша келіспеушіліктерді: 1) жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы келіспеушілік жағдайында мемлекеттік еңбек инспекторы немесе сот; 2) жұмыс беруші, жұмыскер мен төмен тұрған мемлекеттік еңбек инспекторы не қауіпті өндірістік объектілерде болған оқиғалар кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспектор арасындағы келіспеушілік жағдайында тиісті жоғары тұрған мемлекеттік еңбек инспекторы немесе сот қарайды.
Мемлекеттік еңбек инспекторының еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру мәселелері жөніндегі шешімі еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша қорытынды түрінде ресімделеді.
Сот практикасынан мысал, жұмысшы Ш, «Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік) еңбек шартына және бұйрыққа сәйкес маусымдық жұмысқа автокөлік жүргізушісі болып жұмысқа қабылданған.
Ш алюменотермиттік дәнекерлеу жобасының басталуына байланысты 2022 жылғы 14 қазаннан бастап 14 желтоқсанға дейін Серіктестіктің басқа аймақтағы рельс дәнекерлеу кәсіпорны филиалына іс-сапарға жіберілген.
Осындай іс-сапарға дәнекерлеу жұмысының бақылаушысы, дәнекерлеушілер, дәнекерлеушінің көмекшілері, тағы басқа мамандар жолданған.
Ш. жұмысына 2022 жылғы 1 қарашадан бастап жұмысшылар бригадасын жұмыс орнына тасуға кіріскен.
2022 жылғы 6 қарашада түстен кейін, 15 сағат 00 минут шамасында алюменотермиттік дәнекерлеу жұмыстары барысында балқытылған шлак құйылған ыдыс жарылып, Ш. денсаулығына зақым алған.
Дәрігерлік кеңес комиссиясының қорытындысына сәйкес Ш. «екі жақ бет, екі жақ көз аймағы, оң жақтағы самай, маңдай және білезік буыны аймақтарының химиялық күйігінің 2-3 дәрежесі, екі жақты көздің мүйізді қабығының химиялық күйігінің 3-4 дәрежесі» диагнозы қойылып, алынған зақым «ауыр дәрежедегі жарақат» деп танылған.
Еңбек инспекциясы басқармасының бұйрығымен ауыр жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру үшін арнайы комиссия құрылған.
Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісіне сәйкес, комиссия «жазатайым оқиға еңбек қызметіне байланысты және жазатайым оқиға туралы акті ресімделіп, тіркелуге және есепке алуға жатады, кінә дәрежесі: жұмыс беруші — 40%, жұмыскер — 60%» деген қорытындыға келген.
Көрсетілген актімен келіспей, жұмысшы Басқармаға шағымданған.
Мемлекеттік еңбек инспекторының міндетін атқарушының қорытындысымен жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Ш. сотқа жүгініп, онда жазатайым оқиғаны арнайы тергеп — тексеру комиссиясының 2022 жылғы 6 қарашадағы актісін заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген, онда дәнекерлеу жұмыстарына көмектескенін, оны жауапты тұлға — бригада басшысының тапсырмасымен жүзеге асырғанын көрсетіп, бұл жерде өзінің кінәсі жоқ болғандықтан, жұмыс берушінің кінәсі — 100%, жұмысшының кінәсі 0% — деп анықтауға міндеттеуді сұраған.
Дауланып отырған актіде жұмыс берушінің тарапынан жұмыс жүргізудің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы, жұмысшы тарапынан өрескел абайсыздық орын алғаны көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот, жұмыс беруші тарапынан еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуына да жол берілгендіктен, жазатайым оқиғаның жұмыс орнында, жұмыс уақытында орын алғанын және соның салдарынан жұмысшының денсаулығына ауыр зардап келгенін (көздің мүйізді қабығы химиялық күйік алған) ескере отырып, сот жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісіне кінә дәрежесі бөлігінде өзгерістер енгізу қажет деген тұжырымға келген.
Сонымен қатар, сот талап қоюшының жазатайым оқиға орын алуына кінәсінің жоқ екені туралы уәжін негізсіз деп санаған, себебі Еңбек кодексінің 181 — бабының 2-тармағына сай жұмысшы да өз тарапынан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, қағидалардың және нұсқаулықтардың талаптарын сақтауға міндетті болып табылады деп көрсеткен.
Соттың шешімімен 2022 жылғы 6 қарашада «Т» ЖШС-нің қызметкері Ш.-мен болған жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісінің 6.2 — тармағы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Сот Еңбек басқармасына арнайы тексеру актісіне жұмыс берушінің кінә дәрежесі 60%, қызметкердің кінә дәрежесі 40% деп көрсете отырып, тиісті өзгерістер енгізуге міндеттеген.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сотымен алқасының қаулысымен сот актілерінің арнайы тексеру актісіндегі жұмыс берушінің кінә дәрежесі 60%, қызметкердің кінә дәрежесі 40% деп көрсеткен бөлігі, жұмыс берушінің кінә дәрежесі 100%, қызметкердің кінә дәрежесі 0% деп өзгертілген.
Сот алқасы келесідей негіздер бойынша шешімді өзгерту туралы тұжырымға келген.
Еңбек кодексінің 23-бабы 2 — тармағының 1), 10), 25) тармақшаларына сәйкес, жұмыс беруші Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының, өзі шығарған актілердің талаптарын сақтауға; жұмыскерлерді жабдықпен, аспаптармен, техникалық құжаттамамен және еңбек міндеттерін атқару үшін қажетті өзге де құралдармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыруға міндетті болып табылады.
Еңбек шартымен жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру міндеті көзделген.
Дәнекерлеу жұмыстарында жарылу мүмкіндігі, яғни айналасындардың өмірі мен денсаулықтарына зиян келтіру қаупі бар құрал-саймандарды транспортқа тиеу, тасымалдау, транспорттан түсіру, пайдалану кезінде ол жұмыстарға арнайы рұқсаты бар жұмысшылар тартылуы керек. Бұл жұмыстар ерекше бақылауға алынып, қауіпсіздік ережелері қатаң сақталуға, бөгде адамдарды ондай жұмысқа тартуға тиым салыну тиіс.
Сот алқасы, Серіктестік болса дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысында жұмысшылардың өмірі мен денсаулықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген, сондықтан жазатайым оқиғаға жұмыс беруші ғана кінәлі болып танылуы тиіс деген тұжырымға келген.
Сондықтан, еңбек дауларын қарау кезінде жұмыс беруші мен жұмысшының міндеттеріне назар аудару керек, олардың тарапынан еңбек қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету мәселесі жіті зерделенуі тиіс.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 73-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті, бұл туралы әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.
Әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала шешімге қарсылықты алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде оны беруге немесе білдіруге құқылы.
Осылайша, тексеріс тағайындау алдында еңбек инспекторлары тыңдау әкімшілік рәсімге қатысушылардың қатысуымен тыңдау рәсімін өткізу қажет.
Себебі ӘРПК-пен көзделген рәсімдердің жүргізілмеуі, тиісті түрде өткізілмеуі кейін шығарылған әкімшілік актінің күшін жоюға негіз болуы мүмкін.
Судья А. Абилгазина


