Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті, жоғары кәсібилікті және азаматтарға адал қызмет етуді талап ететін ерекше сала. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі мен біліктілігімен қатар, оның әдеп нормаларын сақтауы, мінез-құлқы мен қарым-қатынас мәдениеті де ерекше маңызға ие.
Әдеп – адамның қоғамдағы және қызметтегі мәдениетін көрсететін негізгі құндылықтардың бірі. Әсіресе мемлекеттік қызметші үшін әдеп қағидаларын сақтау – тек белгіленген талаптарды орындау ғана емес, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастыратын маңызды фактор.
Сот әкімшілігі жүйесінде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі одан да жоғары. Себебі сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен тікелей байланысты. Сондықтан сот әкімшілігі қызметкері әрбір азаматпен қарым-қатынаста сыпайылық, сабырлылық, әдептілік және объективтілік танытуы қажет.
Мемлекеттік қызметші қызметтік міндетін атқару барысында өзінің жеке пікірін, эмоциясын немесе көзқарасын қызметтік қарым-қатынасқа араластырмай, заң талаптары мен кәсіби этика нормаларын басшылыққа алғаны жөн. Қандай жағдай болмасын, азаматтарды тыңдай білу, олардың өтініштеріне құрметпен қарау және мәселені шешу жолдарын түсіндіру – мемлекеттік қызмет мәдениетінің маңызды көрсеткіштері.
Әдеп талаптары тек жұмыс уақытында ғана емес, мемлекеттік қызметшінің қоғамдағы жалпы мінез-құлқынан да көрініс табады. Қызметші өзінің әрекетімен мемлекеттік органның беделіне әсер ететінін әрдайым есте ұстауы керек. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптың бірі – өз ісімен өзгелерге үлгі болу.
Бұл бағытта Әдеп жөніндегі уәкілдің атқаратын рөлі ерекше. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерге әдеп мәселелері бойынша кеңес беріп, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, қызметтік әдеп нормаларының сақталуына ықпал етуге бағытталған жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасында қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға, әдеп бұзушылықтарының алдын алуға және қызметтік қарым-қатынас мәдениетін арттыруға үлес қосады.
Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмысы тек орын алған жағдайларға байланысты әрекет етумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – құқық бұзушылық пен әдепсіз мінез-құлықтың алдын алу. Осы мақсатта түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, мемлекеттік қызметшілердің әдеп мәселелері бойынша сауаттылығын арттыру және ұжымда өзара сыйластық қағидатын қалыптастыру маңызды.
Қызметтік әдеп – ұжымдағы өзара құрмет пен сенімнің негізі. Әр қызметкер әріптесінің пікірін сыйлап, жұмыс барысында бір-біріне қолдау көрсеткен жағдайда еңбек ұжымында қолайлы орта қалыптасады. Мұндай орта өз кезегінде қызмет сапасына да оң әсер етеді.
Бүгінде мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап тек өз саласын жақсы білумен шектелмейді. Ол – заңды құрметтейтін, азаматтардың құқықтарына жауапкершілікпен қарайтын, мәдениетті, сабырлы және адал тұлға болуы тиіс.
Әдеп нормаларын сақтау – бір күндік міндет емес, ол күнделікті қызметтік мәдениеттің ажырамас бөлігі. Әр мемлекеттік қызметші өзінің әрбір сөзі мен әрекеті мемлекеттік қызметтің абыройына әсер ететінін сезінген кезде ғана қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімі нығая түседі.
Сондықтан әдептілік – қызметтік міндеттің қосымша бөлігі емес, мемлекеттік қызметшінің кәсіби келбетінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Ал осы құндылықтарды қалыптастыру мен сақтау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
ҚР Сот әкімшілігінің
Маңғыстау облысы бойынша
департаменті басшысының орынбасары,
әдеп жөніндегі уәкіл Берікқайыр Каженов


