12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ӘЗӘЗІЛДІҢ ОРАЛУЫ

Бостандыққа шыққан Владимир Бандураның тірлігі бір ілгері баспай қойды. Осыдан бір ай бұрын түрменің терезесінен телмірген ол «бостандық дәмін сезсем ғой, шіркін» деп қиялдаған. Ал бүгін керісінше, өзі туған қалада адымы қысқарып қалған сияқты. Кезінде осы қалада жалаң аяқ желмен жарысқан баланың бүгінгі бейнесіне күдікпен қарайтындар көбейген. Өзін тежемесе бұл қалада келеңсіздіктер сәт сайын алдын орайтынын іші сезеді.

Түңілу

Ол аздай үш жылғы үзілістен соң өзінің туған баласы мұны танымай қалғаны жанына қатты батты. Жұбайымен екі сағаттан астам әңгімесі – екеуінің ажырасуына апарып соқты. Бұл түрмеден келгенше өзіне ашына тауып алған әйелі Владимирге есік ашуға ниеттенбеді. Тек жасаған «қамқорлығы» екі бөлмелі пәтерді бөліске салмай-ақ, Бандураға қалдырған. Ызаға булыққанымен Бандура бәрін іштен тына тыңдап, үнсіз орнынан көтеріле берді. Көше бойында ұшырасқан таныс жандар өтірік бас шұлғып амандасқан қалып танытқанымен, мұнымен байланысқысы келмегендері байқалады. Мұңға батқан Бандура басы ауған жаққа жүре берді. Ащы арақтан тоқтамастан сімірген ол көпке дейін еңсе көтермеді. Аптадан астам араққа арланбай бас қойған оны жұбатқан да ешкім болмады. Көп ұзамай өзегін аштық жалай бастағанын сезген соң орнынан тұрып, сыртқа беттеген. Көлденең табыс тауып күн көруге ойы кеткенімен, арақтан қол үзе алмасын сезді. Күнде кешкілік бір жартыны құшақтап келмесе көңілі көншімейтін. Сырласар ешкім болмағандықтан еріксіз оңаша қапаланатын. Алайда, екі-үш стақан арақтан соң қайғыны ұмытып, жаңа өмір бастасам деген тәтті арман санасын қытықтай бастайтын… Шопан неден шошынды? Қаланың қарбаласқан тірлігі саябырсып, қазанның қара суығы араласқан қараңғылық кеші айналаны қымтай бастаған. Алдына отыз шақты қойын салып, артта қалған иттерін ысқырып шақырған малшы атын сипай қамшылап қала сыртындағы ауылға аяңдаған. Кенет артта шауып келе жатқан иті әлденеге қарап арсылдай жөнелді. Мұрнының астынан бұрқылдап боқтап жіберген ол ит жүгіріп жүрген маңайға ат басын бұрды. Қызығушылығы еріксіз аттан түсірген шопан қалың шөптің арасын ашып қарай берген. Қырау көмген шөптің арасында жартылай жалаңашталған әйел адамның мәйіті жатты. Қатты сасқан шопан кері құлап түсті… Оқиға орнына жедел топ пен сарапшылар келіп жеткенше айналаны қараңғылық қымтап алған еді. Қараңғылықтың төсін тіле жарқыраған шамдар мен прожекторлардың қуатына қарамастан оқиға орнында мардымды жұмыс жүре қоймады. Ешбір айғақ зат көзге шалынбады. Мәйітті әлдекім қорлап, кеудесіне пышақ сұғып азаптап өлтіргені анықталды. Сол күні түстен кейін жерге түскен жұқалтаң қар қылмыс ізін жасырып қалған. Сарапшылардың қолға іліктірер ешбір мәліметі болмағандықтан, өлімді тудырған екі себеп ерекше қарастырылды. Оның бірі өлім алдын ала жоспарланған. Екінші болжам бойынша өлім кісі өлтіруші мен жәбірленуші арасында болған даудан туған. Себебі, мәйіттің қанын тексеру барысында алкаголді ішімдік пайдаланғаны анықталған болатын. Мәйіттің қалтасынан ешқандай құжаттың немесе әйелдердің опа-далабының табылмауы қылмыскердің мұны әлдебір жерде өлтіріп, осында