Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес әкімшілік акт ұғымы – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.
Әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске ағымдағы жылдың басынан өзгерістер енгізіліп, әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкілігі қағидатымен толықты.
Аталған қағидат әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруда бірыңғай стандарттарды қамтамасыз етуге бағытталған.
Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкілігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау заң нормаларымен Қазақстан Республикасының Үкіметіне жүктелген.
Аталған әкімшілік қағидатты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 28 ақпандағы қаулысымен «Әкімшілік органдардың әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру жөніндегі қызметін жүзеге асыру қағидалары» бекітілді.
Қағиданың талаптарына сәйкес, әкімшілік органдар:
— әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкілігін қалыптастырады;
— әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібі туралы ақпаратты қамтитын әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру жөніндегі нұсқаманы әзірлейді;
— әкімшілік актілердің үлгілік нысандарын (үлгілерін), бланкілерін әзірлейді және бекітеді;
— әкімшілік органдардың басшылары біртипті мәселелерді шешу және әртүрлі әкімшілік актілерді қабылдау жағдайлары мен себептерін анықтау үшін нақ сол құқықтық нормаларды қолдану мәселесі бойынша әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілерге талдау жүргізеді;
— әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға қатысатын жұмыскерлерді үнемі оқытып тұру және олардың біліктілігін арттыру шараларын қабылдайды;
— заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде заңсыз деп танылған әкімшілік актілердің және іс-әрекеттердің үлесін жыл сайын төмендетуге бағытталған нысаналы индикаторларды өздері үшін айқындайды.
Үкіметтің қаулысын қабылдау заңнаманы қолданудың бірыңғай стандарттарын белгілеуге, әкімшілік шешімдердің болжамдылығын арттыруға, әкімшілік тәжірибені жүйелеуге, сондай-ақ әкімшілік актілердің орындалуына мониторинг пен бақылауға ықпал етеді деп күтілуде.
Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкілігі қағидатын әкімшілік әділетке енгізу мемлекеттік органдардың жұмысының ашықтығын арттырады, құқықтық сенімділікті нығайтады, әкімшілік рәсімдерді оңтайландырады және мемлекеттік органдарға халықтың сенімін арттырады деген сенімдеміз.
Түркістан облысы мамандандырылған
Ауданаралық әкімшілік сотының
Судьясы Мекембай Гульмира Мекембайқызы