Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі мәтін бойынша – ӘРПК) 107 — бабына өзгерістер 2025 жылғы 01 наурызынан бастап қолданысқа енгізілді — бірнеше жауапкерге талап қою жауапкерлердің біреуінің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін. Осы бапқа сәйкес іс соттылығына жататын бірнеше сот арасындағы таңдау талап қоюшыға тиесілі болады.
Талап қоюшы, осы Кодекстің 102-бабының үшінші бөлігіндегі, 103-бабындағы, 105-бабының бірінші бөлігіндегі, 106-бабының екінші және үшінші бөліктеріндегі тәртіппен қаралуға жататын істерді қоспағанда, әкімшілік іс сот отырысында талқылауға тағайындалғанға дейін эксаумақтық соттылықты, оның ішінде соттың іс жүргізуіндегі әкімшілік істер бойынша да таңдай алады.
Осылайша, ӘРПК-нің 107-бабына сәйкес талапкер эксаумақтық соттылықты (бұдан әрі — ЭС) таңдай алады, оның ішінде соттың іс жүргізуіндегі әкімшілік істер бойынша, әкімшілік іс сот отырысында талқылауға тағайындалғанға дейін.
ЭС мынадай жағдайларда қолданылмайды:
— Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 27-бабының 1-2-бөлігінде аталған инвесторлардың әкімшілік органдардың, лауазымды адамдардың әкімшілік актілеріне, әкімшілік әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау жөніндегі талап қоюы бойынша (ӘРПК-нің 102-бабының 3-бөлігі);
— Әскери соттар, егер әскери басқару органдары, әскери бөлім жауапкер болып табылса, мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың талап қоюлары бойынша (ӘРПК-нің 103-бабы);
— Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істер бойынша (ӘРПК-нің 105-бабының 1-бөлігі);
— Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде шығарылған әкімшілік акт астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралуға жатады (ӘРПК-нің 106-бабы 2-бөлім);
— Электрондық құжат нысанында шығарылған әкімшілік акт талап қоюшының тұрғылықты (орналасқан) жері бойынша қаралады (ӘРПК-нің 106-бабының 3-бөлігі).
Талап қоюшының эксаумақтық соттылықты қолдану туралы арызы болмаған кезде судья ақылға қонымды мерзімде келіп түскен әкімшілік іс бойынша соттың іс-әрекеттері және алдын ала тыңдау тағайындау туралы ұйғарым шығарады, онда талапкерге аумақтан тыс соттылықты қолдану мүмкіндігі туралы түсіндіреді.
Эксаумақтық соттылықты таңдау талапкердің құқығы болып табылады, бұл ретте жауапкердің келісімі талап етілмейді. Алайда, талапкер бір іс бойынша эксаумақтық соттылықты бір реттен артық қолдана алмайды, сондай-ақ қалаған сотты өз бетінше таңдауға құқылы емес.
Осылайша, эксаумақтық соттылық талапкерге, мысалы, жауапкердің орналасқан жері талапкердің сот төрелігіне қол жеткізуін қиындататын жағдайларда немесе басқа себептермен соттылықты өзгертуге мүмкіндік береді.
Мәселен, Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2025 жылдың наурызы мен маусымы аралығындағы кезеңде 3 әкімшілік істе эксаумақтық соттылықты қолданды:
— «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті» РММ-не ЖШС-нің нұсқаманың күшін жою туралы талабы бойынша;
— «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті» РММ-не ЖШС-нің жазатайым оқиға бойынша Мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талабы бойынша;
— Жеке тұлғаның сот орындаушыға тыйым салынған мүлікті бағалау жөніндегі маманның қатысуы туралы қаулының күшін жою туралы талабы бойынша.
Сулейменова Бакытгуль Жанузаковна
Қарағанды облысы мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының судьясы