әкеліп тастауы мүмкін деген жорамалды алға шығарды. Қан ізін жасырып, мәйітті көктен тастағандай әсер қалдыра білген қылмыскердің әрекеті бұрын да түрме ботқасын жеген жан екенін айғақтағандай. Белгісіз жан Өлтірілген әйелдің дерегіне келгенде қиындық туды. Белгісіз әйелдің жоғалғаны туралы бірде-бір арыз жазылмаған. Ал өлім себебін зерттеу кезінде із кесушілерді оқиға орнында табылған мүшеқаптың (презерватив) бір қорабы күмәнді ойға жетелей түсті. Бір қызығы бұл затты қылмыскер пайдалануға асықпаған. Өйткені, ол сол бүтін қалпында қалған. Із кесушілердің санасынан осы бір жыныстық қатынастың құралы марқұм әйелге тиесілі болған деген ой сызылып тасталмады. Мүшеқаптың түр-түрін өздерімен бірге жеңіл жүрісті әйелдер алып жүретінін ескерсек, бұл көне кәсіптің иелері арасындағы ақша дауына қатысты өлім болуы мүмкін деген болжам да ізкесушілердің ойына орнықты. Келесі күні аулалық шолу ешбір мардымды нәтиже бермеген соң, мына қылмыс көше кезбелері арасындағы кісі өлімі деген тұжырымға шүбәсіз сендіре бастаған. Осы күдікке малданып қатарынан бірнеше күн бойы құқық қорғаушылар қаладағы ең үлкен Сейфуллин даңғылы бойын шарлап шықты. Мұнымен қатар жалдамалы тәуліктік пәтерлер мен қонақүйлер түгелдей дерлік тексерілгенімен, бәрібір іс нәтижесіз қалды. Өлтірілген әйелді жезөкшелер де, жеңгетайлар да жыға тани алмады. Көше «тұрғындары» әлдебіреудің өлтірілуі немесе зорланғаны туралы ешбір хабар естімегендерін айтып бақты. «Мылқау» өлім Қылмысты іс кезекті «мылқау» өлімнің қатарына енді. Мәйіттің табылғанына екі аптадан аса уақыт өтіп кетті. Осы уақыт ішінде полиция қызметкерлерінің арқасына қосымша тағы бір зілбатпан жүк қосылды. Бұл жолы жантүршіктірер қос қабат өлім тіркелді. Үйіне қонақтан кештете оралған анасы азаппен өлтірілген 8 және 10 жастағы қыздарының мәйітінің үстінен түскен. Жедел топ сарапшылары түсірген бейнекөріністі көргенде төбе құйқаң шымырламай қалмайды. Үйдің кең бөлмесі ортасындағы еден үстінде шалқасынан жатқан 8 жастағы қыздың тамағы орылған. Жанында қою қара қан қатқан. Оператор ақырын бейнетүсіру арқылы келесі бөлмеге өтті. Келесі бөлмеде азаппен жаны қиылған 10 жастағы сүйкімді қыздың мәйіті жатты. Осы бір сұмдық көріністен байқағанымыз, үйден көзге түсер елеулі ештеңе жоғалмаған тәрізді. Үй жиһаздары мен заттар жинақы. Соған қарағанда қауіпті қылмыскер қасақана кісі өлтіру мақсатында үйге енгені анық. Қыз балалар оны бұрыннан тануы ықтимал. Себебі, қыздардың есікті еркін ашуы, қылмыскер бұл үйге бұрыннан келіп кетіп жүрген жан болуы мүмкін деген жорамалды алға шығарды. Сарапшылар ылдым-жылдым қимылдап, үй жиһаздары мен есік тұтқаларында қалған саусақ іздері мен күмәнді заттарды тексеруге көшті. Терезе арқылы енген із де бар. Ең бастысы осы үй иелерінің жақын араласқан адамдары мен туыстары төңірегін тексеру міндеті тұрды. Із кесушілер алдымен өлтірілген қыздардың анасымен сөйлесуге ниеттенді. Алайда көпке дейін өзі-өзіне келе алмаған Шура мардымды ештеңе айта алмады. Көз жасын тоқтата алмаған әйелдің жан жарасын да түсіну керек. Дегенмен, Шураны сабырға шақырып, тергеу жұмысына көмектесетінін айтқан соң, әйел аз да болса жинақталып, қылмысқа