Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарымыздың жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жататынын, олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтінін атап өткен болатын. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында Президент дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныс келтірді.
Жолдауда қойылған міндеттерді орындау мақсатында 2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданды.
Жаңа Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Сол жылдың шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің қолданысқа енуімен жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту мақсатында сот ісін жүргізудің жаңа институты пайда болды. Жаңа кодекс құрылымы бойынша екі бөліктен тұрады: бірі – рәсімдік бөлігі, екіншісі – сот ісін жүргізу бөлігі. Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап, уақтылы шешу болып табылады.
Күнделікті өмірде жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдардың қызметіне жүгінеді және олармен қарым-қатынас жасайды. Бұл қатынастардан даулардың да туындайтыны жасырын емес. Әлбетте, мұндай даулардың соңы сотқа шағымдануға ұласып жатады. Алайда көптеген азаматтар осындай жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде теңсіздікке тап болып жататыны жасырын емес. Бұған дейін мұндай даулар тараптардың теңқұқылығы жағдайында азаматтық процессуалдық ережелер бойынша қаралып келді. Алайда, мемлекеттік органмен жеке адамның арасында болатын дауларда жеке тұлға құқықтық жағынан әлсіз. Ал жаңа заңнама жария-құқықтық дауларда азаматтардың өз мүдделерін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде қорғай алуына барлық мүмкіндікті қарастырып отыр.
Пайымдағанымыздай, осы аз ғана уақыт ішінде cоттың белсенді рөлі, процестік мәжбүрлеу шаралары, дәлелдеу міндеті, сот бақылауы, татуластыру рәсімдері сынды жаңа заңнаманың жаңашыл қағидаттары әділдік іздеп сотқа жүгінген азаматтарға да, әкімшілік істі қарайтын судьяға да өз тиімділігін көрсетіп үлгерді деп ойлаймын.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің бастапқы ерекшеліктерінің бірі – әкімшілік іс талап қоюды беру арқылы іс жүргізуге қабылданады. Сонымен қатар, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында даулар қаралады. Сәйкесінше, сотқа берілетін талап қоюлардың дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау және тану туралы түрлері белгіленген.
Кодекстің 18-тарауына сәйкес, процестік мәжбүрлеу шараларын қолданады. Сонымен бірге, әкімшілік процеске қатысушылардың кейбірінің немесе өкілдерінің келмеуі істі толыққанды қарауға мүмкіндік бермейтіні сотпен танылған, талап қоюдың нысанасы мен негізі өзгерген, процеске жаңа қатысушылар тартылған жағдайларда талқылауды кейінге қалдыруға болады.
Жаңа заңға енгізілген басым жаңашылдықтардың бірі — әкімшілік процеске қатысатын тұлғаларға процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану- 1) ескерту; 2) сот отырысы залынан шығарып жіберу; 3) ақшалай өндіріп алу.
Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай-ӘРПК) 127 бабы негізінде ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады.
Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі.Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарлана отырып, сот отырысында жүргізіледі.
Сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынады.
Әсем КАПАРБЕКОВА,
Шымкент қаласының
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы