2025 жылғы наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік процестік кодексіне (бұдан әрі – ӘРПК) эксаумақтық соттылық институты енгізіліп, талап қоюшыларға соттылықты өздерінің таңдауына мүмкіндік берілді. Атап айтқанда ӘРПК-нің 107-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, талап қоюшы, осы Кодекстің 102-бабының үшінші бөлігіндегі, 103-бабындағы, 105-бабының бірінші бөлігіндегі, 106-бабының екінші және үшінші бөліктеріндегі және 25-тарауындағы тәртіппен қаралуға жататын істерді қоспағанда, әкімшілік іс сот отырысында талқылауға тағайындалғанға дейін эксаумақтық соттылықты, оның ішінде соттың іс жүргізуіндегі әкімшілік істер бойынша да таңдай алады.
Эксаумақтық соттылық институтын енгізудің басты мақсаты — сот төрелігін жүзеге асыруға қоғамның сенімін арттыру; әкімшілік және өзге де сыртқы факторлардың соттарға ықпалын барынша азайту; әкімшілік дауларды қарау кезінде объективтілік пен бейтараптылықты қамтамасыз ету; сот ісін жүргізуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қосымша тетіктерін енгізу.
Эксаумақтық соттылықты енгізу азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыруға, оларға процестік икемділік пен сотқа жүгінуге мүмкіндік береді.
Талап қою сотқа түскен кезде әкімшілік іс сот отырысында талқылауға тағайындалғанға дейін сот талап қоюшыға оның эксаумақтық соттылықты таңдау құқығын түсіндіреді. Эксаумақтық соттылықты таңдаған талап қоюшының өтініші түскен жағдайда, әкімшілік іс жүйе арқылы автоматты түрде соттың жүктемесін ескере отырып бөлінеді. Талап қоюшы өз ісін қарауды қалайтын сотты өз бетінше таңдай алмайды, істі қарайтын сотты ақпараттық жүйе автоматты түрде анықтайды.
Соттың эксаумақтық соттылық тәртібімен талап қоюды беру үшін сотты таңдау талап қоюшының айрықша құқығы болып табылады және оған жауапкердің, сондай-ақ сот процесіне өзге де қатысушылардың келісімі талап етілмейді. Алайда, талап қоюшы талап қоюды беру кезінде эксаумақтық соттылықты бір рет таңдай алады.
Дегенмен, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына түскен әкімшілік істер бойынша талап қоюшылар эксаумақтық соттылықты таңдау құқықтарын аз пайдаланатыны байқалады. Айта кетер болсақ, 2025 жылғы түскен әкімшілік талап қоюдың 2 іс бойынша талап қоюшы эксаумақтықты таңдаған болса, ал ағымдағы жылдың 7 айында барлығы 3 әкімшілік іс эксаумақтық соттылық бойынша жолданған.
Сондықтан, талап қоюмен әкімшілік сотқа жүгіну кезінде эксаумақтық соттылықты таңдау құқығын тиімді пайдалану қажеттігін талап қоюшыға түсіндіреміз.
Түркістан облысының манадандырылған
Ауданаралық әкімшілік сотының судьясы
Гульмира Мекембай