қатысты күдік-күмәнін ой елегінен өткізе бастады. Бірақ күдіктенетін ешкімі жоқ. Күйеуімен әлдеқашан ажырасып кеткен. Оның бұл жерге келуі мүмкін емес деді әйел. Ал із кесушілер үйде қалдырылған ер адамның былғары күртешесін әйелге көрсеткенде, сасып қалған ол сәл мүдіріп барып «Дәл осындай күртеше сіңілімнің күйеуі Володяда болатын» деп қалды. «Жақын аралықта осы пәтерге ол келіп пе еді?» деген сауалға әйел оның көптен бері жоламай жүргенін жеткізді. Сондай-ақ, бұрын түрмеден шыққан соң бір мәрте келіп кеткенін айтты. Күдікті Уәкілдердің көзі бір нәрсеге анық жетті. «Зонадан» келген соң табан тірер тұрақ таппаған белгісіз жан қылмысқа қайыра соқты деген болжам шындыққа айналып бара жатқандай. Шамамен бір сағаттан соң қыздардың анасы айтқан мекенжайға ерекше мақсаттағы полиция отряды мен күшейтілген жедел топ келіп жеткен болатын. Нысандағы пәтерді жағалай қоршаған жедел топ қылмыскер алда-жалда оқ шығаруы мүмкін деп сақадай-сай тұрды. Бірнеше минуттардан соң ішінен ілінген есікті бұзып кірген арнайы топ қатты мас күйінде 6 жастағы баласын құшақтап ұйқыда жатқан Владимир Бандураның үстінен түсті. Не болғанын түсініп үлгермеген оның қолын қайырған жасақ көлікке апарып тығып, аудандық басқармаға жеткізді. Бандура қолға түскен сәтте оның пәтерінен із кесушілер қанға боялған бәтеңкесі мен жейдесін қоса тауып алды. «Сенікі ме?» деген сесті сауалға ол еріксіз басын шұлғи берді. Түкке түсінбеген ұлы әкесін мылтықты бетперделі адамдар айдап апара жатқанын көріп жылап жіберді. Алайда сәби жүрегі жауыз әкенің өрімдей жас ғұмырларды айуандықпен қиғанын білмеген еді. Бір сағаттан соң Бандура өзі қанды оқиға тудырған орында жасаған қылмысын жіліктеп айтып беріп тұрды. Қанды оқиғадан бір күн бұрын Бандура таңертеңнен әбден сілесі қатқанша арақ ішкен болатын. Түске жуық алдын ала дайындап алған «жартылары» таусылды. Сонымен бірге қалтасы да қағылған еді. Әбден масайып алған оның есіне әйелінің әпкесі түсті. Кезінде сол үйге біраз затын сақтауға қалдырған болатын. Қуанғанынан сонда беттеген. Көрші «комокқа» (шағын дүңгіршек дүкен) барып кепілге заттар тастап, арақ алуға ойы кетті. Құныққан Бандура қайын әпкесінің есігін көп қақпады. Әр жақтан кішкене қыздың даусы естілді. Бірақ өзара сөйлескен қыздар жуық арада есікті аша қоймады. Кейіннен тіпті үйде шешесінің жоқ екенін, керекті заттарына сонан соң келуін сұрап тұрып алды. Қыздардың жауабына қанағаттанбаған ол үйді айналып, терезені жұлып алып ішке енді. Володя ағайларынан мұндайды күтпеген қыздар үйдегі затты тек шешесінің рұқсатымен беретіндерін қайталай берді. Шифоньерге қол салған Бандураның білегіне жармасқан 10 жасар Настяны сілкіп қалғанда сонадайға ұшып түсті. Қайта ұмтылған қаршадай қыздың кеудесіне өзімен бірге үнемі алып жүретін кездігін бойлата салған. Бүктеле құлаған қыздың өлімін көріп тұрған Маша шошынғаннан сыртқа ұмтылған. Сүріне-қабына титтей қыздың сирағынан ұстап қалған ол асқан қатыгездікпен оның тамағынан пышақпен орып жіберді. Бар болғаны осы… Құлқынның құлы Арам пиғылды ол өзінің жиіркенішті құлқынының қамы үшін екі бірдей жас ғұмырды көктей солдырды. Кейінірек осы сұмдық оқиғаны жасау кезінде өз іс-әрекетіне есеп бере алмас масаң күйде болғанын жеткізді. Алайда қылмысты жасап болған соң оқиға орнында із қалдырмау үшін өзінің қолы тиген жердің бәрін сүртіп шыққан. Бұл өз ісіне есеп бере алмайтын адамның амалы емес еді. Бандура терезені ішінен жауып, есіктен жайлап шығып жөнеп берген. Ауыр кісі өлімін жасаған ол асығып жүріп, орындықтың арқалығына ілген күртешесін ұмыт қалдырды… Қос қабат кісі өлімінен соң еңсесін көтере алмаған Шура үйіне келген із кесушілерге мұң шағып, енді қалай өмір сүрерін білмейтінін айтады. Тіпті, туған сіңлісінің өзі біраздан бері келмей кеткенін айтты. Мұны естіген із кесушілердің есіне өткендегі әйел мәйіті орала кетті. Шамамен жарты сағаттан соң құқық қорғаушылар бақытсыз әйелге өткен жолы табылған мәйіттің фотосуретін көрсеткенде бейшара әйел есінен тана құлады. Үш бірдей ет жақынынан айырылу шынашақтай әйелге оңай тимеді. Жиілеп орын алған өлімнің жасалу амалдарын салыстыра отырып, тергеушіге істі тапсырған із кесушілер өлімді бір кісінің жасағандығын анықтап берді. Тергеуші алдында ұнжырғасы түсіп отырған Бандура ешбір заңнан қорқып отырмағанын байқатты. Оның ең бір зәре-құтын алатыны өлім болатын. Тергеушінің «өз іс-әрекетіңе есеп бере алмас жағдайда өлтірдің-ғой. Өлім жазасына кеспейді. Бәрін айта бер» деген сөзі жанына қуат бергендей болған Бандура жасаған іс-әрекеттерін түгел айтуға мәжбүр болды. Ол бостандыққа шыққан соң аздап «сілтеңкіреп» алып, ажырасуға уәде беріп қойған әйеліне қоңырау шалған. Бір сағаттай сөйлесіп әйелін кездесуге шақырған Бандура ақыры оны көндірді… Алматының шетіндегі қалың тоғайға бет алған олардың арасындағы әңгіме алдағы өмірлері төңірегінде өрбіді. Әйел болса, қайта қосылуға қарсы екенін ашық айтты. Табиғат аясындағы ерегеске толы әңгіме екеуін мәмілеге келтіре қоймады. Кездесулерін аздап «атап» өтуді ұсынған Владимир Бандураның өтінішіне үнсіз бас шұлғыған әйелдің ішімдікке іштей кет әрі еместігі білініп тұрды. Алайда бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы әңгіме ақыры жараспай жанжалға ұласып кетті. Біреуді тыңдауды, сынын қабылдауды ұмытқан Бандура соңғы кездері сөз көтере алмайтын болған. Бұрын алдында бас шұлғып отыратын әйелінің қайта-қайта сөзін бөліп, қарсы шығуы оның әбден жынына тиді. Басында тісін шықырлатып өзін сабырлы ұстаған ол артынша бәкісін шығарып сорлы әйелдің дәл жүрек тұсына құлаштай сілтеді. Қолын қанға малған ол сол мезетте сауығып шыға келді. Пышақ, бос шөлмек пен желім стақандарды суға лақтырып жіберіп, оқиға орнынан кетуге асықты. Бірақ ол сол сәтте қалтасынан түсіп қалған мүшеқапты байқамады. Бір аптадан соң бұрынғы енесінің үйінен ұлын алып кетті. Енесіне «Мария әлдеқайда жолаушылап бара жатып баланы өзің қарай тұр» деп айтып еді дегендей сылтау ойлап табады. Ал Марияның із-түзсіз жоғалғаны жайлы оның көңілдесі тіпті полицияға хабарлауды есіне де алмаған болатын. Осы бір қайғылы өмір сюжетін өрістеткен Бандураға 2000 жылы қалалық сот тарапынан ең жоғары үкім өлім жазасы тағайындалды. Соған қарамастан, қайғыдан баз кешкен Шура Алматыдан көшіп кетуге мәжбүр болды.

Арман ЖУСАНБАЙ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...